Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 10:45

Ресей Украинаға 1212 әскери қызметшінің денесін қайтарды

Ресей
Фото: ашық дереккөз

Ресей мен Украина арасында әскери тұтқындар мен қаза тапқандардың денелерін өзара қайтару бойынша келіссөздер нәтижесін беруде. 

Бұл гуманитарлық сипаттағы маңызды процесс 2 маусым күні Ыстамбұлда өткен келіссөздер нәтижесінде басталған. Ресей Президентінің көмекшісі Владимир Мединскийдің айтуынша, келісімдер тараптар арасында өзара түсіністік пен адамгершілік қағидаттарына негізделген.

Хабарламада қаза тапқандардың қатарында Харьков, Луганск, Донецк, Запорожье және Херсон облыстарында, сондай-ақ Ресейдің Курск облысында көз жұмған украин сарбаздары бар екені айтылған. Қаза тапқан украин әскери қызметкерлерінің жеке басы «мейлінше қысқа мерзім ішінде» анықталатыны атап өтілді.

Келісім аясында Ресей тарабы Украинаға 1212 қаза тапқан украин әскери қызметшісінің денесін қайтарды. Өз кезегінде ресейлік тарап 27 жауынгердің денесін Украинадан алды. Мединский бұл процесті тек алғашқы қадам деп атап өтті. Оның сөзінше, алдағы уақытта ауыр жараланған әскери тұтқындарды да алмастыру жоспарда бар.

Сонымен қатар Ресей Қорғаныс министрлігі украин тарабына алты мыңнан астам қаза тапқан украин жауынгерінің денесін қайтаруға дайын екенін мәлімдеді.

Бұған дейін Ресей мен Украина тұтқындармен алмасудың жаңа кезеңінің алғашқы раундын өткізген болатын. Жас және жарақат алған әскери тұтқындармен алмасу фактісін Украина президенті Владимир Зеленский мен Ресей Қорғаныс министрлігі растады.

Гуманитарлық бағыттағы әрекеттер мұнымен шектелмейді. 9 және 10 маусым күндері жас сарбаздарды алмастыру процесі басталды. Атап айтқанда, 25 жасқа дейінгі ресейлік әскери қызметшілер Украинадан отандарына қайтарылып, олардың орнына украин тұтқындары берілді.

Бұл оқиғалар қос тараптың жанжал аясында адам тағдырына бейжай қарамай, ең болмағанда қаза тапқандардың отбасыларына сүйектерін қайтару арқылы қайғыны жеңілдетуге тырысып жатқанын көрсетеді. Сарапшылар мұндай алмасуларды жанжал жағдайындағы сирек кездесетін адамгершілік акті деп бағалап отыр.