Өзбекстандағы Италияның бұрынғы елшісі ресейліктерге шенген визасын сатып келген
Италияда Өзбекстандағы бұрынғы елші Пьергабриэле Пападиа де Боттини ұсталды. Тергеу мәліметінше, Ташкенттегі елшілік арқылы ресейліктерге ережеден тыс шенген визаларын рәсімдеуге көмектескен. Бұл қызмет үшін мыңдаған еуро алынған.
Тергеу нұсқасы бойынша, дипломат елшіліктің визалық бөлімін өзі бақылап отырған және бұл іске танысы Татьяна Тараканованы тартқан. Екеуі бұған дейін Мәскеудегі консулдықта бірге жұмыс істеген.
Мәскеудегі үш туристік агенттік арқылы ресейліктерге үш жылға дейінгі ұзақ мерзімді туристік визалар рәсімделген. Алайда олардың көбі Шенген аймағына кіру талаптарына сай болмаған.
Арасында консулдық округте тіркеудің болмауы, қол қойылмаған құжаттар және өтініш иелерінің елшілікке жеке келмеген жағдайлары да болған.
Прокуратура дерегінше, мұндай визалардың құны 16 мың еуроға дейін жеткен. Ал ресми консулдық алым небәрі 45-60 еуро шамасында. Тіпті схемада арнайы «VIP-тариф» те болған.
Қазір Рим прокуратурасы шамамен 400 визалық істі тексеріп жатыр. Сонымен қатар тергеушілер дипломаттың 3 миллион еуроға жуық мүлкінің шығу тегін зерттеді. Алайда экс-елші бұл қаражатты мұрагерлік арқылы алғанын айтады.