«Уйғур авази» өзіне жүктелген міндетті атқарып келеді
Елімізде тіршілік етіп жатқан этнос өкілдерінің этно-мәдени орталықтарынан бөлек, театры, өз тілінде жарық көретін басылымдары да бар.
Соның бірі – 1957 жылдан бері шығып келетін «Уйғур авази» республикалық қоғамдық-саяси газеті. Қазақстан халқы арасындағы бірлік пен достықты нығайтуға сүбелі үлес қосып келе жатқан басылымның Қазақстандағы ұйғыр ұлтының қоғамдық ой-пікірін қалыптастыруда орны айрықша. Бұл туралы газеттің бас редакторы Ершат Асматов әңгімелеп берді.
Алматы облысы Ұйғыр ауданының Кішідиқан елді мекенінде өмірге келдім. 1988-1993 жылдары Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқып жүргенде республикалық «Коммунизм туғи» газетіне араласа бастадым. 1991 жылдың 1 наурызынан бастап республикалық қоғамдық-саяси «Уйғур авази» болып өзгерген газетте алғашқыда корректор, тілші болып жұмыс істедім. 1993-1995 жылдары Алматы облысы Ұйғыр ауданы Кішідиқан орта мектебінде мұғалім, директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. 1995 жылдан бастап «Қазақ газеттері» ЖШС қарамағындағы республикалық қоғамдық-саяси «Уйғур авази» газетіне қайта оралып, тілші, бөлім бастығы міндетін атқардым. 2012-2014 жылдары осы басылымның бас редакторының орынбасары-жауапты хатшы, 2014 жылдың наурыз айынан бастап бас редакторымын.
2014 жылы газеттің таралымы 12 мыңнан сәл ғана асатын. Басшылық тізгінді қолға алғаннан кейін газеттің тиражы біртіндеп өсе бастады. Тіпті 2020 жылы коронавирус пандемиясы кезінде газет таралымы 16 мыңнан асты. Ал соңғы үш жылда әр жылды 20 мыңнан астам тиражбен бастап жүрміз. «Уйғур авази» республикадағы газеттер арасында таралым жағынан алғашқы бестікке кіреді. Мұның өзі Қазақстанда өмір сүретін ұйғыр этносының газетке деген жанашырлығын көрсетеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 32-ші сессиясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу – қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді. Сондай-ақ қаншалықты патриот екенін көрсетеді. Жалпы, мемлекеттік тіл төңірегінде оң көзқарас ұстану қажет» деп айтқан болатын. Республикалық «Уйғур авази» газеті бұл жағынан қазақстандық БАҚ арасында көштен қалмай келеді.
Газет мазмұны жағынан заман талабына сай күрт өзгерді. Қазақ халқы мен түрлі этностардың танымал тұлғаларымен сұхбаттар, әдеби шығармаларының аудармалары, әдет-ғұрып және салт-дәстүрлері туралы, патриотизм, мемлекеттік тіл рухындағы мақалалар жарияланады. 2024 жылы ақпан айынан газет мемлекеттік тілді қолдау бойынша жоба – қазақ тіліндегі «Шаңырақ» арнайы бетін шығара бастадық. Онда негізінен еліміздің ішкі және шетелдердегі жетістіктері, қазақ халқының құндылықтары, патриотизм рухындағы материалдарға орын берілген. Сондай-ақ әр нөмірде жарияланған мақалалардан таңдап алынған он сөздің ұйғырша, орысша, ағылшынша аудармалары беріліп тұрады. Бүгінгі күнде оның мәртебесі артып, қазақ авторлары белсене араласа бастады.
Жалпыұлттық бірлік – адамзат қоғамы үшін аса маңызды құндылықтардың бірі. Ол түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің өзара түсіністік пен сыйластықта өмір сүруіне негіз болып, тұрақтылық пен дамудың басты тірегіне айналады. Әсіресе Қазақстан сияқты көпэтносты мемлекетке татулық пен бірлік ауадай қажет. Бүгінгі күнде жалпыұлттық бірлікті және патриотизмді насихаттауда масс-медианың маңызы зор екендігі бәрімізге белгілі. Бұл тұрғыдан «Уйғур авази» басылымы өзіне жүктелген міндетті жемісті атқарып келеді деп сенімді түрде айта аламын. Біз бұл миссияны әрі қарай да дамытып, жалғастыратын боламыз.
Халық кеңесі ел тағдырына тікелей араласатын құрылым болады
15 жылдан бері Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесімін. Бұл ұйым еліміздегі әртүрлі этностардың мәдениетін және тілін сақтауға, дамытуға қолдау білдіріп, сондай-ақ қазақстандықтардың әлеуметтік-саяси өміріне белсене араласуына мүмкіндік жасап келеді. Сонымен қатар Ассамблея елдегі ұлтаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту жолында маңызды рөл атқарды. Бұған мысалдар көп, әрине. Қазақтың өз даласындай кеңдігінің арқасында Қазақстанды мекендеген барлық этностар тату-тәтті өмір сүріп, адал еңбегімен ел игілігіне қызмет етіп жатыр. Олардың тәуелсіз еліміздің жан-жақты дамуына қосқан өзіндік үлесі де бар. Қазақ халқына алғысы шексіз, мемлекеттік тілге құрметі зор. Қазақ тілінде өз ана тіліндей сайрайтын этнос өкілдері өте көп. Осының бәрін Ассамблеяның арқасында қолға келтірілген баға жетпес жетістік деп ойлаймын. Бүгінгі таңда әлемде болып жатқан саяси жағдайды жақсы білесіз. Әсіресе соғыс тұтанған елдерге қараңызшы. Бүкіл құндылықтары қирап, қалалар жермен-жексен болып, халқы қырылып, аман қалғандары аш-жалаңаш қалып, қашып-тентіреп, қорғансыздың күнін кешіп отыр. Осы бізге керек пе? Халқымызда «Жаманды көрмегенше, жақсының қадірін білмейсің» деген сөз бар. Сондықтан бейбіт өмірдің, ашық аспанның, тыныштықтың қадірін дер уақытында білгеніміз абзал.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың өз миссиясын табысты аяқтағанын атап өтіп, орнына Халық кеңесін құруды ұсынғаны белгілі. Халық кеңесінің жұмысы қоғамдық келісімді нығайту, заң жобаларын қарау және референдумдарға бастамашылық жасау арқылы билік пен қоғам арасындағы диалогты күшейтуге бағытталған. 126 адамнан тұратын кеңес құрамына этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғамдық ұйымдар, мәслихаттар мен өңірлік топтар енеді. Демек, бұл ел тағдырына тікелей араласатын мықты құрылым болмақ. Мұның өзі жақында жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституциямыздың негізгі жетістіктерінің бірі. Сондықтан бұл кеңесті дер кезінде құрылған, ел болашағы, халық игілігі үшін қызмет ететін құрылым деп ойлаймын және оның нәтижелі жұмыс істейтініне сенімім мол.
Жігер ӘШІМ