Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:30

Нұралхан Көшеров. «ИНСПЕКТОР»

Нұралхан Көшеров
Фото: gov.kz

«Қолда өскен түйенің тайлақ аты қалмайды» демекші, Нұралхан Көшеров қанша жерден көтерілсе де, ілгерідегі бір қызметі «итше ілесіп», жанынан қалмай келе жатыр. 

Бір есептен, мұны түсінуге де болады. Кейіпкеріміз қанша таудан асып, неше белден өтсе де, салық инспекторы кезіндегі «жинаушы» рөлінен шыға алған жоқ. Демек, біз бүгін Түркістан облысы әкімінің не жинап, не қойғанына талдау жасаймыз. 

«Көлеңкеден» шыққан...

Мұндай теңеу алғаш рет кейіпкеріміз облысқа бас болғанда айтылды. Расында, «Түркістанға кім келеді?» деген сауал туғанда, Көшеровтің есімі көпшіліктің аузына түспеген. Біреулер «Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев келеді екен» десе, енді біреулер бұрынғы Көлік министрі Марат Қарабаевқа жіп таққан. Дегенмен екі нұсқа да ақталмай қалды. Облыстық мәслихат депутаттарына екінің бірін таңдау ұсынылғанда, Көшеровтің атқа мінеріне ешкімнің күмәні қалған жоқ. Себебі онымен «бәсекелесетін» адам – Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков еді. 

Тұрысбековті төмендеткеніміз емес, егер екі кандидатты салмақтап көрсеңіз, Көшеровтің көш ілгері екенін байқайсыз. Еңбек жолын есепші-инспектор болып бастаған кейіпкеріміз – Салық органдарында жүріп жетілген тұлға. Астананың Алмалы, Есіл аудандарында салық органының түрлі қызметтерін атқарды. Елорданың Салық департаменті басшысының орынбасары деңгейіне дейін көтерілді. Арасында Ақтау мен Шымкент қаласының Кірістер департаментіне бас болды. Білетіндер «Көшеровтің саяси соқпағы Мәжіліс депутатының көмекшісі болған кезеңінен басталады» дейді. Бұл шамамен 2007-2008 жылдары болса керек. Бірақ бүгінгі әкімнің ол кезде қай депутаттың портфелін көтеріп жүргені белгісіз. Жалпы, кейіпкеріміздің саяси жолында белгісіз нәрсе көп. Мәселен, қатардағы инспектор мен қазіргі қызметі арасындағы жиырма жылға жуық уақытта Көшеровтің есімі ешбір дау-шар, айғай-сүреңде естілмепті. Бұған енді кейіпкеріміздің даналығы себеп болды дей алмаймыз.

Неге десеңіз, Салық органының шенеуніктері ел көзіне түсе бермейді. Кабинетте отырып, қазынаны толтыруға күш салатын салықшыларға көлбеңдеп көп алдына шығудың да аса қажеті жоқ. Міне, осыны ескергендер Көшеров Түркістан облысына келгенде оны «көлеңкеден шықты» деп бағалады.

Алайда кейіпкеріміздің қызметтік жолындағы үлкен саясатқа жасаған бірер қадамын айта кетпесек болмайды. Мысалы, 2015 жылы бұл кісі Шымкент қаласына әкімнің орынбасары болып барып, Ғабидолла Әбдірахымовтың «оң тізесін баса» отырған. «Шымкент тек Қазақстанда емес, әлемдегі ең сұлу қала болады. Келген адамның бұл қаладан кеткісі келмейтіндей жасаймыз. Ал егер кетуі керек болса, кетіп бара жатып жылайтындай жасаймыз», – деген Ғабидолла ғой ол. Әкім бұл сөзін Астанадан келген орынбасарына сеніп айтты ма, әлде өзіне сеніп айтты ма, ол жағы белгісіз.

Сатыбалды мен Көшеров
Фото: ашық дереккөз

 Анығы, бірнеше жылдан соң Көшеров Астанаға кері көшіп кетті де, 2023 жылы Түркістан облысы әкімінің орынбасары болып оралды. Бұл кезде әкімнің орынтағында Дархан Сатыбалдының отырғанын ескеріңіз. Сатыбалды қазір үлкен саясаттағы салмақты ойыншылардың біріне айналды. Ол президент әкімшілігіне жылжығанда, орынтағын орынбасарының «басып қалуын» Сатыбалдының Көшеровке деген жылы көңілімен байланыстыратындар бар. Бірақ мәселе онда емес. Әкімнің қалай келгенінен гөрі, не тындырып жатқаны маңызды. Енді осыған келейік.

