Kaspi Bank Перизат Қайраттың өтінішінен кейін қорға 620 миллион теңге аударған

Сот отырысында Kaspi Bank-тің заңгері Айдар Кісенбаев сөз сөйледі.
Оның сөзінше, 2024 жылдың 5 сәуірінде Перизат Қайрат банкке хат жолдап, халыққа көмек ретінде 120 миллион теңге сұраған. Үш күннен кейін тағы бір хат жіберіп, қосымша 500 миллион теңге бөлуді өтінген.
Банк басшылығы бұл өтініштерге оң көзқараспен қарап, жалпы сомасы 620 миллион теңгені «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорының есепшотына аударған. 1 шілдеде “Biz Birgemiz Qazaqstan 2030” қоры Kaspi Bank-ке алғыс хат жолдап, 30 маусымға дейінгі қаржының есебін бірге ұсынған. Құжатта 424 146 296 теңге қайықтар, генераторлар және жөргектер сатып алуға жұмсалды деп көрсетілген. Қалған қаражат азық-түлік пен өзге де қажетті заттарға бөлінгені айтылған. Кейін бұл есептің шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, бұл қаржыны қор басшысы Перизат Қайрат жеке пайдасы үшін иемденгені белгілі болды.
“Қазіргі таңда бұл қаражаттың ұйым басшысы тарапынан жымқырылғаны белгілі болды. Нәтижесінде Kaspi Bank-ке 620 миллион теңге көлемінде залал келді”, - деді Кісенбаев.
Заңгер банктің не себепті дәл осы қорға сенім артқанына да тоқталды.
“Ол кезде Jusan Bank 300 млн теңге аударғаны туралы ақпарат тараған. Біз де осы үлгіні негізге алдық”, - деді ол.
Кеше «Асар-Уме» қорының жетекшісі Перизат Қайраттың БАӘ-нің билеуші әулетімен байланысы бар екенін айтты. Сондай-ақ, кешегі сот отырысында Геннадий Головкиннің аты аталды. Тергеу мәліметінше, Қайрат тек 7 миллион теңгені ғана Палестинаға аударған.