Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:29, 16 Наурыз 2024

Жер қозғалса қозғалмас Досаевтың үрей күшейткіш құрылғысы

Алматы
Фото: из открытых источников

Алматы қаласы әкімі аппаратының құтқару қызметі мемлекеттік сатып алу сайтында жалпы құны 105 млн теңге болатын бірнеше құрылғы сатып алуға үш лот жариялады.

Құтқарушылар сатып алғысы келетін құрылғыларға: үйінді астында қалған адамдарды іздеуге арналған бес радар, бес бейнеэндоскоп және топырақты зерттеуге арналған бес қондырғы кіреді. Байқауға қатысуға өтінімдерді алдын ала қабылдау 13-28 наурыз аралығында жүргізіледі.

Мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланған конкурста тапсырыс беруші «Алматы қаласы әкімі аппаратының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Алматы қаласының құтқару қызметі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны» деп жазылған. Тапсырыс берушінің өкілі сол мекеменің директоры – Жанмұрат Мұхамеджанов. Үш лотқа ашық конкурс жариялана салысымен оның суреттері әлеуметтік желілерде таралып, «Алматы әкімдігі алдағы жойқын жер сілкінісіне дайындалып жатыр» деген сөздің шығуына себеп болды. Бұл қала тұрғындарының арасында үрей туғызды. Жұрт арасында үрей тууына себеп болып тұрған тағы бір жайт, Алматы құтқару қызметі аталған құрылғыларға алғаш рет тапсырыс беріп отыр. Бұрын құтқару қызметінде мұндай құрылғылар болмаған. Сонымен бұл қандай құрылғылар, олар жер сілкінісі кезінде не үшін қажет екенін рет-ретімен баяндайық.

Үш лоттың бірі – бейнеэндоскоп. Алматы әкімдігі 5 дана құрылғыға тапсырыс берген. Жалпы сомасы 8 928 571 теңге. Бейнеэндоскоп дегеніміз – 7 дюймдік мониторы бар төтенше жағдайлар министрлігінің жедел әрекет ету қызметтеріне арналған телескопиялық бақылау жүйесі. Оның ұзындығы шамамен – 3,5 метр болады. Камера 360 градус панорамалау функциясымен жабдықталған. Құрылғы екі жақпен байланысуға мүмкіндік беретін құлаққап пен микрофоннан тұрады. Бұл техниканы құтқару қызметкерлері үйінді астынан тірі адамдарды табу кезінде қолданады.

Екінші құрылғы «байқаушы-радар» деп аталады. Мұның да бес данасына тапсырыс берілген. Сатып алынатын жалпы сомасы – 53 571 428 теңге. Байқаушы радар – әртүрлі құрылыс материалдарынан, мұздан, қардан қиранды астында қалып, төтенше жағдайларда зардап шеккен тірі адамдарды іздейді. Бұл құрылғы үйінді астына электромагниттік толқындар жібереді. Құрылғы адамдардың тыныс алуын да анықтайды. Тіпті ес-түссіз қалып, ақырын тыныс алып жатқан адамдарды да байқай алады. Радар басқару және дисплей панелінен, штативтен тұрады. Үйінділер арасынан адамдарды анықтау диапазоны 2-8 метр, анықтау дәлдігі 1-30 метр; үйінді бетін тексеру жылдамдығы 100 м2/сағ.

Үшінші құрылғы – топырақты барлап білуге арналған қондырғы. Бір данасы 8 625 000 теңге тұрады. Жалпы, 43 125 000 теңгеге бес данаға тапсырыс берілген. Құрылғының негізгі қызметі топырақ тығыздығын анықтауға арналған. Ғылым тілінде оны «статикалық зондтау» деп атайды. Бұл қондырғыны топыраққа күштеп кіргізіп, зондтың енуіне төзімділігін өлшейді. Осылай топырақтың инженерлік-геологиялық қасиеттерін анықтайды. Аспап топырақты табиғи күйінде зерттеудің негізгі далалық әдісі саналады, көбінесе 10-20 метр тереңдікті зерттейді. Бірақ құрылғы топырақ массасын анағұрлым тереңдікте зерттеуге де қабілетті. Топырақты барлап білуге арналған қондырғының – механикалық және электрлі дейтін екі түрі болады. Қазіргі күнде көбіне электрлі түрі қолданылады.