«Үнін өшір» және «Бардак»

Шенеуніктердің шынайы бейнесі халықпен жүздескенде ашылады ғой, негізі. Көшеровтің ақпан айындағы ел-жұртқа есеп беру жиыны өте әсерлі басталған. Әсерлі болатыны, кейіпкеріміз: «Сыртта халық қалып кетпесін. Егер орын жетпей жатса, осында отырған мемлекеттік қызметшілер тұрып, орын берсін. Мен халықпен кездесуге келдім, сіздермен емес», – деген еді. Мұны естіген облыс жұрты кәдімгідей арқаланып қалды. «Сөзіңді біреу сөйлесе, аузың қышып бара ма?» дегенді қазақ осындайда айтатынын білесіз. Өкініштісі сол, Нұралхан Көшеров пен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының қағаздағы есеп-қисабы елдің «аузын қышытып» жіберген сияқты.

«Сіздердің сөздеріңізден мен көтеріліп кеттім», – деді Гүлмира есімді көпбалалы ана. Айтуынша, жалақысы 114 мың теңге екен. Коммуналдық қызметке 50 мың теңге төлейді. Жеті баласының үлкені мектеп бітіріп үлгермеген. Жекеменшік балабақша 35 мың теңге сұрайды. Ал мектеп үйден 4 шақырым алыс. «№16 маршрут қирап қалған, моторы түсейін деп жатыр. 9-дағы жұмысқа 7.20-да шығамын», – деді күйінген әйел. Ал әкім не деді? Былай деді: «Гүлмира ханым, мен ендігі аптада келем, үй жағыңызға. Сол жақтан жүрейік мектепке дейін, мен сізге айтам, 4 километр деген жоқ ол. Тыңдаңыз мені, екеуміз жаяу жүріп қайтайық».

Гүлмира осы жауапқа қанағаттанды ма? Жоқ әлде «келіңіз, жүрсек жүріп қайтайық. Бірақ алдап кетсеңіз, әкімдіктің алдына келемін» деді ме? Бұл жағын ешкім білмейді. Өйткені әкімдіктің адамдары қала тұрғынының микрофонын өшіріп тастады.

Жиында сөз алған тағы бір белсенді әйелдің шағымы тіпті сұмдық! «Әкімнің қабылдауына кіру үшін әрбіріміз қудалануымыз керек пе? Сөз бостандығы жоқ па? Екі машинамен келіп, қысым жасады. Жалғыз мен емес, біздің чатта отырған қанша әйел бар, қудаланған. Күйеуін шығарып алып, «Үйің керек болса, ана қатыныңның үнін өшір, әйтпесе үйіңді өртеп кетеміз» деген. Әкім мырза, бәлкім, сіз білмейтін шығарсыз, қол астыңыздағылар білдірмей отырған шығар. Бірақ сіз осыны білуіңіз керек деп ойлаймын», – деді. 

Мынадай сөзден кейін кез келген әкім орнынан ұшып тұрып, «Бұл не сұмдық?! Әйелдерге қысым көрсетіп жатқан кімдер? Полиция басшысы қайда? Міне, мына шаруамен қазір айналыс. Бұл сендерге Солтүстік Корея емес, бұл қасиетті Түркістан» десе, шағым айтқан әйел сабасына түсіп, қысым жасаған әлдекімдер ойланар еді. Ал Көшеров: «Әр сөздің дәлелі болуы керек. Дәлеліңіз бар ма? Бар болса, өткізіңіз. Келген адамдарды жауапкершілікке тартатын боламыз», – деді. Мұнысы көпшілікке әншейін көз алдау секілді көрінді. Осының да әсері болды ма, әлде жауабы жоқ сауалдар көбейді ме, әйтеуір жиынның соңы біреуді біреу естіп болмайтын айғай-шуға ұласып кеткенін әйгілейтін бейнетаспа бар. Соған тағы бір қарап жіберсеңіз, шуылдаған жұртқа төбесінен қарап отырған Көшеров қасындағы қала әкіміне «Не бардак болып кетті, сенікі е?!» дегенін анық естуге болады. Әзімбек Пазылбекұлы облыс әкімінің сұрағын жақсы түсінбей «А?» дейді, кейіпкеріміз «Не бардак болып кетті, сенікі?!» деген сұсты сөзін тағы қайталайды. Қала әкімі үндемейді.

Негізі Әзімбек Пазылбекұлы «Бұл неге менікі болуы керек? Екеуміздікі емес пе? Жақсысы – сіздікі болады да, жаманы – менікі бола ма?» десе, залдағы айғай-сүреңнің екпіні төрге қарай ауар еді. Бірақ қала әкімі өйтіп айта алған жоқ. Керісінше, облыс әкіміне қолайсыз сұрақтар қойылғаны үшін өзін қолапайсыздау сезінген түрі бар. Ал Көшеровтің «бардагы» нені білдіреді? Біздіңше, облысты басқару Кірістер комитетіне төраға болудан басқаша екенін кейіпкеріміз әлі түсінбей жүрген сияқты. 

Көшеров
Фото: ашық дереккөз

Салым пен салық

Күні кешегі Наурыз мерекесінде Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков «жастармен жағаласып» көкпар тартты. Естеріңізде шығар, Көшеров облысқа келерде екі кандидаттың бірі болған Тұрысбеков – осы кісі. Келер жылы алпысқа толатын әкімнің тақымы тастай екен. Қарагерін ойнақтатып, додаға кірді де, көп арасынан суырылып шығып, салым салды. Сосын аудан жұртын Наурыз мерекесімен ат үстінде тұрып, құттықтады. 

Әрине, көкпар тарту – жақсы әкім болудың өлшемі емес. Бірақ жарасымды. Мереке атаулыға джиппен келіп, джиппен кететін шенеуніктерге қарағанда, қарапайым халыққа көкпар тартып, «тер сасыған» Тұрысбеков бір табан жақындау көрінеді. Сондықтан шығар, «Облысты Көшеров емес, Тұрысбеков басқарса, қалай болар еді?» деген сұрақ әркімнің көкейінде қалған секілді. Бірақ біз қалай боларын айта алмаймыз. Есесіне, қалай болып жатқанын айтуға тиіспіз. Нұралхан Көшеров салымды қайдам, бірақ салықты қатырады.

Наурыздың басында кейіпкеріміз президенттің қабылдауына кірген. Сондағы айтқан деректеріне қарасаңыз, басқа шаруаны ысырып қойып, дереу Түркістанға көшкіңіз келеді. Мысалы, өңірдің экономикалық өсімі 113,9 пайызға жетіпті. 2025 жылы аймаққа 1,7 трлн теңге инвестиция тартылса, тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1,4 млрд доллар болған. Ал Мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдері 1 трлн теңгеге дейін өскен. Байқадыңыз ба, облыста ешқашан мұндай салық жиналмаған. Оны айтасыз, соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге қысқарыпты.

Жұмыссыздық 4,6 пайызға дейін азайған. Ауыз сусыз ауыл жоқ, газбен қамту деңгейі 88,9 пайызға жеткен... 

Былай қарасаңыз, бәрі жақсы, бәрі керемет. Алайда Көшеров мақтаған Түркістан облысынан жұрт жаппай көшіп жатыр. Бүгінде халық ең көп кететін аймақтардың көш басында осы облыс тұр: мұнда теріс миграция көрсеткіші 42 649 адамға жеткен. Ал енді бәрі Көшеров айтқандай керемет болса, ауыз су арқырап ағып, газ лапылдап жанып тұрса, жұмыссыздық азайса, өңірдің жұрты неге жайлы жер іздеп, «жер ауып» жатыр? 

Мақтаулы Түркістанның біріншілікті бермейтін тағы бір тұсы бар. Білесіз, елімізде Алматы, Астана қалалары мен Атырау облысынан басқа аймақтың бәрі республикалық бюджетке аузын ашып отыр. Осы мақсат үшін 2026 жылы 5,1 трлн теңге дотация қарастырылған. Дотацияға «дәніккен» өңірлердің басында тағы да – Түркістан облысы, мемлекеттік бюджеттен 1,1 трлн теңге қаржы алады. Екінші орындағы Жамбыл облысының «алашағы» – 494 млрд теңге. Яғни Түркістан өзінен кейін тұрған Жамбылдан екі есе артық алады, басқаша айтсақ, орталық бюджеттен бөлінген әрбір бесінші тиын Көшеровтің «кәшәлөгіне» түседі. «Мешкей деген жақсы атақ емес» демекші, бұл енді мақтанатын мәселе емес. Мәселе – мемлекеттен алған әр тиынның құнын біліп, оны орнымен жұмсау. Міне, осы шаруаға келгенде, Көшеровке айтылар сын көбейіп барады.

Көшеров
Фото: ашық дереккөз

Қисапсыз миллиондар және қоқыс жәшігі

Өткен жылдың соңында кейіпкеріміз Астанаға барып, ОКҚ-де брифинг өткізген. Сол жиында журналистер жемқорлық тақырыбына қатысты сұрақтарды жаңбырша жаудырды. Мәселен, Сауран ауданында қоқыс жәшіктері O-market жүйесі арқылы өте қымбат бағаға сатып алынған. Нарықта бар болғаны 5-6 мың теңге тұратын мұндай жәшіктерді әкімдіктің алмақ болған бағасы – 24 990 теңге. Яғни 4-5 есе қымбат. Аудандық білім бөлімдерінің бірі 300 мың теңге тұратын компьютерді жоғарыдағы жүйе арқылы 1 млн 200 мың теңгеге «қағып түспек» болған. Мұндағы айырма – 4 есе. 

Кім қалай есептесе де, айырмасын аңдап, салыстыруға мысал таппайтын тағы бір мәселе бар. Ол – әкімдіктің 100 млн теңге жұмсамақ болған 3-7 минуттық ролигі. Брифингте әкімнің өзі: «Бұл жай ғана түсірілім емес, 8D форматында жасалады. Дәл мұндай дүние қазіргі уақытта Түркістандағы «Алтын самұрық» кешенінде бар. Ондай туындылар шетелде 200-300 мың долларға түсірілетінге ұқсайды», – деген еді. 

Дей салу оңай, әрине. Алайда дәл осы тақырыпқа қатысты «Жас Алаш» арнайы зерттеу жасап, «100 млн теңгелік тендер дауы: Түркістан облысының әкімдігі бір нөлден тағы шатасты ма?» деген тақырыппен көлемді мақала жариялаған. Сондықтан оның бәріне тоқтала бермейміз. Тек бір ғана салыстыру жасап көрейікші. Облыстың қоржынына республикалық бюджеттен триллиондар түсіп жатқан соң Көшеровке миллиондар көп ақша болып көрінбеуі мүмкін. Дегенмен атышулы роликтің хронометражын сағат тілінің сыртылымен «санасақ», мемлекеттің қаржысына жанашырлықтың жұрнағын таппай қаласыз. Мысалы, 3-7 минуттық роликті орта есеппен 5 минут деп есептейік. 100 млн қаржыны 5-ке бөлсеңіз, әр минуты 20 миллионға айналады. Бұл аз ба, көп пе? Егер секундқа шақсаңыз, әр секунты 333 мың теңге. Демек, сіз «бір» деп үлгергенше, 333 мың теңге қаржы облыс бюджетінен сусып кетеді деген сөз. Кірістер комитетінде жүріп, тиын санауды үйренген Көшеровтің неге «шығыстарын» есептеуге келгенде сылбыр тартатыны – жұртқа жұмбақ.

Жуырда ғана заңгер-журналист Ләззат Асанова әлеуметтік желіде дабыл қақты. Президенттен бастап, бүкіл құзырлы органдарды тегтеп, тексеру жүргізуді талап етті. Мәселе неде? Түркістан облысында мемлекеттік сатып алу саласында тағы бір келісімшарт күмән туғызып отыр. Сауран ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі 473 167 607 теңгеге келісімшарт жасаған. Құжатта бұл қаржы Шаға ауылындағы 30 гектар жер учаскесінде орналасқан инфрақұрылым желілерін сатып алуға бағытталғаны айтылыпты. Құжаттағы кестеде: «Тауар атауы – инфрақұрылым желілері, саны – 1 комплект, бағасы – 473 167 607 теңге», – деп қана көрсетілсе керек. Алайда оның қандай инфрақұрылым екені нақтыланбаған. Су жүйесі ме, электр желісі ме, жол ма, канализация ма, белгісіз. 30 гектар жер кімге беріледі, болашақта ол жерге қандай нысан салынады? Бұл да беймәлім. Оның үстіне, жарты миллиардқа жуық қаржы алматылық бір компанияға бұйырған. Неге алматылық компания? Бұл сұрақтың да жауабы жоқ. 

Қысқасы, облыстағы күмәнді мемлекеттік сатып алулар мәселесіне Көшеровтің көзімен ғана қарамай, Астана жақтан да тексерулер жүргізілгені дұрыс сияқты. 

Түйін

Өткен жылы кейіпкеріміз алдына шалғышын тағып жіберіп, мақта теру науқанына қатысқан. Мұны біреулер әкімнің қарапайымдығына телісе, енді біреулер көзбояушылыққа балады. Дегенмен әкім екенмін деп шікірейіп тұрмай, қай шенеуніктің де керек кезінде көптің сапына қосылуы құптарлық жайт. Оның үстіне, Нұралхан Көшеров – қырықтан жаңа асқан жігіт. Мұны қазақ «жас келсе – іске» дейді. Тек бар мәселе, кейіпкеріміздің сол «істі» қалай түсінетініне байланысты ғой. Егер президенттің үмітін ақтап, елдің көңілінен шықса, «инспекторлық» дәрежесінен көтерілуі мүмкін. Олай болмаса ше? Олай болмаса, өңірге жаңа басшы келеді, ал кейіпкеріміз Кірістер саласына қайта «кіріп» кетуі ғажап емес...