Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:35

Ақсу ферроқорытпа зауыты 855 миллион теңге айыппұл төлейді

Ақсу
Фото: ашық дереккөз

2025 жылдың алғашқы тоқсанында «ТНК «Қазхром» АҚ-ның Ақсудағы филиалы шамамен 700 тонна көлемінде артық зиянды заттар шығарғаны үшін 855 млн теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.

Бұл туралы Павлодар облысы прокуратурасы хабарлады.

"Кәсіпорын жаңа қалалық жылу жүйесінің аяқталмаған құрылысы туралы сенімді білгендіктен және елді мекенді одан әрі жылытуды көздегендіктен, Экологиялық кодекстің 118-бабына сәйкес КЭР-ді қайта қарап, оған тиісті өзгерістер енгізуге міндетті болды. Жүргізілген талдау негізінде табиғат қорғау прокуратурасы ӘҚБтК-нің 328-б. 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғады, қаралып отырған жағдайда 1,2 млрд теңге көлемінде айыппұл қарастырылады.

Бұл ретте жеңілдететін мән-жайлардың (кінәні мойындау, әлеуметтік қатысу) болуына байланысты экология департаменті айыппұлды 30%-ға қысқартып, 855 млн теңгені құрады, ол бүгінгі күні республикалық бюджетке төленді", - делінген хабарламада. 

Облыстық экология департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында зауыт атмосфераға 663,67 тонна ластаушы зат бөлген. Бұл көрсеткіш белгіленген шекті мөлшерден айтарлықтай асып кеткен.

Зауыт 1990 жылдан бері Ақсу қаласына жылу беріп келеді. Осы уақыт аралығында кәсіпорын қажетті рұқсат құжаттарын алып, эмиссиялар үшін салық төлеп отырған.

Экологиялық заңнама бойынша, зауытқа жаңа тазалау технологияларын енгізу шартымен он жылға эмиссия салығынан босатылу құқығы берілген. Алайда кәсіпорын бұл талапты орындамай, ескі қазандықпен жұмысын жалғастырған.

Бастапқыда экология департаменті зауытқа 1,2 миллиард теңге көлемінде айыппұл салуды ұсынған. Алайда зауыттың кінәсін мойындауы және оның қаланың жылумен қамтылуындағы әлеуметтік маңызы ескеріліп, айыппұл көлемі 855 миллион теңгеге дейін қысқартылды.

Ақсу ферроқорытпа зауыты – әлемдегі ең ірі өндірушілердің бірі. Жыл сайын 1 млн тоннадан астам өнім шығарады. Оның басым бөлігі шетелге экспортталады.

Тегтер: