Оңалту орталығында мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейді

Қамқорлық» корпоративтік қоры 2020 жылдың 7 ақпанында құрылған. Қор қызметінің бағыты әлеуметтік жобаларды жүзеге асыра отырып, ерекше күтімді қажет ететін балаларға қолайлы орта қалыптастыру, инклюзияны дамыту болып табылады.
Бүгінгі күні еліміздегі сау балалармен қатар, сал ауруына шалдыққан, аутизммен ауыратын бүлдіршіндерге тең жағдай қалыптастыру да – ұйымның мақсаты. Ашылған 2020 жылдан бастап 2023 жылдың екінші жартысына дейін еліміздің барлық облыстарында 30 реабилитациялық орталық ашылыпты. Мұның бәрі өңір-өңірдің, аудандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған кешенді шара болып табылады.
– 15 толыққанды реабилитациялық орталықтарымызда 8283 бала кешенді сауықтырудан өтсе, 422 сал ауруымен ауырған бүлдіршіндер бірінші қадамдарын жасады, яғни бірінші рет өз аяқтарымен жерді басты. 11 ерте араласу орталықтарында 2 072 бала емделіп, 282 бала алғашқы қадамдарынжасады. Ал мектеп базаларында ашылған инклюзияны қолдау кабинеттерінде сал ауруының жеңіл деңгейін еңсеріп, айығып кеткен 182 бала толыққанды мектепте білім алупроцесіне араласа бастады. Бұған дейін олар балалар үйінде оқитын. Аталған 4 аутизм орталығында 414 бала емнен өтті. Орталығымызда ем алу толығымен тегін. Кешенді сауықтыру бағдарламасы 21 күн. Ал аутизм орталықтары екі ауысымда жұмыс істеп, балалар мен ата-аналарға кешенді, толыққанды көмек береді, – дейді ҚР тұңғыш президенті қоры директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы. Аталған қор «Қамқорлықтың» құрылтайшысы болып табылады.
Аталған бастаманың сәтті жүзеге асырылуына жергілікті атқарушы билік, облыс әкімдіктері, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚатсалысып келеді. Соның ішінде әкімдіктер облыстарда қажетті ғимарат тауып, оның кешенді жөндеу жұмыстарына жәрдем берсе, «Қазақстан халқына» және «Самұрық Қазына» қорлары орталықтарға қажетті техникалар мен құралдарды сатып алуға демеуші болуда. Сондай жобалардың бірі – Жетісу облысында жақында ғана ашылған «Асар» оңалту орталығы.
Жақында ғана Талдықорған қаласында сөз болып отырған «Қамқорлық» қорымен бірлесіпаутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған орталық және мүгедектігі бар азаматтарға арналған «Асар» спорттық-оңалту кешені ашылды. Осы орталықтың негізін қалаушы Елдос Баялышбаевпен сөйлескен едік.
– Оңалту орталығына келетін ем алушылардың 80 пайызы ересектер, қалған 20 пайызы балалар. Негізі 1-2 жастағы бүлдіршіндеріміз де келіп қызмет алады. Ал толық кешенді ем алу 4-5 жастан басталады. Себебі біздің құралдарымыздың спецификасы сондай. «Асарды» ашу үшін 4 жыл бойы дайындалдық. Құрылыс жұмыстары, құжаттар, қаржы табу, құрал-жабдықтарға тапсырыс беруге біраз уақыт кетті. Олардың көбін шетелден сапалы нұсқаларына тапсырыс беру арқылы алдық. Оның ішінде Жапония, Испания, Ұлыбритания, Польшадан 7 түрлі құрылғыны алдырдық. Негізі жұмысқа ақпан айында кірісіп кеткен болатынбыз. Ал салтанатты ашылу рәсімі қыркүйекте өтті. Осы уақыт аралығында 320 шақты адамды қабылдап үлгердік. Болашақта жылына 400 адамға дейін қамтысақ деген жоспар бар. Ал қызметкерлер саны 30-дан асады. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар да баршылық. Мұндай азаматтарға жұмыс тауып беруге барынша тырысудамыз. Алдағы уақытта аудан-ауданнан осындай орталықтар ашып, емделушілерге арналған жатақхана салсам деген мақсатым бар, – дейді Елдос Баялышбаев.
Бүгінде Талдықорған қаласы бойынша 300 адамға, оның ішінде 54 балаға оңалту қызметі көрсетілуде. Әкімдіктің баспасөз қызметі берген мәліметтерге сүйенсек, бұдан бөлек Алакөл көлінің жағалауында 6-18 жас аралығындағы мүгедектігі бар балаларға арналған 35 орындық сауықтыру жазғы лагері ретінде жұмыс істей бастаған. Сонымен қатар келесі жылы Талдықорғанда 150 орындық оңалтуорталығының құрылысын бастау жоспарланып отыр екен.
Балауса Ділдәбек
Жетісу облысы