Live

Hondius лайнеріндегі хантавирус белгілері тағы бір жолаушыдан анықталды

Хантавирус өршіген MV Hondius лайнерінен эвакуацияланған тағы бір жолаушыдан ауру белгілері анықталды. Бұл туралы DW хабарлады.

Хантавирус

Франция премьер-министрі Себастьен Лекорнюнің мәліметінше, лайнерден эвакуацияланған бес француз азаматының бірінен елге қайтару рейсі кезінде хантавирус симптомдары байқалған.

Оның айтуынша, бес жолаушының барлығы арнайы оқшаулауға жіберіліп, дәрігерлердің бақылауына алынған. Олар толық медициналық тексеруден өтеді.

Лекорню 10 мамырдың соңына дейін байланыста болған адамдарға қатысты оқшаулау шараларын енгізуге мүмкіндік беретін арнайы жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді.

MV Hondius 10 мамыр күні таңертең Тенерифе аралындағы Гранадилья-де-Абона портына жеткен. Бортта 23 елден келген 140-150 жолаушы, экипаж мүшелері және сарапшылар болған.

Бұған дейін кемеде инфекция салдарынан үш жолаушы көз жұмып, кем дегенде сегіз адамнан вирус белгілері анықталған еді.

Германия азаматтары карантинге жіберіледі

Германиялық dpa агенттігінің хабарлауынша, лайнерде қалған төрт неміс азаматы арнайы рейспен Нидерландтағы Эйндховен қаласына жеткізілген. Одан кейін олар арнайы көлікпен Франкфурт-на-Майне қаласына жөнелтілген.

Неміс жолаушыларының бірі Шарите клиникасына жатқызылады. Қазіргі уақытта онда симптомдар байқалмаған. Тағы бір жолаушы үй карантиніне жіберілген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лайнердегі барлық жолаушыға 42 күндік карантин енгізуді ұсынған.

Пандемия қаупі бар ма?

Роберт Кох институтының басшысы Ларс Шаде Германия халқы үшін пандемия қаупі жоқ екенін айтты.

Оның сөзінше, хантавирус адам ағзасына ауыр әсер етуі мүмкін, алайда ол оңай таралатын инфекциялар қатарына жатпайды. Ғалым бұл жағдайды COVID-19 пандемиясымен салыстыруға келмейтінін атап өтті.

Хантавирус қалай жұғады?

Хантавирус көбіне кеміргіштердің нәжісі түскен шаң арқылы тарайды. Мамандардың айтуынша, вирустың көп түрі адамнан адамға жұқпайды. Алайда Оңтүстік Америкада таралған анд штамы жақын байланыс кезінде берілуі мүмкін.

ДДҰ мәліметінше, Hondius лайнеріндегі жағдай дәл осы анд штамымен байланысты болуы ықтимал. Ұйым болжамынша, жолаушылардың бірі вирус жұқтырып, кемеге мінер алдында Аргентина, Чили және Уругвай елдерінде саяхаттаған.

Хантавирус кей жағдайда симптомсыз өтеді. Бірақ ауыр жағдайда қызба, қан кету, жүрек жеткіліксіздігі, өкпе мен бүйрек зақымдануы сияқты асқынулар туғызуы мүмкін.

Қазіргі уақытта Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерінде хантавирусқа қарсы ресми вакцина жоқ. Ал Қытай мен Оңтүстік Кореяда қолданылатын вакциналардың тиімділігі ғылыми тұрғыда толық дәлелденбеген.

Тегтер: хантавирус
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз