Live

Адамға ұқсайтын робот: алда бізді не күтіп тұр?

Бұған дейін адамға ұқсайтын роботтар ғылыми фантастиканың кейіпкері еді.

Optimus

 Енді олар зауыттарға жақындап, адамның күнделікті тіршілігіне араласуға дайындалып жатыр. Жасанды интеллектінің дамуы машинаның біртіндеп тек бұйрықты орындаушы құрылғы болудан алыстап, қоршаған ортаны танып, заттарды ұстап, белгілі бір міндетті өздігінен атқаруына жол ашты. Алайда адамға ұқсап жүру мен адам секілді жұмыс істеудің арасында әлі де үлкен алшақтық жатыр.

Осы алшақтықты қысқартуға ұмтылып отырған компаниялардың бірі –Tesla. Электромобиль өндірісімен танылған кәсіпорын енді робототехниканы болашақтағы негізгі бағыттарының біріне айналдырмақшы. Оның Optimus деп аталатын адамтектес роботы өндірістегі ауыр әрі қайталанатын жұмыстарды атқаруға арналған. Ал компанияның негізін қалаушы Илон Маск бұл жобаны жай ғана жаңа өнім емес, болашақ экономиканы өзгертетін технология ретінде қарастырады.

 "Робот адамға шынымен көмекші бола ма, әлде оның жұмыс орнын иелене ме?" деген маңызды сұраққа әзірге біржақты жауап беру қиын. Өйткені технологияның мүмкіндігі ұлғайғанымен, оны күнделікті өмірде қауіпсіз әрі тиімді қолдануға қатысты мәселелер әлі толық шешілген жоқ.

Робот
Фото: Полиция/Робот-ит

Автокөліктен адамтектес роботқа дейін

Илон Масктың технологиялық жобалары бір ғана саламен шектелмейді. SpaceX ғарыштық технологияларды дамытса, Tesla электр көліктері мен энергетикалық жүйелерге басымдық береді. Neuralink ми мен компьютер арасындағы байланысты зерттейді. Ал Optimus адамның физикалық еңбегінің бір бөлігін автоматтандыруға бағытталған. Бұл жобалардың арасындағы ортақ мақсат – технология арқылы адамның мүмкіндігін кеңейту. Бірақ адамтектес робот жасау электромобиль шығарудан әлдеқайда күрделі міндеттердің бірі болып отыр.

Tesla-ның ресми құжаттарында Optimus жалпы мақсаттағы автономды адамтектес робот ретінде сипатталады. Компания оны өндірістегі қауіпті, қайталанатын және адамға қолайсыз жұмыстарға пайдалануды көздейді. 2026 жылғы ресми есептерде де роботты дамытуға және оны ауқымды өндіруге дайындық жүргізіліп жатқаны айтылған. Бірақ роботтың екі аяқпен жүруі, затты қолына алуы немесе адамның қимылын қайталауы оның кез келген жұмысты орындай алатынын білдірмейді. Мәселен, зауыттағы өндірістік робот алдын ала белгіленген қозғалыстарды жоғары дәлдікпен қайталай алады. Дегенмен адамтектес роботқа бір ғана әрекетті емес, өзгеріп отыратын жағдайға бейімделуді үйрету қажет.

Үстел үстіндегі затты алып, басқа жерге қою сырттай қарағанда қарапайым көрінеді. Алайда робот заттың көлемін, салмағын, орналасуын анықтап, оны түсіріп алмайтындай күшпен ұстауы керек. Егер қолындағы зат сынғыш болса, артық қысым оны зақымдайды. Ал жеткіліксіз күш жұмсаса, зат жерге құлауы мүмкін.

2026 жылғы қазанда жарияланған мәліметтерде Илон Масктың өзі де адам қолының нәзік қимылдарын роботқа үйрету инженерлік тұрғыдан өте қиын екенін мойындаған. Әсіресе жанасуды сезетін сенсорларды жасау, күшті дәл мөлшерлеу және саусақтардың күрделі қозғалысын басқару оңай емес.  Демек, адамтектес роботтың басты артықшылығы сыртқы келбетінде емес. Оның шынайы мүмкіндігі – адам жұмыс істейтін ортада өздігінен әрекет етіп, тапсырманы тұрақты әрі қауіпсіз орындай алуында.

Optimus
Фото ашық дереккөз/Optimus

Optimus не істей алады?

Tesla Optimus жобасын тәжірибелік үлгілер деңгейінде қалдырмай, өнеркәсіптік өндіріске шығаруға күш салып келеді. 2026 жылы компанияның Fremont зауытында робот өндірісіне арналған желілерді ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатқаны туралы ақпарат тарады. Tesla бұған дейін ұзақ мерзімді жоспарда жылына миллион роботқа дейін өндіретін қуат қалыптастыру мақсатын да жариялаған.

Алайда өндірістік қуат жөніндегі жоспарды нақты шығарылған робот санымен шатастыруға болмайды. Компанияның өзі өндірісті ұлғайтуға қатысты белгісіздіктер мен технологиялық қиындықтар бар екенін ресми құжаттарында ескерткен. Қыркүйек айының соңында The Information басылымы Tesla-ның Optimus өндірісі аптасына бірнеше жүз данаға жеткені туралы хабарлады. Сол материалда жыл соңына қарай апталық өндірісті мыңнан асыру мақсаты да аталған. Бірақ бұл көрсеткіштер Tesla-ның ресми жариялаған өндірістік есебі емес, бұқаралық ақпарат құралдары таратқан деректер екенін ескерген жөн. Мұның өзі адамтектес робот өндірісінің қаншалықты күрделі екенін көрсетеді. Автомобиль құрастыруда бұрыннан қалыптасқан бөлшектер өндірісі, жеткізушілер жүйесі мен технологиялық тәжірибе бар. Ал роботтың буындары, жетектері, сенсорлары және дәл қимылдайтын қолдары басқа деңгейдегі инженерлік шешімдерді қажет етеді.

Әсіресе қолдың құрылысы – негізгі кедергілердің бірі. Адам саусақтарын еркін қозғалтып, әртүрлі затты сезу арқылы ұстайды. Роботқа мұндай мүмкіндікті беру үшін механикалық құрылымның дәлдігімен қатар, бағдарламалық басқару жүйесі де жетілдірілуі керек. Бір бөлшектің ақауы бүкіл операцияның тоқтауына кері әсер етуі ықтимал. Оған қоса роботты жасау мен оны экономикалық жағынан тиімді пайдалану – екі бөлек мәселе. Егер машина бір тапсырманы орындау үшін ұзақ уақыт жұмсап, жиі бұзылып немесе тұрақты бақылауды қажет етсе, кәсіпорын үшін оның пайдасы күмәнді болуы мүмкін. Сондықтан роботтың тиімділігі көрсетілім кезіндегі әсерлі қимылымен емес, өндірістегі тұрақты жұмыс нәтижесімен өлшенуі тиіс.

Tesla-ның мақсаты – роботты тек зауыт ішінде сынап көру емес, болашақта оны жаппай өндіруге болатын өнімге айналдыру. Бірақ бұл межеге жету үшін компанияға технологиялық жетілдірумен қатар, сенімді бөлшектер жеткізу, өндіріс сапасын тұрақтандыру және шығынды азайту міндеттері тұр.

Optimus
Фото ашық дереккөз/Optimus

Болашақ есігін робот қағып тұр

Optimus төңірегіндегі пікірталастың ең өзекті тұсы – оның еңбек нарығына ықпалы. Егер адамтектес роботтар жаппай өндіріске еніп, бағасы қолжетімді болса, кейбір кәсіптер мен жұмыс түрлерінің өзгеруі әбден мүмкін.

Бір жағынан, роботтар адамның денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін жұмыстарды атқара алады. Ауыр жүк тасу, қайталанатын өндірістік операциялар, қолайсыз ортада жұмыс істеу секілді міндеттерді автоматтандыру еңбек қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Адамның күшін көп қажет ететін жұмыстардың бір бөлігін машинаға тапсыру арқылы өндіріс өнімділігін де көтеруге болады.

Екінші жағынан, автоматтандыру кейбір қызметкерлердің жұмысын қысқартуы немесе кәсіби дағдыларға қойылатын талаптарды өзгертуі ықтимал. Роботтар қарапайым физикалық міндеттерді орындаған сайын оларды бағдарламалайтын, жөндейтін, оқытатын және бақылайтын мамандарға сұраныс артады. Яғни бірқатар кәсіпке қажеттілік азайса, екінші бір бағыттарда жаңа жұмыс орындары пайда болуы мүмкін.

Бірақ "роботтар адамның орнын басады" деген тұжырымға асығуға болмайды. Адам еңбегінің құндылығы тек физикалық әрекетпен өлшенбейді. Күрделі шешім қабылдау, жауапкершілік алу, адамдармен тіл табысу, жағдайды терең түсіну мен шығармашылық ойлау секілді қабілеттердің маңызы сақталады. Оның үстіне роботтың техникалық мүмкіндігі артқанымен, оны кез келген ортаға енгізудің экономикалық және қауіпсіздік талаптары бар.

Мұнда тағы бір назар аударарлық мәселе – роботтар адамның еңбегін алмастырумен ғана шектелмей, сол еңбектің өзін үйренуі керек. 2026 жылғы шілдеде Tesla-ның Германиядағы зауытында қызметкерлердің жұмыс қимылдарын камера арқылы тіркеп, роботты оқытуға пайдалану жоспары туралы хабарланды. Мұндай тәсіл роботқа құралды қалай ұстау, бөлшекті қалай орналастыру және өндірістік әрекетті қандай ретпен орындау керегін үйретуге бағытталған.

Осы тұста "Егер адамның күнделікті қимылы роботты үйретуге пайдаланылса, қызметкердің еңбек тәжірибесі мен жұмыс орны қалай қорғалады?" деген сұрақ туындайды. Компания үшін бұл – технологияны жетілдірудің жолы. Ал қызметкер үшін оның еңбегі ертең өз орнын басатын машинаны үйретуге жұмсалып жатқандай көрінуі мүмкін. Сондықтан роботтандыру мәселесін тек техникалық жетістік ретінде емес, еңбек құқығы мен әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан да қарастырған жөн.

Илон Маск Optimus-ты болашақта Tesla-ның аса маңызды өнімдерінің біріне айналдыруды көздейді. Алайда әзірге роботтардың мүмкіндігі мен жаппай қолдануға дайындық деңгейі туралы сұрақтар толық шешілген жоқ. Компания өндірісті кеңейтуге ұмтылғанымен, роботтардың нақты өнімділігі, сенімділігі және сыртқы тұтынушыларға қолжетімділігіне қатысты деректер әлі де шектеулі.

Сондықтан Optimus-қа тек болашақтың ғажайыбы ретінде қарау да, адамды түгелдей жұмыссыз қалдыратын машина деп үрейлену де асығыстық болар еді. Басты мәселе – роботтың адамға ұқсайтынында емес, адамның өмірін қаншалықты жеңілдетіп, еңбекке деген көзқарасты қалай өзгертетінінде.

Бүгінде адамзат робот дәуірінің табалдырығында тұр. Бірақ оның қаншалықты жылдам келетінін нақты айту қиын. Масктың өзіне тән батыл болжамдарына сенсек, ол алдағы жылдары адамтектес роботтардың саны күрт өсетінін айтып келеді. Ал оның қаншалықты кең тарайтынын уақыт пен технологияның мүмкіндігі ғана емес, қоғамның оған деген сұранысы мен дайындық деңгейі де көрсетеді.

Динара Мыңжасарқызы

Тегтер: Optimus Илон Маск
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз