Беделді сыйлық алған романның сөйлемі қарабайыр, сюжеті нашар
Әдебиет – мемлекеттің рухани келбетін айқындайтын тірі организм, ал сол организмге қан жүгіртетін, қаламгерлерді қолдау мен демеу бағытында жасалатын меценаттық дәстүр адамзат өркениетінде ежелден бар игі іс. Қай дәуірде болмасын шығармашылық иесін материалдық және моральдық тұрғыдан қолдау қоғамның мәдени деңгейін көрсететін өлшемдердің бірі.
Өнер мен руханиятқа үлес қосқан меценаттардың арқасында көптеген әдеби бағыттар, көркем ой мен ұлттық сана өркендеп, жаңа леп алып отырғаны рас.
2021 жылдың 21 желтоқсанында MECENAT.KZ сайты арқылы осы жаңа әдеби сыйлықтың басталғаны жарияланып, үздік роман жанрындағы туындылар қабылдана бастаған еді. Бұл жаңалық әдеби қауым арасында үлкен серпіліс тудырды, себебі мұндай ауқымды материалдық қолдау бұрын-сонды қазақ әдебиетінде болмағанын айтып, жұрт бір жырғап қалған-ды. Сыйлықтың ең басты ерекшелігі – бәйгеде жеңімпаз атанған қаламгерге өмір бойы ай сайын 500 АҚШ доллары мөлшерінде сыйақы төленуі. Бұл қаржылай қолдау көлемі жағынан әлемдегі ең ірі әдеби сыйлықтардың қатарына еніп, шамамен бесінші орында тұр. Біраз уақыт жазушыларды «жарылқап жүрген» меценат есімі құпия болып, кейін ғана бір-ақ жария етілді. Меценат АҚШ және Қазақстанда тіркелген Freedom Holding Corp инвестициялық топтың негізін қалаушысы және мажоритарлық акция ұстаушысы Тимур Турлов. Ұйымдастырушылар сыйлықтың негізгі идеясы – қоғам мен шығармашылық адамын тоғыстыру, әдебиетке материалдық қолдау арқылы оның дамуына жол ашу дейді-мыс. Дегенмен мұндай сыйлықтар жүйесінің тиімділігі мен әділдігі туралы сұрақтар үнемі туындап жатады. Жеңіске жеткен қаламгердің шығармасының деңгейі мен сапасы туралы сын да оқтын-оқтын айтылып жүрді.
Байқаудың алғашқы маусымында Шархан Қазығұлдың «Күлпет» романы топ жарып, жеңіске жетті. Дәл осы роман туралы «Жас Алаш» газетіне сыншы Бағашар Тұрсынбайұлының «Көп мақталған «Күлпетті» оқығанда...» сыни мақаласы жарық көрген еді. Кейінгі жылдары Тұрысбек Сәукетайұлының «Өлгендер қайтып келеді...» мен Сәуле Досжанның «Өмір бәйтерегі», биыл Әлихан Жақсылықтың «Тургенев көшесіндегі үй жұмысқа қабылдайды» сынды романдар жеңіске жетті. Бұл авторлар енді ғұмырының соңына дейін айына 500 АҚШ долларын алып отырмақ.
«Жас Алаш» редакциясына белгілі жазушы Нұрлан Қамидың Ә.Жақсылықтың «Тургенев көшесіндегі үй жұмысқа қабылдайды» романы жөнінде жазылған рецензиясы, шағын аңдатпасымен қоса келіп түсті. Материалды қаз-қалпында жариялап отырмыз.
***
Осыдан бірер апта бұрын «Меценат.кз» әдеби сыйлығының лауреаттарының шығармаларын талқылауға рецензент боласыз ба деген ұсыныс түскенде қуанып қалдым. Қаламгерлерге серпін беретін байқаулар көбейе бергені жақсы ғой, бірақ соны сараптау, бағалау жағы қалай болып жүр өзі дегендей пікірлерімді ортаға салуға мүмкіндік туды деп ойлағанмын. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты.
Өйткені байқауды ұйымдастырушылардың талабы бойынша рецензия үш бөліктен тұрады екен, бір бөлігі – мақтау, екіншісі – сынпу, үшіншісі – әртүрлі ұсыныс айту. Өмір бақи тура сөйлеп үйреніп қалған басым, мақтайтын ештеңе таппаған соң шығарма туралы түйгенімді айтқанмын, дұрысы, жазып бергенмін. Талапқа сай келмейтін болып шықты.
Бәлкім, қалың оқырманның, қаламгер қауымның әдеби шығарма туралы пікір білдіруге қоятын талаптарына сай келер деген үмітпен аталмыш рецензияны сол күйі (бір ғана сөйлемін сәл-пәл түзеттім) «Жас Алаш» газетіне жолдап отырмын. Мүмкін сіздердің де осы мәселеге қатысты айтатын ойларыңыз, ұсыныстарыңыз, пікірлеріңіз бар шығар.
Жыл сайын берілетін «Меценат.кз» әдеби сыйлығының 2025 жылғы лауреаты атанған «Тургенев көшесіндегі үй жұмысқа қабылдайды» деп аталатын шығармаға қатысты
Р Е Ц Е Н З И Я
Ең алдымен, бұл шығарманың қалай лауреат атанғанына таңғалдым. Конкурстың ережесінде шығарманың көлемі 150 мың таңбадан кем болмауы керек деп жазылған, бірақ бұл талап романның табиғатына қиянат жасауға болатынын білдірмесе керек. Елімізде қалыптасқан стандартқа сәйкес кітаптың бір баспа табағының көлемі 40 мың таңба. Сонда 4 баспа табаққа да толмайтын шығармаға «роман» деп айдар тақса болды, оны солай қабылдай береміз бе? Танылмай жүрген таланттар мен үлкен әдеби кеңістікке шыға алмай жүрген кемеңгерлер, бәлкім, осындай тым шағын ауқымға сыйып кететін роман жаза алатын шығар. Соған да күмәнім бар. Байқауды ұйымдастырушылар әу баста солай пайымдаса керек. Әйтсе де қолына қалам ұстаған талапкерлердің бәрі ондай кемеңгер емес қой. Ал кейбір пысықайлар бұл мүмкіндікті құр жібермеуге тырысады.
Романға қойылатын басқа талаптар ше? Мәселен, интернетте «роман» деген әдеби терминге орыс тілінде мынадай анықтама беріліпті, біз соны аударып жатпай-ақ сол күйі келтірмекпіз:
«Роман – это большое литературное произведение (чаще всего прозаическое) со сложным сюжетом, которое описывает жизнь и судьбу нескольких персонажей в течение значительного времени. В романе автор может показать внутренний мир, борьбу, страсти и стремления героя на фоне общественной жизни.
Что характерно для романа:
Большой объем: Роман – это крупная форма, он не ограничивается строгой структурой или рамками жанра.
Сложный сюжет: Сюжет романа обычно разветвленный, с множеством событий и линий, что делает повествование многолинейным.
Развитие персонажей: Главный акцент делается на жизни и развитии личности героя, его становлении и самосознании.
Отражение общественной жизни: Частная судьба героя часто становится «зеркалом мира», показывая влияние окружающей действительности на человека.
Разнообразие тем: Романы могут затрагивать самые разные темы – от любовных отношений до исторических событий и философских проблем.
Проще говоря, роман – это как бы целая «жизнь» героя, рассказанная на многих страницах, со всеми сложностями, радостями и горестями».
Аталмыш туынды осы талаптардың қайсысына сай келеді екен? «Көрмейін десем көзім бар», бұл шығармадан романға тән сипаттардың ешқайсысын таба алмадым. Қараңыздар:
«Ауқымы кең» емес, ғасырдан астам тарихы бар әдеби журналымыз «Жұлдызда» қабылданған стандарт бойынша есептесек, аталмыш шығарма небәрі 48 беттен тұрады. Бұл романға емес, шағын хикаятқа (повесть) тән өлшем.
