Сайғақ еті Қазақстанда бөлшек саудада сатылады

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, 2023 жылғы ащы тәжірибені ескере отырып, биыл сайғақтар санын реттеу мәселесіне анағұрлым жауапкершілікпен қаралған.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ет комбинаттарына кең ауқымды тексеру жүргізіп, олардың белгіленген көлемдегі өнімді қабылдауға дайындық деңгейін бағалаған. Қазіргі таңда 13 кәсіпорын тәулігіне 3700 бас сайғақты қабылдауға дайын. Бұл кәсіпорындарда етке барлық қажетті ветеринариялық-санитариялық өңдеу жүргізіледі.
Министр Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, ақбөкен еті толықтай заңды түрде өңделіп, ветеринарлық бақылаудан өткеннен кейін ғана сауда орындарына жіберіледі. Бұл – 2023 жылғы ұйымдастырудағы кемшіліктерден кейін қабылданған сақтық шараларының бірі.
— Ет барлық талаптарға сай ет комбинаттарынан өткізіледі. Қауіпсіздік қамтамасыз етіледі. Осылайша халықты жағымсыз салдарлардан қорғау көзделіп отыр. Ет бөлшек саудаға шығарылады, сонымен қатар бірнеше зауыт қайта өңдеуге дайын, — деді министр.
Журналистер сайғақ етін өңдейтін зауыттар қай өңірлерде ашылатынын да сұрады. Министрдің айтуынша, бұл — сайғақтар мекендейтін аймақтар: Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстары.
Сонымен қатар Ерлан Нысанбаев келесі аптада далалық зерттеу жұмыстарының нәтижелері белгілі болатынын және сайғақтарды реттеуге жататын нақты бас саны анықталатынын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда ақбөкен етіне қатысты бұрыннан пікірталас жүріп келеді. Бір тарап оны реттеу арқылы табиғи тепе-теңдікті сақтау маңызды десе, екінші тарап бұл жануарды жойылып кетуден қорғау қажет деген ұстанымда. Министрлік биыл бұл процесті ашық әрі ғылыми негізде жүргізуге уәде беріп отыр.