Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:59, 22 Мамыр 2023

10 000-шы нөмір! Жанболат Аупбаев

None
None

Сейдахмет аға! Мен бұл ғазиз жанмен 14 жылға жуық бірге жұмыс істедім. Сондағы құрмет пен сыйластық және алғысқа толы алғаусыз көңілдің белгісі ретінде ол кісі туралы әр кездері төрт мақала жаздым.

Үлкенді-кішілі сол материалдардың ішіндегі біреуі ағамыздың көзі тірі кезінде жарық көрді. Бұл 1992 жылдың 11 сәуіріндегі «Жас Алаш» газетіне шыққан «Жүрек ұйықтауды білмейді» деген портреттік очеркім еді. Риза болғаны соншалық, ол кісі сол уақыттағы «парламенттік Халық кеңесі» басылымында жұмыс істейтін маған арнайы телефон соғып, көп-көп рақмет айтқаны бар. Жалпы қайда, қандай жағдайда жүрмейін, біреу Сәкең жөнінде сұрай қалса, жақсы сөздерімді айтудан ешуақытта да аянып қалған адам емеспін. Ал бүгін «Жас Алаш» газеті: «Ұстазыңыз туралы ой-пікіріңізді білдірсеңіз», – дегенде, есіме ол кісінің баспасөз бетіндегі төмендегідей ұйымдастырушылық, тапқырлық, жаңалық атаулыға толы бір ерекшелігі есіме түсіп отыр. Ол мынадай жағдай еді.

1980 жылғы қыркүйек айының басы болатын. Әр дүйсенбі сайын өтетін апталық лездемеде әріптесіміз Шәкизада Құттыаяқов бір жаңалықты айтып, бәріміздің құлағымызды елең еткізді. Содан екі-үш күн бұрынғы баспаханаға барған кезекшілікте ол газеттің бірінші бетін оқып отырады. Сонда басылым логотипінің астындағы жыл, ай, күн, колонтитулы көрсетілген анықтаманы тексеріп отырып, көзі жақшаның ішіндегі 9955 деген цифрға түседі. Бұл газеттің 1921 жылдың наурызынан 1980 жылдың қыркүйегіне дейін жарық көрген нөмірлерінің жалпы саны еді. Сонда әріптесіміз бір қызық ойға беріліп:  «Лениншіл жастың 10000-шы нөмірі қашан, қай уақытта шығады екен?», – деген «зерттеу жұмысына» кірісіп кетсін?! Бұны есептеп шығару оңай еді. Олай дейтініміз, газет ол кезде аптасына бес рет шығатын. Сол бес шығарылымды қыркүйектегі 4 аптаға көбейткенде – 20, ал оған дәл сондай алдағы қазан айының цифрын қосқанда, 40 нөмір шыға келеді. «Сонда газеттің 10000-шы саны шамамен 7 қарашаға дейін шығып қалуы мүмкін-ау», –  деген тоқтамға келеді Шәкизада.

Әріптесіміздің мына сөзін естігенде редактор Сейдахмет ағаның көзі оттай жайнап кетті. Иығын қайта-қайта қомдап отырды да: «Бұл үлкен оқиға. Газет тарихындағы айтулы дата. Осыны біздің есімізге салған Шәкизадаға рақмет айтайық, жарандар!» – деп әріптесімізге алғысын жаудырды-ай дейсіз. Сол көңіл ауанымен ол кісі арнаулы нөмірге жауапты комиссияны да құрып тастады. Олардың құрамында мен, Жарылқап Бейсенбаев, Қайырбек Асанов, Өтеген Оралбаев, Балтабай Әбдіғазиев пен Алашыбай Есмағанбетов секілді қызметкерлер бар едік. Міндетіміз – бір апта көлемінде алдымыздағы екі айдан кейін шығатын газет нөмірі жоспарының нобайын жасап, оны редакторға әкеп көрсету.

Айтылған мезетте төрт түрлі бояумен шығатын және 14-ке жуық тақырыпты қамтыған жоспарды Сейдахмет ағаға әкеп көрсеткеніміз әлі есімде. Оны асықпай қараған ол кісі: «Дұрыс.  Жақсы» деп келді де: «Мына жерге осы «Лениншіл жастан» еңбек жолын бастап, кейін министр дәрежесіне жеткен газет түлегін қосу керек. Ол – Камал Смайылов», – деді. Сөйтті де жоспарға әрмен қарай үңілген редактор тағы да: «Тамаша! Табылған әдіс!»,– деп бізді қолпаштай келіп: «Ал мына бетке өзіміздің басылымымызда өсіп, ержетіп, уақыт өте келе одақтық деңгейдегі биікке көтерілген аға буынымыздың өкілін қамти кеткеніміз ләзім. Ол 1969-1974 жылдары «Правда» газетінің Қазақстандағы меншікті тілшісі болған Тельман Жанұзақов», – деген идеясын қосты. Ең соңында: «Мына тақырыптың кейіпкерін алмастырайық. Суреттерін үнемі бізге беріп, газетіміздің әрін келтіріп жүрген Юрий Куйдин «Лениншіл жасқа» шығуға лайық-ақ жан. Бірақ біздің фотожурналистика саласындағы жолы одан да үлкен құрметті адам бар. Ол осы «Лениншіл жаста» 1933 жылдан 1963 жылға дейін табан аудармай еңбек етіп, зейнетке шыққан фототілші Петр Яковлевич Редько. Сол ғазиз жанды іздеп табыңдар. Осы Алматыда тұрады», – деді.

Әңгімені көп созып жатпайын, редакторымыз комиссия мүшелері жасап әкелген жоспарға одан кейін де екі-үш өзгеріс енгізді. Соларды қосып, соңғы нұсқаны машбюродағы қыздарға тап-тұйнақтай етіп, қайта бастырып әкелгенімізде, ағамыз: «Міне, арнаулы нөмір енді жаман болмас», –  деп жазылуға тиіс материалдарды әрқайсымызға өзі бөліп бере бастады. Газеттің болашақ санындағы «Сарғайса да газеттің ақ парағы. Ол күндер мәңгі есте сақталады» деген рубрикамен басылым беттерінің шет жағындағы бір-бір колонкаға қажет мәтіндерді Жарылқап Бейсенбаев пен Балтабай Әбдіғазиев әзірлейтін болды. Ондағы дерек пен дәйектің мәнісі: «Лениншіл жастың» 1, 10, 100, 1000-шы нөмірлерінде нендей мәселелер көтеріліп еді? Солардың еліміздегі бүгінгі көрінісі қандай?» деген салыстырмалы статистикаға саятын. Ал жастар газетінің бір кездегі жай қызметкерінен министр дәрежесіне көтерілген адам ретінде Қазақ КСР Телевизия және радио комитетінің төрағасы лауазымын атқарып жүрген Камал Смайыловты жазу маған жүктелді. Сондай-ақ «Лениншіл жастан» одақтық деңгейге көтерілген талант иесі Тельман Жанұзақов жөніндегі мақала кезінде өзі де осы басылымның қызметкері болған, кәнігі журналист Әбіқұл Ибрагимовқа тапсырылды.

Сөз ретіне қарай айта кетейік, Сәкең өзі жоспарға қосқызған қарт фотограф Петр Редько бар емес пе? Іздеп жүріп, миллион тұрғыны бар Алматыдан ол кісіні де таптық. Басылымымыздың фототілшісі Алашыбай Есмағанбетов екеуміз қарияға жолығуға барғанымызда: «Амансыңдар ма, айналайындар!» – деп қазақша тіл қатқаны жарықтықтың!.. Редактордың арнаулы нөмірі үшін бізге берілген тапсырмаларының ішіндегі ең қиыны Алматыдағы газет-журнал дүңгіршектерінде жұмыс істейтін қазақ киоскілерін тауып, оның «Лениншіл жасты» елдің қалай алатыны жөніндегі пікірін білу жөніндегі мақала болды. Неше күн іздегенін білмейміз, табанынан таусылып жүріп, әйтеуір Өтеген Оралбаев ондай адамды да тапты. Ол Розыбакиев пен Кихтенко көшелерінің қиылысындағы №216 киоскінің сатушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Кеңес Смайылов ақсақал еді.

Жоспарымызды қолдап, өзі де оған ерекше үлес қосып, тың идея берген Сейдахмет ағаның қолдауымен 1980 жылдың 10 қарашасы күні аталмыш нөмірдің «Замандаспен сырласқан 10000 дастан» деген шапкамен баспаханадан құлпырып шыққанын қалай ұмытайық?!.. Бірақ биліктің әсерімен ішкі беттер өзгеріп кетті. Негізгі тираж солай шығып, өкініште қалдық. Көңілге демеу болатыны, салтанатты мәжіліске әзірленген ақ қағаздағы 500 дана газет жоспар бойынша жарық көрді. Ел оны өте жоғары бағалады. Қорыта айтқанда, «Лениншіл жас» үшін бұл да бір үлкен белес болды. Сондағы Сейдахмет ағаның еңбегі ерекше екенін айту – біздің негізгі парызымыз.

Газеттегі 46 жылдық өз өмірімде мен көптеген редакторлармен жұмыстас болдым. Олар: Сейдахмет Бердіқұлов, Кәкімжан Қазыбаев, Камал Смайылов, Сарбас Ақтаев, Ержұман Смайылов сияқты ғажап жандар дер едім. Олардың бәрі де үлкен жүректі адамдар, парасатты жандар, биік деңгейдегі басшылар болды. Ғылымдағы Салық Зиманов, шаруашылықтағы Нүсіпбек Әшімбаев, өнердегі Нұрғиса Тілендиев секілді тұлғалардың көзін көргенімізбен, бірге жұмыс істегеніміз жоқ, әрине. Өйткені ол ұлылардың мамандығы, саласы басқа екені әмбеге аян. Ал біздің журналистикадағы ұлы деп үлгі тұтқанымыз жоғарыдағы редактор ағаларымыз дер едім. Сондықтан түсініксіз тұлғалардан тау тұрғызылып жатқан мына тұрлаусыз заманда неге бұл аяулы жандарды аялап айтпасқа?!

Солардың ішінде өзімді ең алғаш жұмысқа алған, тәрбиелеген, үкілеп, небір дода, жарысқа қосқан Сейдахмет ағаны ешуақытта ұмытпаймын. Ол мен үшін ұлы ұстаз!

Тегтер: