Тоқаев Құрылтай сайлауының мерзімін жариялады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайға өтетін сайлаудың мерзімін жариялады.
Мемлекет басшысы Ақордада ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде сайлау биыл тамыз айында өтетінін мәлімдеді. Тиісті жарлық Конституция күшіне енгеннен кейін бірден қол қойылады.
— Сайлау тамыз айында өтеді. Бұл туралы алдын ала айтып отырмын, партиялар өз жұмысын жоспарлап, дайындалуға жеткілікті уақытқа ие болуы үшін, — деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, саяси партиялардың сайлаушылармен жұмыс жүргізіп, сайлау науқанына дайындалуына шамамен бес ай уақыт беріледі.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы алдағы сайлау елдің саяси жүйесін ауқымды жаңғыртудың бастауы болатынын атап өтті.
— Құрылтай сайлауы Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін қайта құру үдерісінің бастамасы болады, — деді ол.
Тоқаев қоғамдық санадағы өзгерістердің маңызын да ерекше атап өтіп, реформалар «менталдық өзгерістермен» қатар жүруі тиіс екенін айтты.
Президент құқықтық мәдениетті нығайтудың қажеттілігіне де тоқталды.
— Біз парасаттылық пен заңға бағынуды қолдаймыз, — деді ол.
Мемлекет басшысы қоғамдық келісімді бұзуға, алауыздық тудыруға немесе жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған кез келген әрекеттер заң аясында қатаң тоқтатылатынын ескертті.
Сондай-ақ Тоқаев ғылыми қауымдастықты қоғам құндылықтарын қалыптастыруға, әсіресе жастар арасында жауапкершілік, тәртіп және заңға құрмет мәдениетін насихаттауға белсенді қатысуға шақырды.