«ҚазТАГ» басшысы Әсет Матаев үйқамаққа ауыстырылды
Алматыда болған жанжалдан кейін қамауға алынған «ҚазТАГ» агенттігінің бас директоры Әсет Матаевқа қатысты бұлтартпау шарасы өзгертілді. Апелляция нәтижесінде ол тергеу изоляторынан үйқамаққа шығарылды.
Алматыда «ҚазТАГ» халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаев қатысқан жанжалға байланысты қозғалған іс жаңа кезеңге өтті. Бұған дейін сот шешімімен екі айға қамауға алынған медиаменеджер апелляциялық шағымнан кейін үйқамаққа ауыстырылды.
Бұл туралы оның адвокаты мәлімдеді. Қорғаушы тараптың айтуынша, бұлтартпау шарасының жеңілдетілуіне Матаевтың денсаулық жағдайы мен іс бойынша мән-жайлардың толық анықталмауы әсер еткен болуы мүмкін.
Еске салсақ, оқиға Алматы қаласының Медеу ауданында болған. Полицияның мәліметінше, бірнеше ер адам арасындағы сөзге келу соңы төбелеске ұласқан. Аталған факті бойынша қылмыстық іс «бұзақылық» бабы бойынша тергеліп жатыр.
Сонымен қатар қорғаушы тарап оқиғаға өзге қырынан баға беріп отыр. Адвокаттың мәлімдеуінше, жанжал кезінде Матаевтың өзі шабуылға ұшыраған. Оның басынан ауыр жарақат алғаны, соның ішінде ашық жара тіркелгені айтылды. Осыған байланысты қорғау тарапы оны күдікті емес, керісінше жәбірленуші ретінде қарастыру қажеттігін алға тартуда.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тексерулер жүргізуде. Іс бойынша нақты процессуалдық шешімдер тергеу нәтижесіне байланысты қабылданбақ.