HRW Қазақстанды адам құқықтарын бұзды деп айыптады

Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін баспасөз еркіндігін шектеуде айыптап, елдің серіктес мемлекеттерін Астанаға халықаралық міндеттемелерді орындау үшін қысым жасауға шақырды.
Мәлімдемеге себеп болған жағдай — “Азаттық радиосының” (Радио Свобода / Радио Свободная Европа) қазақ қызметі журналистеріне аккредитация беруден бас тарту.
HRW бұл шешімді “тәуелсіз БАҚ-қа жасалған ашық шабуыл” деп бағалап, былай деді:
«Бұл шешім елдегі баспасөз еркіндігін жояды және Қазақстанның адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерін бұзады», - делінген ұйым мәлімдемесінде.
15 шілде күні «Азаттық радиосы» Қазақстан Сыртқы істер министрлігі тоғыз журналистке аккредитация бермегенін, ал маусым айында тағы жеті қызметкеріне, оның ішінде Алматы бюросының жетекшісіне де рұқсаттан бас тартқанын хабарлады. Қазіргі уақытта бұл журналистерге ел ішінде кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салынған.
HRW Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон бұл жағдайды тәуелсіз дауыстарды тұншықтырудың қауіпті деңгейге жетуі деп атады:
«Азаттық» Қазақстандағы жемқорлық, әлеуметтік теңсіздік, гендерлік зорлық-зомбылық пен саяси қуғын-сүргін сияқты ішкі БАҚ көбіне елемейтін немесе жазбайтын тақырыптарды көтеріп жүр», - деді ол.
Қазақстан СІМ-нің мәлімдеуінше, «Азаттық» журналистері аккредитациясыз жұмыс істеген, бұл — «БАҚ туралы» заңның 30-бабының 4-тармағына қайшы. Онда: «Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары мен шетелдік журналистер тиісті аккредитациясыз кәсіби қызметпен айналыса алмайды» делінген.
Алайда HRW мәліметінше, «Азаттық» аккредитация алуға 2024 жылдың ақпан айында, яғни алдыңғы мерзімнің аяқталуына екі ай қалғанда өтініш берген. Бірақ СІМ өтінішті дер кезінде қарап, шешім қабылдамаған. Салдарынан сәуірде аккредитация мерзімі өтіп кеткен, ал жаңа рұқсат берілмеген.
«Министрліктің аккредитацияға қатысты өтініштерді уақытылы қарамауы — журналистердің кәсіби қызметін шектеуге алып келді», - делінген HRW мәлімдемесінде.
11 шілдеде “Азаттық” мүддесін қорғайтын Құқықтық медиа орталығы атынан министрліктің шешіміне қарсы әкімшілік талап-арыз берілді. 17 шілдеде СІМ сот ұсынған медиация рәсіміне қатысудан бас тартты. Қазіргі уақытта іс басқа судьяға берілді, тыңдалым күні белгіленбеген.
HRW Қазақстан билігін бұл шешімді дереу жоюға және «Азаттық» журналистеріне аккредитация беруге шақырды. Ұйым халықаралық серіктестерді бұл мәселені Қазақстан үкіметінің алдына тікелей қоюға үндеді.
«Тәуелсіз журналистика қауіп емес. Оны қорғау керек, шектеу емес. Аккредитация журналистерді бақылауға немесе олардың репортаждарын тұншықтыруға құрал болмауы тиіс», - деді Уильямсон.