Шенеуніктер үкімет отырысына Maybach-пен келді

Үкімет үйінің алдына қымбат көліктер тізіліп тұр. Олардың иелері - Үкімет отырысына келген шенеуніктер.
Бүгін Үкімет үйінің алдында люкс санатындағы иномаркалар қатар-қатар тізіліп тұрды. Бұл көліктер – Үкімет отырысына келген жоғары лауазымды шенеуніктердің темір тұлпарлары. Мұндай сән-салтанатты көрген жұрттың көкейінде “бюджет қаржысы қайда жұмсалып жатыр?” деген сұрақ туындады.
Бұған дейін біз Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының кортежі туралы ақпарат тараған еді. Қолданушылар полицейлердің сүйемелдеуімен келе жатқан көліктерді видеоға түсіріп алған. Алайда кейін әкімдік бұл көліктердің ішінде әкімнің өзі болмағанын түсіндірді.
Осы оқиғалардан кейін журналистер Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейілден шенеуніктердің қызметтік көліктеріне бюджеттен қанша қаржы бөлінетінін сұрады.
«Бұл мәселе әкімдіктердің құзырында. Бірақ егер тым қымбат көлік туралы айтсақ – меніңше, бұл артық сән-салтанат. Соңғы бірнеше жыл бойы біз бюджет қаржысына тек отандық көліктер сатып алынатынын айтып келеміз», – деді ол.
Индустрия және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков те осыған ұқсас пікір білдіріп, мемлекеттік сатып алу кезінде қазақстандық өндірістегі көліктерге басымдық берілуі тиіс екенін айтты.
«Егер актив ретінде көлік сатып алынатын болса – ол міндетті түрде Қазақстанда жасалған болуы керек. Ал егер бұл қызмет ретінде көрсетілетін болса (мысалы, жалға алу), кез келген автокөлік қолданылуы мүмкін», – деп түсіндірді Сапарбеков.
Дегенмен, Үкімет үйінің маңынан отандық көліктер байқалмады. Көрінген көліктердің бәрі де жаңа, қымбат және шетелдік маркалар: кем дегенде Toyota, әрі қарай Mercedes, Lexus, Maybach.
Айта кетейік, бірнеше ай бұрын Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та шуға іліккен болатын. Ол шағын ауылға Maybach-пен, күзетпен бірге келген. Кейін әкімдік бұл көлікті “демеуші тарту етті” деп түсіндірген еді. Алайда көліктің нарықтағы бағасы шамамен 55 миллион теңгені құрайды.