Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Талдықорғанның экс-полиция бастығының әйелі жәбірленушіні жалған куәлікке көндірмек болған

Күштібаев
Фото: ашық дереккөз

Талдықорған қалалық полиция басқармасының бұрынғы бастығы Марат Күштібаевтың әйелі жәбірленушіні жалған куәлік беруге көндіру үшін пара бермек болды деген күдікке ілінді. 

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлімдеді.

– Талдықорған қаласы полиция басқармасының бұрынғы басшысы Күштібаевтың зайыбына қатысты қылмыстық іс бойынша жәбірленушіні жалған айғақ беруге итермелеу мақсатында пара беру фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, - деді Бигайдаров.

Оның айтуынша, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.

Еске салайық, Марат Күштібаев қызметтік кабинетінде полицияға жеткізілген қызды зорлады деген күдікке ілігіп, кейіннен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. Бұл оқиға 2023 жылдың қарашасында қоғамда үлкен резонанс тудырды.

2024 жылдың 28 ақпанында экс-полицейдің соты жабық режимде басталды. Ал 30 сәуірде сот оны кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айырды.

«Сот үкімімен Қылмыстық кодекстің 120-бабы 2-бөлігі 5) тармағы бойынша (жәбірленушіге күш қолдану арқылы, қызметтік міндетін атқару барысында жасалған зорлау) кінәлі деп танылып, 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол 10 жыл мерзімге мемлекеттік қызметте лауазымды қызметтер атқару құқығынан айырылды. ҚК 49-бабының 1-бөлігіне сәйкес, оған берілген “полиция полковнигі” арнайы шені алынды», - деп мәлімдеді Талдықорған қалалық соты.

Оқиға 2023 жылғы 12 қарашада болған.

«Талдықорған қалалық полиция басқармасының бастығы бола тұра, полиция басқармасы ғимаратында, нақты айтқанда, өзінің қызметтік кабинетінде, жәбірленушіге күш қолданып, қызметтік міндетін атқару барысында зорлау қылмысын жасаған», - деп нақтылады сот.

Тегтер: