Марат Жыланбаев тағы да аштық жариялады

Белгілі марафоншы әрі оппозициялық белсенді Марат Жыланбаев Степногорск түрмесінде кезекті рет аштық жариялады.
Бұл туралы оның адвокаты Мейіржан Досқараев хабарлады.
Адвокаттың айтуынша, Жыланбаев 11 маусымда байланысқа шығып, 15 күннен бері аштық ұстап жатқанын мәлімдеген. Бұл — оның осы түрмеде жариялап отырған оныншы аштық акциясы.
«Оған спортпен айналысуға, еңбек етуге мүмкіндік берілмей отыр. Қазір ол тәртіптік изоляторда толық оқшауланған. Биыл бірде-бір хат алмаған, тек бірнеше газет қана келген, журналдар мүлдем болмаған. Яғни, ол қарапайым конституциялық құқықтарынан айырылған», - дейді қорғаушысы.
Марат Жыланбаев 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Оған «экстремистік ұйым қызметіне араласты және оны қаржыландырды» деген айып тағылған.
Ресми билік оны саяси тұтқын деп мойындамайды. Алайда құқық қорғаушылар мен белсенділер бұл істің саяси астары бар екенін айтады.
Осыдан бір жыл бұрын құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасында саяси тұтқын Марат Жыланбаевтан келген хатты жариялаған еді. Хатында Жыланбаев 40 күн бойы тек су ішіп, аштықты жалғастыратынын айтты. Соңғы жылда ол үш бұрынғы аштық акциясымен бірге 107 күн бойы аштықта отырған.
Жыланбаев өзін және басқа да тұтқындарды қоршаған қорқынышты жағдайларды сипаттайды. Ол өзінің жеке камерасында тышқандар мен құрбақалардың бар екенін, ыстық судың жоқтығы және ауыз судың жеткілікті еместігін атап өтеді. Сонымен қатар, ол Қазақстандағы түрмелерде әлі де кеңестік жүйе сақталғанын, мұндай жағдайда тұтқындарды ұстау адамгершілікке жатпайтынын баса айтады.
Тұтқын тамақтану мәселесін де айта кетті. Біріншіден тағамдарда ет жоқ екенін, екіншіден кей тағамдардағы ет белгіленген нормадан әлдеқайда төмен екенін айтты. Ол шағымдарынан кейін, лагерь әкімшілігі тамақты нормасына сай беруге кіріскенін, алайда белсенді болған соң, басқа тұтқындардан қауіп төнгенін ескертеді.
Қиындықтарға қарамастан, ол жағдайдың жақсаруына үміт артатынын және құқықтарын қорғау үшін күресуге дайын екенін айтты.
Еске сала кетсек, Марат Жыланбаев — әлемдегі 4 шөлді кесіп өткен жалғыз марафоншы. Ол Азиядағы Қарақұм шөлінің 1200 шақырымын 20 күнде кесіп өтсе, дүниежүзіндегі ең үлкен шөл Сахараның 1700 шақырымын 24 күнде жүріп өткен. Тарихқа енген желаяқ қазақ талай шөлді басып өтіп, 7 рет рекордтық көрсеткішке жетіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді.