Алматы тауларында жоғалған 73 жастағы Оңтүстік Корея азаматы үш аптадан бері табылмай жатыр
Алматы тауларында 28 қыркүйекте жоғалып кеткен 73 жастағы Оңтүстік Корея азаматын іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
16 қазандағы жағдай бойынша турист табылмаған. Бұл туралы Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
28 қыркүйекте ер адам бір топ туристпен бірге Шымбұлақтағы аспалы жол арқылы тауға көтерілген. Кейін серіктеріне сапарын жалғыз жалғастырып, қалаға өз бетінше түсетінін айтқан. Алайда қонақүйге оралмаған.
29 қыркүйекте шетелдік азаматтың жоғалғаны туралы ақпарат құтқарушыларға түскен. Осыдан кейін тауда іздестіру-құтқару операциясы басталды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, іздеу жұмыстарына таулы жердің күрделі бедері, аумақтың кеңдігі және биіктік айырмашылықтары кедергі келтіріп отыр. Құтқарушылар жетуі қиын тау беткейлері мен шатқалдарды тексеріп жатыр.
Іздестіру жұмыстарының алғашқы күндерінде ТЖМ мен полиция қызметкерлері, еріктілер, кинологтар жұмылдырылды. Сондай-ақ дрондар мен авиация пайдаланылды.
Құтқарушылар таулы аумақтарды кезең-кезеңімен тексеріп жатыр. Әзірге жоғалған туристің қайда екені белгісіз.