Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 15:20

Араб елдері ХАМАС-ты Газадағы биліктен кетуге шақырды

Хамас
Фото: zhasalash.kz (ЖИ)

Мысыр, Катар, Сауд Арабиясы және Иордания ХАМАС қозғалысының Газадағы билігін тоқтатуын талап еткен құжатқа қол қойды. 

Аталған құжатты жоғарыда аталған араб мемлекеттерімен қатар, Ұлыбритания, Франция, Канада, Бразилия, Италия, Испания, Норвегия және Ирландия да қолдаған. Ал Германия бұл мәлімдеме жарияланған сәтте бастамаға қосылмаған.

Құжаттың мазмұны қандай?

Жеті беттен тұратын бұл құжатта Таяу Шығыстағы қақтығысты тоқтату мақсатында нақты қадамдар ұсынылған. Атап айтқанда, ХАМАС тобы Газадағы биліктен кетіп, қару-жарағын халықаралық қолдаумен Палестина автономиясына тапсыруы тиіс деп жазылған.

Сонымен бірге, құжатта 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС Израильге жасаған террористік шабуылы қатаң айыпталады.

Агенттіктің мәліметінше, бұл мәлімдеме Нью-Йоркте өткен “Екі мемлекетті шешім” жөніндегі конференция аясында қабылданған. Қыркүйек айына дейін бұл құжатты БҰҰ ресми түрде бекітеді деп күтілуде. Осы уақытқа дейін тағы бірнеше мемлекет құжатқа қол қояды деген болжам бар.

Құжатта Израильге де талаптар қойылған

Dpa агенттігі құжатта Израиль тарапына да нақты талаптар бар екенін жазады. Атап айтқанда:

  • Израиль Газадағы соғыс қимылдарын дереу тоқтатуы керек;
  • Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы еврей қоныстанушыларының әрекетін доғару қажет;
  • БҰҰ-ның тұрақтандыру күштерін аймаққа жіберу ұсынылады.

Құжатты қолдаған елдер үшін Палестина мемлекетін ресми түрде тану — “екі мемлекетті шешімнің маңызды және ажырамас бөлігі” болып табылады.

Бұл мәлімдеме — ХАМАС-ты биліктен кетіруге бағытталған араб әлемінің сирек кездесетін келісілген қадамы. Сонымен қатар Израильдің әскери әрекетіне қарсы талап та халықаралық қауымдастықтың Таяу Шығыста бейбіт шешімге келуге мүдделі екенін көрсетеді.