1 қаңтардан бастап МӘМС жүйесінде не өзгерді?
Мемлекетте 2026 жылдың басынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде жаңа ережелер іске қосылды.
Тегін тексеру – статусқа қарамай
Ең маңызды өзгеріс – әлеуметтік маңызы бар ауруларды анықтауға арналған диагностика енді азаматтың ОСМС жүйесінде тіркелу-тіркелмеуіне қарамай жүргізіледі. Бұрын онкология, бауыр циррозы немесе жүрек ауруларына күдік туған жағдайда сақтандырылмаған адам тексеруден өте алмай, уақыт жоғалтатын. Енді бұл тосқауыл алынды.
Қатерлі ісік, ВИЧ, туберкулез, инсульт, инфаркт, психикалық және орфандық аурулар бойынша тексерулер тегін.
Скрининг – аурумен емес, себеппен күрес
Жүйедегі екінші ірі бетбұрыс – барлық скринингтердің, соның ішінде онкоскринингтердің толықтай тегін болуы. 2025 жылы ғана 1,1 млн-нан астам адам қатерлі ісікке тексеріліп, мыңдаған дерт ерте кезеңде анықталған.
Бұл емдеуге емес, алдын алуға инвестиция. Өйткені кеш анықталған ауру – қымбат ем, мүгедектік және әлеуметтік шығын.
Созылмалы аурулар – толық МӘМС пакетінде
2026 жылдан бастап бірқатар созылмалы дерттер (қант диабеті, ДЦП, ревматизм, жүйелік дәнекер тін аурулары және жүрек-қантамыр патологиялары) толықтай МӘМС пакеті аясында емделеді. Бұл диспансерлік бақылауда тұрған миллиондаған адам үшін дәрі-дәрмекке, қымбат емге қол жеткізудің тұрақты кепілі.
Мысалы, жыл сайын ондаған мың инфаркт пен инсульт тіркелетінін ескерсек, бір науқастың ем құны бірнеше миллион теңгеге дейін жетеді.
Кім көбірек табыс табады – сол көбірек төлейді
Әлеуметтік әділет тек медицинада емес, қаржыландыруда да көрініс тапты. Жаңа заңға сәйкес, жарналар есептелетін табыстың шекті мөлшері артты. Бұл өзгеріс жоғары табысы бар аз ғана топқа әсер етеді, ал халықтың 90 пайызынан астамы үшін ештеңе өзгермейді.
Нәтижесінде, 2026 жылы медицинаға қосымша 200 млрд теңге бағытталмақ. Бұл жүйенінің сапасын арттыру үшін қажет ресурс.
Әлеуметтік осал топтар – жүйеден тыс қалмайды
Тағы бір маңызды жаңалық – табысы төмен (D және E санатындағы) азаматтардың МӘМС-пен қамтылуы. Енді олардың жарнасын жергілікті бюджет төлейді. Яғни, шамамен 1 млн адам жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізеді.
Сонымен қатар, бес жыл бойы тұрақты жарна төлеген азамат уақытша қиындыққа тап болса, 6 ай бойы сақтандырылған статусын сақтай алады.