Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 16:45

Экс-судья Шайдуллиннің ісі: апелляциялық алқа шешім шығарды

Шайдуллин
Фото: zhasalash.kz

Ақтау қалалық сотының бұрынғы төрағасы Бауржан Шайдуллинге қатысты апелляциялық алқаның шешімі белгілі болды.

Биыл 10 сәуірде шығарылған бірінші инстанция сотының үкімімен Бауржан Шайдуллин алаяқтық және пара беруге итермелеу баптары бойынша кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Сотталушының қорғаушылары бұл үкімге апелляциялық шағым түсірген еді.

11 маусымда апелляциялық алқаның үкімді өзгеріссіз қалдырғанын хабарлады.

Бауржан Шайдуллин – Ақтау қалалық сотының бұрынғы төрағасы – орташа қауіпсіздік мекемесінде 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның қылмыстық әріптесі, бұрынғы жеке сот орындаушы Ринат Жанахметов 8 жылға сотталды.

Мемлекеттік айыптаушы ретінде прокурор Мәлік Оспанов қатысқан.

«Айыпталушы Б.Ж.Шайдуллин кәсіпкер З.У.Әбішеваны пара беруге итермелеп, аса ірі көлемде оның ақшалай қаражатын иемдену ниетімен, Р.М.Жанахметовтің сеніміне кіріп, қызметтік жағдайын пайдалана отырып, айыпталушыға бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындау мәселесін шешу үшін прокуратура мен сот органдарының лауазымды тұлғаларына берілуі тиіс деген желеумен 20 миллион теңге талап еткен» деп жазылған іс материалында.

Еске салайық, Ақтау қалалық сотының төрағасы мен жеке сот орындаушысы 20 миллион теңге көлемінде пара алу мақсатында алаяқтық және сотталушыны пара беруге итермелеу әрекеті бойынша айыпталған болатын. Пара – сотталушының жазасын жеңілдету үшін ұсынылған.

2024 жылғы маусымда Ақтау қалалық сотының төрағасы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі оның ҚР ҚПК 550-бабына сәйкес Бас прокурормен келісілген сотқа дейінгі тергеу шеңберінде тұтқындалғанын айтты. Қылмысқа қатысы бар делінген жеке сот орындаушы да қамауға алынған. Ал кәсіпкер Зухра Әбішевада да жазадан құтыла алмады, салық төлеуден жалтару ісі бойынша ол да кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды.

2024 жылғы желтоқсанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұл іс бойынша тергеуді аяқтап, 5 желтоқсанда айыптау қорытындысы Бас прокуратурамен бекітіліп, сотқа жолданған.

Сот процесі 2025 жылғы 29 қаңтарда Мұнайлы ауданында басталды. Қоғамда резонанс тудырған іске байланысты істі жан-жақты және әділ қарау үшін арнайы шаралар қабылданды.

Тегтер: