Live

Қостанай облысында Instagram-дағы ұтысқа қатысты дау сотқа жетті

Қостанай облысында Instagram желісінде ұйымдастырылған байқаудың жеңімпазы сот арқылы бас жүлденің ақшалай құнын өндіріп алды.

сот

 Ұтыс ойынын ұйымдастырушылар әйелдің аккаунтын жалған деп танып, нәтижені жойған және пәтерді басқа қатысушыға берген.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың шілдесінде "С…" ЖШС Instagram желісінде байқау жариялаған. Бас жүлдеге пәтер тігілген. Сол жылдың қазан айында ұйымдастырушылар әйелді жеңімпаз деп жариялаған. Бұл Instagram-дағы жарияланымдардың скриншоттарымен расталған. Компания да әйелдің бастапқыда жеңімпаз атанғанын жоққа шығармаған.

Алайда кейін серіктестік өкілдері әйелдің әлеуметтік желідегі аккаунты жалған екенін айтып, байқау нәтижесін жойған. Содан соң ұтыс қайта өткізіліп, пәтер басқа қатысушыға берілген.

Әйел мен оның өкілі бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінген. Олар Instagram парақшасының жеке аккаунт екенін және байқау басталғанға дейін әлдеқашан ашылғанын мәлімдеген. Ал компания аккаунттың жалған екенін растайтын нақты дәлелдер ұсына алмаған.

Сот талқылауы барысында ұйымдастырушылардың IP-мекенжайларды тексермегені, аккаунттардың бір адамға тиесілі екенін анықтамағаны және әлеуметтік желідегі парақшаны тексеру үшін техникалық құралдарды пайдаланбағаны белгілі болды.

Сот Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 911-бабының 1-бөлігіне сүйенген. Аталған нормаға сәйкес, белгілі бір нәтижеге қол жеткізгені үшін көпшілік алдында сыйақы беруге уәде еткен тұлға байқау шарттарына сай жеңімпаз деп танылған қатысушы алдындағы міндеттемесін орындауға тиіс.

Компания әйелдің аккаунты жалған екенін дәлелдей алмағандықтан, сот талап арызды қанағаттандырды.

Нәтижесінде серіктестіктен әйелдің пайдасына 7 682 000 теңге өндірілді. Бұл – бас жүлдеге тігілген пәтердің ақшалай құны.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Тегтер: Сот
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз