Қазақстанда автогаз бағасы бензинмен теңесуі мүмкін

Министрдің айтуынша, елде сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемі күрт өскен. Бұған көлігін газға ауыстырған жүргізушілердің көбеюі себеп.
«Әсіресе көліктерді әуесқой тәсілмен газ жағатын етіп қайта жабдықтау жаппай белең алды. 9 айдың ішінде сұйытылған газдың өндірісінен туындайтын теңгерім 25 пайыз артты. Бізге қосымша көлемдер іздеуге тура келіп отыр. ҚазМұнайГаздың бүкіл көлемін ішкі нарыққа бағыттадық. Осының есебінен теңгерімді ұстап тұрмыз. Яғни, қазір сұйытылған газ тапшылығы жоқ. Өңірлерде жеткізуден туындаған мәселелер болуы мүмкін», - деді ол.
Сәтқалиев қазақстандықтар көліктерін жаппай газға ауыстыра беретін болса, импортқа тәуелділік тууы мүмкін екенін жоққа шығармады.
«Мұндай қарқынмен келешекте газ өңдеу қуаттарының әлеуеті қысқа мерзімдегі қажеттіліктерге жетпей қалуы мүмкін. Тіпті сұйытылған мұнай газын импорттауға мәжбүр болуымыз мүмкін. Ол кезде баға мүлде басқаша болады. Тіпті бензин бағасымен салыстыратындай деңгейге шығуы ықтимал», - деді министр.
Еске салайық, бұдан бұрын Алмасадам Сәтқалиев баға өсетінін ескертіп, қазақстандықтарға өз көліктерін сұйытылған газға ауыстыруға асықпауға кеңес берген.