«Күрделі сюжет» дегеннен мүлдем мақұрым. «Оқиғалар көп» емес, сондықтан «көпжелілі» бола алмайды.
«Кейіпкерлердің өсіп, толысуын» байқамадық. «Қаһарманның өмір жолы мен тұлға ретінде қалыптасуын, өміртанымы түзілуін» де көре алмадық.
«Қоғамдық өмірдің көрініс табуын» да аңғармадық. «Қоршаған ортаның адамға ықпал етуіне» мүлдем көңіл бөлінбепті.
Ақыр соңында, бұл шығарманы «қаһарманның қуаныш-бақыты мен қайғы-қасіретін, күрделі тартыстардан тұратын өмірі бейнеленген» роман деуге салиқалы оқырманның дәті бармаса керек деп ойлаймыз.
Енді шығарманың өзіне көшейік. Автор «көркем әдебиет» деген ұғымды жете түсінбейтін тәрізді. Роман – көркем әдебиеттің бір жанры. Көркем (!) әдебиеттегі басты сипат атауының өзі айтып тұрғандай, – көркемдік. Яғни, шығарма әдемі жазылып, оқырманды еліктіріп әкетіп, еріксіз жетелеп отыратындай етіп құрылуы керек. Ал мына туындыны бастап оқығанда тұла бойың тітіркеніп, жиіркенішің оянады. Бұл тек оқиғаның өрбуіне, үйдегі қызметшілердің адам емес, кәдуілгі мақұлықтар екеніне ғана байланысты емес. Автордың сөйлем құрауы қарабайыр, жазу стилі нашар. Сөздің табиғатын түсінбейді, кейбір сөздердің мағынасын білмейді, сөздердің өзара байланысын сезінуден жұрдай. Халқымызда «ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген ұлағатты сөз бар, бұл кісі ұстаз көрмеген бе деп күдіктеніп қалдық.
Бұл жерде айтылып тұрған Ұстаз – нақты адам, әке-шешең, мектептегі мұғалім, аға буын жазушы болуы міндетті емес. Киелі де кепиетті сөз өнеріне қол созған талапкер ең әуелі қалай жазуды меңгеруге ұмтылса керек. Қазіргі мектеп бағдарламасына бұрынғыдай мазмұндама, шығарма жазу деген енгізілмеген, білім беру саласын басқарып отырған мықтылар елімізге сауатты ұрпақтың қажеті жоқ деп есептейтін сияқты, жастарымыз солай тәрбиеленген, мінсіз жазуды қайдан үйренеді деп сылтау айтуға болады, әрине. Бірақ сен жазушы боламын деп шештің ғой, өмірлік мамандық ретінде жазушылықты таңдадың. Демек шеберлігіңді шыңдауға тиіссің. Бұл үшін кітап оқудың өзі жеткілікті. Саған дейін талай адам жазған, ғасырлар бойы сан миллион адам көркемдігіне сүйсініп, автордың шеберлігіне тәнті болып келе жатқан небір жауһар шығармалар бар, әлем әдебиетінің классиктерін білетін шығарсың, соларды оқы, үйрен, білім-білігіңді молайт, кемелдікке ұмтыл! Шала-жансар «шығармаңды» оқырманға қалай, не деп ұсынасың? Оқырман – халық, халықты алдамақсың ба? Ұят деген болуы керек қой!
Алғашқы сөйлемдегі «қорсылдаған шу» деген не? Шу қорсылдай ма екен?
Екінші сөйлемде айтылғандай, ұйқыдан қазір ғана оянған адамның мазасы қашпайды. Маза деген біртіндеп қашады, оны басқа сөзбен «мезі болу» деп сипаттайды. Ұйқыдан оянған адам әлденені жақтырмауы, ашуы келуі, жыны қозуы мүмкін. Үшінші сөйлем мүлдем түсініксіз әрі аяқталмаған. «Түні бойы қалпағын қысып, шалқая тұрған Фердинанд боламын деп әбден әбігерге түскен, шаршау» деген сөйлемнен не түсіндік?
Әрі қарай да осылай жалғастыра беруге болады. Мұндай шатпақты көркем әдебиетке қалай жатқызамыз?
Шығарманың сюжеті нашар. Бірді айтып, бірге кете береді. Көркем туындыда композиция деген болады, жалпақ тілмен айтқанда, шығарманың құрылымы солай аталады. Көркем шығармадағы оқиғалар бір-бірімен мінсіз байланысып, ұштасып, астасып жатуға тиіс. Олақ қатынның қолынан шыққан киімдей, олпы-солпы дүниені кім жақтырсын!
Әдеби шығармада кейіпкерлердің образы сомдалып, характері ашылуға тиіс. Ал роман тәрізді күрделі шығармада бір емес, бірнеше адамның образы жасалып, қалған кейіпкерлердің характері ашылатын. Өмірдің қат-қабат қатпарлары қопарылып, әлеуметтік-қоғамдық-саяси-психологиялық-адами-пендәуи қырлары жарқырата көрсетілетін. Мына «романда» ондайдың нышаны да жоқ. Тек кейбір кейіпкерлердің характерінің штрихтары ғана кездеседі, ол да көпке танымал жағымсыз кейіпкерлердің бәріне тән ашкөздік, жауыздық, т.с.с. келеңсіздіктер ғана.
Бұл шығармадағы ұтымды кейіпкер Тілеужанның анасы болуы керек еді, шығармадағы өзекті кейіпкерлердің бірі әйел, соның ішінде АНА болса – әдебиеттің ішкі заңдылығы бойынша автор ондай кейіпкерге арнайы тоқталып, жан дүниесіне үңіліп, тағдырына үлкейткіш әйнекпен қараса керек-ті. Ал мұндағы әйел өзегін жарып шыққан балаларын мысықтың марғауындай-ақ көре ме, сұрағандарға арзан бағасына бере салады.
Осы ма роман? Автордың білімі, білігі жетіспейді, жөн сілтер жанашыры жоқ делік, сарапшылар қайда қараған? Кім таңдады оны, осындай беделді әрі дер кезінде тағайындалған, жазарман қауымды кәдімгідей қуантып, серпілтіп тастаған сыйлыққа лайық деп тапқан кім?
Мен білгішсініп тұрған жоқпын, автордың ай сайын алатын сыйақысын да қызғанбаймын. Әдебиеттің қадірін қашырып, абыройын төгіп, «артық қыламын деп тыртық қылып» жүргенімізге налимын. Жас жазушылардың әдебиетке тым жеңіл, үстірт, тіптен менсініңкіремей қарайтынынан қорқамын. Тағы да қайталаймын, өнерге талпынған жас талапқа әманда ұстаз керек. Мақтайтын ұстаз емес, сынайтын ұстаз. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады». Жау таба алмай жүрген ештеңем жоқ, «тек жүрсең тоқ жүресіңді» мен де білемін. Бірақ ұлттық мүддеге, еліміздің ертеңіне, халқымыздың болашағына қатысты мәселеге келгенде өтірік айта алмаймын. Көзіме қисық шеге түссе болды, «ойбай, мынаны түзету керек» деп бас салып байбаламдай беретін міншіл де емеспін, пікір білдіруімді сұрағасын айтып тұрмын.
Әдебиет – өнер, сөз өнері. Халқымыз «өнер алды қызыл тіл» дейді. Яғни, күллі өнер атаулының ноқта ағасы, бастауы, қайнар көзі – әдебиет. Ал біз оны көпшіліктің дауыс беруіне тәуелді қылып қойдық. Нақты адамдардың дауыс беруі бір басқа да, жансыз құрал арқылы дауыс беру екі басқа. Ондай құралдың тілін білетін, сырына жетік мамандар кез келген халтурщикті бірінші орынға шығара алады. Осы конкурстың жеңімпазын таңдауға да сондай айла-шарғының ықпалы тиіп жүрген болуы кәдік.
