Ресейде жаңа мобилизациядан қашып құтылу мүмкін емес

АҚШ-тағы Соғысты зерттеу институтының (ISW) жаңа есебінде айтылғандай, Ресей әскери қызметкерлерге төленетін жоғары біржолғы төлемдер ел экономикасын әлсіретіп жатыр.
Елде еріктілерді армияға тартумен қатар, әскери өндіріс көлемін арттыру міндеті де қойылған, бұл саладағы жалақының өсуіне алып келуде. Майдандағы адам шығынының жоғары болуы армия мен әскери-өнеркәсіптік кешен (ӘӨК) арасында жұмыс күшіне талас тудырып отыр.
ISW мәліметінше, қазіргі шығын деңгейімен Ресей майдандағы күштерін ерікті жолмен шексіз алмастыра алмайды. Бұл жағдай резервтегілерді мәжбүрлі түрде мобилизациялауға итермелеуі мүмкін. Путин мұндай шешімнен барынша жалтаруға тырысқанымен, уақыт өте келе экономика жоғары төлемдерді көтере алмай қалуы ықтимал.
«Ресей бір мезетте екі бағыттан өзін жойып жатыр: қысқа мерзімді өсімді ынталандыру үшін ақша-кредит саясатын әлсіретіп, сонымен бірге әскери әрекеттерді қаржыландыру үшін бюджет шығындарын арттырып отыр. Бұл стратегия, үлкен ықтималдықпен, ел экономикасына кері әсер етіп, тұтынушылардың сатып алу қабілетін төмендетеді, рубльдің құнсыздануына және орта әрі ұзақ мерзімді экономикалық тұрақсыздыққа әкеледі», - дейді америкалық сарапшылар.
Сондай-ақ, Словакия премьер-министрі Роберт Фицо Ресейге қарсы Еуроодақтың кезекті 18-ші санкциялар пакетін қолдауға келісім берді. Бұл шешім ол Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйенмен ЕО-ның ресейлік газдан толық бас тарту жоспарына қатысты Словакияға кепілдіктер беру мәселесін талқылағаннан кейін қабылданған. Келіссөздердің нақты мазмұны жарияланған жоқ.
Айта кетейік, Братислава мен ресейлік “Газпром” арасында 2034 жылға дейін жарамды газ жеткізу жөнінде келісім бар. БАҚ мәліметінше, Фицо бұл келісімді сақтап қалудың немесе ЕО-дан өтемақы мен энергетикалық қауіпсіздікке кепіл алудың жолдарын іздеген.
Күтіліп отырған 18-ші санкциялар пакеті Ресейдің банк секторы мен қару-жарақ өнеркәсібіне, сондай-ақ мұнай экспортына бағытталған. Атап айтқанда, ресейлік мұнайдың бағасына қойылған шекті көрсеткіш 60 доллардан 45 долларға дейін төмендетілуі мүмкін. Алайда бұл тармаққа Мальта қарсылық білдіруде, өйткені ел экономикасында отын тасымалы маңызды рөл атқарады.
Ақырында ЕО елдерінің елшілері Ресейге қарсы 18-ші санкциялар пакетін мақұлдады. Бұл туралы dpa агенттігі дипломатиялық дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады. Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі басшысы Кая Каллас X әлеуметтік желісінде жазғандай, жаңа санкциялар пакеті ресейлік мұнайдың шекті бағасын шектеу мен “Солтүстік ағыс” газ құбырларына тыйым салуды қамтиды.
Сондай-ақ Калластің айтуынша, Ресейдің “көлеңкелі флотына” тиесілі тағы 105 кеме мен Үндістандағы “Роснефть” мұнай өңдеу зауыты да санкцияларға ілінеді. Бұдан бөлек, дрондарда қолданылатын технологиялардың экспортына да шектеу қойылады.