Алматы әкімдігі неге оянды?

«Жас Алаш» газеті бұл қандай құрылғылар, әкімдік не үшін сатып алып жатыр деген сауалдардың жауабын білу мақсатында Алматы әкімдігіне сауал жолдады. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, ашық конкурс арқылы құрылғыларды сатып алу жер сілкінісіне дейін, яғни 2023 жылы жоспарға енгізіліпті. Оларды сатып алу қазіргі жер дүмпулеріне еш қатысы жоқ екен.

«Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында кәсіпорынға былтыр 2024 жылдың соңына дейін бірнеше құрылғы сатып алуға қаражат бөлінді. Оның ішінде шатырлы лагерь, техника, гидравликалық авариялық-құтқару құралдары, үйінділер астында зардап шеккендерді анықтауға арналған аспаптар бар. Құтқарушылар әртүрлі табиғи және техногендік ТЖ кезінде жұмыс істейді. Сондай кездерде зардап шеккен адамның орналасқан жерін тез анықтау қажет. Мемлекеттік сатып алу сайтында көрсетілген радар мамандардың жұмысына қажетті көптеген құралдың бірі», – дейді Алматы әкімдігі өкілдері.

Алматыдағы жер сілкінісі қалалық ТЖД санасын да сілкінткен болу керек, кейбір жұмыстарды қолға ала бастапты. Алғашқы жер сілкінгенде ескерту дабылы іске қосылмай қалып, біраз сынға қалды, кейінгі жер дүмпуінде кешігіп қосылған еді. Енді олар жойқын жер сілкінісі қаупі төнген жағдайда қалада 843 дабыл қосылады деп сендіріп отыр.

«Қазір 33 мемлекеттік органдар мен ұйымдардың базасында 17 азаматтық қорғау қызметі құрылды. Жер сілкінісі бола қалған жағдайда баспанасыз қалғандарды қабылдайтын 384 пункт бар. Сонымен бірге, үйінділер астындағы адамдарды іздеу үшін жақсы үйретілген иттері бар 6 білікті кинолог жұмыс істейді», – дейді әкімдік өкілдері.

Құрылғы бар, маман жоқ

Ал ҚР Ұлттық ғылым академиясының сейсмология институтының негізін қалаушы, профессор Әлқуат Нұрмағамбетовтің айтуынша, Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті мұндай құрылғыларды сатып алудан бұрын ойлануы керек. Себебі аспаптарды сатып алу бір бөлек те, оларды іске қосу бір бөлек.

«Біздің заманда көп нәрсе жоқ еді. Алматыда 10-30 қабатты үйлер салынбайтын. Сондықтан халық 3-4 балл жер сілкінісін сезбейтін. Қазір халық сауатты, интернеттен бәрін біліп отыр. Оның үстіне 1,5 ай шамасында қалада екі рет жер сілкінді. Әлбетте, мұндай жер сілкінісінен соң тұрғындар әрбір жаңалыққа дүрлігіп қарайды. Кейінгі жер дүмпуі қалаға жақын жерде болды. Осының бәрін түсіндіріп айтатын маман керек. Сондай мамандарымыз болмай тұр. Алматыдағы ТЖД тотықұстың сайрауындай «жер сілкінісі болмайды» дегеннен басқаны айтпайды. Өйтіп сабырға шақырудың не қажеті бар. Халыққа ғылыми түрде нақты мағлұмат беру керек. Қала маңайында неге жер сілкінді? Зардаптары қалай? Соны айту керек қой. Төтенше жағдай министрлігіне президенттің өзі бағасын берді. 1 млрд-тан астам қаражатқа аспаптар сатып алыпты. Жер сілкінісін алдын ала ескерту құралы болады. Жер сілкінісі болатын аймаққа құрылғы орнатып, содан тараған толқынды электромагнитті жолмен қабылдап, толқын жетем дегенше оның қаупін жұртқа айту керек. Біздікілер соны да іске қоса алмай отыр.

12 наурызда Алматыдағы ТЖД-да жер сілкінісіне байланысты жиын өту керек еді. Мен сол конференцияда олардың құрылғылары не үшін істемей тұрғанын айтып, түсіндірейін дегенмін. Әлі хабар жоқ. Біздің қалалық ТЖД-да сейсмология саласының мамандары жоқ. Көп нәрсені білмейді. Қала әкімдігі тағы құрылғылар сатып алатын болыпты. Алматының жағдайы бөлек. Дұрыстап жұмыс істемесе болмайды. Қала басшылығы 28 нысанға құрылғылар қойыпты, бірақ біреуі де істемейді. Сатып аларда ойлануы керек қой», – дейді сейсмолог.

Бұрынғы Алматы қаласының ТЖД қызметкері Арман Өмірбаев та сейсмологтың сөзін қуаттайды. Ол да қала жер сілкінісіне дайын емес деп есептейді. Себебі оған маман күші мен техника жетіспейді.

«Жойқын жер сілкінісі бола қалса, салдары ауыр болады. Себебі 30 жылдағы жемқорлықтың арқасында сапасыз үйлер салынды. Оның бәрі қирайды. Айтуға денең түршігеді, бірақ көп адам қаза табатыны анық. Ашкөздігіміздің арқасында осыған жетіп отырмыз. Жемқор жүйе 30 жыл бойы болашағын ойлаған жоқ, мемлекеттің азаматын ойламады. Тек қалтасын қампайтты. ТЖМ ғана жемқор емес, архитектура, әкімдік, құрылыс саласы – бәрі былықты. Анаған ақша береді, мынаған ақша береді. Соның арқасында қаламызда сапасыз үйлер салынды. Солай Алматыда өзімізге өзіміз көр қазып жатырмыз. Мен жұмыс істеген кезде 2 рет қана сейсможаттығуға бардық. Себебі басшылық болашақты көрмейді. Біз себеппен емес, салдарымен күресіп үйреніп қалғанбыз ғой. ТЖМ деген апаттың салдарын жоятын министрлік емес, апатты алдын ала ескертуі қажет қой. ТЖМ-ның басты мәселесі – әлі ескі жүйемен жұмыс істеп отыр. Қазір интернет заманы. Блогерлермен бірігіп болса да жер сілкінісі туралы халыққа түсіндіру жұмысын жүргізуге болады».

Жалпы, ТЖМ басшылығына көптен бері сын айтылып келе жатыр. Бұдан бұрынғы министр Сырым Шәріпханов Алматыдағы хостел өрті кезінде «мұндай хостел барын білмей қалдым» деп айтып сынға қалған еді. 23 қаңтардағы жер сілкінісі кезінде де ТЖМ-ның дайын болмағаны министрге жығылғанның үстіне жұдырық болып тиді. Бір күннен кейін Алматыға келген президент Тоқаев оған: «егер жұмысыңызды ауыр санайтын болсаңыз, ашығын айтыңыз, ғылыми-оқытушылық қызметіңізге қайтарамыз» деп ескерту жасады. Мемлекет басшысынан мұндай ауыр сын естіген кадрдың сол қызметтегі ғұмыры ұзақ болмайтыны белгілі еді, арадан көп өтпей, ТЖМ-ға президент күзет қызметін басқарған Шыңғыс Әрінов министр етіп тағайындалды. Әкімдік айтқандай, қиранды астынан адамдарды іздеуге арналған құрылғыларды сатып алуды былтыр жоспарға енгізді ме, әлде, жаңа министр күзетшілік инстинкті оянып, сақ отырайын деп шұғыл сатып алуды тапсырды ма, ол жағы белгісіз.

Ұмытып барады екенбіз, қазір елдің ішін үрей кезіп жүр. «Бұдан да қатты жер сілкінеді». Әкімдіктің қиранды астынан адам іздейтін құрылғыға тапсырыс беруі бұл үрейді үдете түсетіні анық. Әкімдік бұл құрылғыны не үшін алғалы жатқанын да айтып қоймаса болмайтындай. Жалпы, Алматы әкімдігі себеппен емес, салдармен күреседі дедік қой жаңа, сол салдардың бірі – осы үрей. Елдің үрейін басу үшін де атқаратын жұмыс аз емес. Ал құрылғыға маманды қайдан табады, ол енді ұзақ, өте ұзақ әңгіме...

Тұрсынбек Башар