Меніңше, әдеби байқау шын ниетпен, еліміздің, халқымыздың болашағын ойлағандықтан өткізілетін болса іріктеу, сараптау, бағалау жұмыстарын қанша ақылды, әділ, бұра тартпайды деп есептелсе де жансыз құралдың қолына беріп қойғанымыз дұрыс емес. Ондай жауапты жұмысты әділдіктен аттамайтын, адалдықтан айнымайтын, әрқашан дұрысына бағатын азаматтарға табыстау керек. Ел емеспіз бе, ары мен жаны былғанбаған таза адамдар бар шығар арамызда. Сонда ғана әдебиетіміз өркендеп, алға басады, ұлттық әдеби байқаудың жеңімпаздарын әлем жұртшылығына ұялмай таныстыра аламыз. Әйтпесе, мынадай «романдарды» жеңімпаз деп танымақ түгіл, көркем шығарма деп атаудың өзі ұят.
Сөзімнің соңында авторға бірер сөз арнайын. Қарағым, бұл күндері жаттанды тіркеске айналып кеткендей көрінетін, бірақ, соған қарамастан, ешқашан мәнін де, құнын да жоғалтпай, теңізшіге жол сілтер маяк тәрізді мәңгі жарқырап тұра беретін «әдебиет – ардың ісі» деген сөз еріккеннен айтылмаған. Әдебиет – адамзаттың моральдық бет-бейнесі, өмірінің көркем айнасы, бұл өмірде барша адам ұстанатын, әйтеуір ұстануға тиісті қарапайым қағидаларды сақтай білу қаншалықты қиын болса да сол мұраттардан айнымауға ұмтылған жандардың іс-әрекеті, ой-қиялы, арман-мұраты, мақсат-мүддесі жайында сыр шерту, осы жолда кездескен қиындықтарға қарсы қалай күрескенін бейнелеу, жеңуі мен жеңілуінің себептерін ашу. Ақын-жазушы – қоғамның ар-ұяты, адамзаттың рухани ұстазы, жолбасшысы әрі әділ қазысы. Өтірік айтпайды олар, жалғандыққа бармайды, ардан аттамайды. Осы қарапайым қағидаларды ойыңа, бойыңа, жан-жүрегіңе жақсылап сіңіріп алшы. Сен жап-жассың, бар өмірің алдыңда, «арыңды жастан сақта» деген ұлағатты сөздің ішкі мәнін ұғынуға тырысшы. Талабың зор, әдебиет айдынына қайығыңды салуға бекініпсің, ақ жол тілеймін саған. «Өмір – күрес», бірақ бұл өзгелермен емес, өзіңмен, өзіңнің осалдығыңмен күресу, шеберлігіңді шыңдау, мамандығыңды жете меңгеру. «Арзанның жілігі татымас» дейді, оңай жеңіс болмайды, тура жолдан бір рет тайсаң болды, батпаққа бата бересің. Өзгелерден оздым деп масаттанба, қазіргі өтпелі кезеңде талай-талай қыл-қыбыр мен жүн-жыбыр өмір-өзеннің бетіне қалқып шықты, бүгін көзге іліккенімен ертең-ақ жоғалады олар, ондайға алданба. Түптеп келгенде, адалдық пен дұрыстық қана жеңеді. Сен арзан жеңісті малданып жүргенде қиын да болса дұрыс жолға түскендер жетеді мәреге, жолдан тайғандар сол адасқан күйі кете береді. Ақын да, жазушы да адам, олар өледі, ал адамзаттың алтын қазынасы – әдебиет мәңгі жасай береді, онда тек шын жауһар шығармалар ғана қалады. Осыны ұмытпа. Ал мына лауреаттығыңды болашақ шығармаларың үшін берілген аванс деп қабыл ал.
Нұрлан ҚАМИ, жазушы,
«Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы