Залужный Марьинка қаласын Ресей басып алғанын растады
Украина қарулы күштері бас командирі Ресейдің Донецк облысындағы Марьинка қаласын басып алғанын растады. Ол "Марьинка енді жоқ" деп, Украина әскерилері қаланың батыс жағына шегінгенін айтты, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
"Украина әскері шегінді. Кейбір жерде Марьинканың шетіндегі окопта, кейбір жерде одан әрі артқа шегінді" деді ол.
Бұған қоса, Залужный Украина әскері екі-үш айдың ішінде Авдеевкадан да айырылып қалуы мүмкін деп мәлімдеді.
"Біз үшін жеріміздің әр бөлшегі қымбар, күшіміз жеткенше қорғанамыз. Егер күш жетпесе адамдарды сақтап, кейін қайтарып аламыз" деді ол.
Кеше, 25 желтоқсанда Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Путинге берген есебінде Ресей әскері Донецк облысындағы Марьинка қаласына бақылау орнатты деген еді.
Марьинка қаласы үшін екі тарап он жылдан бері қақтығысып келеді. 2014 жылға дейін бұл қалада он мыңдай тұрғын болған, деп жазды Азаттық.
Қазір Украинадағы соғыста негізгі шайқас Донецк облысы мен Луганск облысы маңында болып жатыр. АҚШ-тың Украинаға әскери көмегі азайған тұста Украина әскері майдандағы жағдай ауырлап кеткенін айтып жатыр.