Қоғам

Сот қоғам белсіндісі Оразалы Ержановқа төрт жылға бостандығын шектеу жазасын тағайындады

Алматының Алмалы аудандық соты «Elge Qaitaru» қоғамдық қорының жетекшісі, заңгер Оразалы Ержанов ісі бойынша үкім шығарды.

Оразалы Ержанов сот процесі

Сот оны кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Сондай-ақ Ержановқа пробациялық бақылау белгіленіп, бес жыл бойы қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Сот оны Қылмыстық кодекстің 150-бабы 2-бөлігі – сайлау процесіне кедергі келтіру бабы бойынша айыпты деп таныды. Тергеу мәліметінше, Ержанов 2026 жылғы референдум қарсаңында әлеуметтік желіде бойкот жасауға үндейтін жазбалар жариялап, азаматтарды Орталық сайлау комиссиясына өтініш жолдауға шақырған.

Айыптау актісінде оның Facebook желісінде референдум тақырыбында белсенді пікір білдіріп, Конституция жобасына байланысты жиын өткізуге үндеу жасағаны да көрсетілген. Тергеу бұл әрекеттерді сайлау процесіне ықпал ету әрекеті ретінде бағалаған.

Ал Оразалы Ержанов өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын айтып, үкіммен келіспейтінін мәлімдеді. Ол апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді.

Оразалы Ержанов биыл ақпан айының соңында ұсталған. Алғашында ол 10 тәулікке қамалып, кейін сот санкциясымен екі айға қамауға алынған. Референдум өткеннен кейін оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз