Live

"Әбіл" фильмі "Оскар" сыйлығының лонг-листіне енді

Қазақстандық режиссер Елзат Ескендірдің "Әбіл" фильмі 99-шы "Оскар" сыйлығының "Үздік халықаралық фильм" аталымы бойынша қарауға қабылданған картиналар тізіміне енді.

"Әбіл" фильмінен стоп кадр

 Америка киноакадемиясы бұл аталым бойынша барлығы 104 фильмді қарауға жіберген.

Фильмде Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанда жаппай жекешелендіру басталған 1993 жылғы оқиғалар баяндалады. Басты кейіпкер – "Баянқазақ" колхозының Әбіл есімді шопаны мемлекеттік мүліктен өз үлесін алады. Алайда оқиға ол ойлағандай өрбімейді.

Фильмде Ерлан Төлеутай, Нұржан Бексұлтанова, Әлихан Лепесбай және Ұлан Нүсіпәлі рөл сомдаған.

"Әбілдің" әлемдік премьерасы 29-шы Пусан халықаралық кинофестивалінде өтті. Қазақстанда фильм 2026 жылғы 25 маусымда прокатқа шықты. Бұған дейін туынды бірқатар халықаралық кинофестивальде, соның ішінде Францияда жүлдеге ие болған.

"Үздік халықаралық фильм" аталымы бойынша қарауға қабылданған картиналар қатарында Қырғызстанның "Кассандра", Грузияның "Гурия", Украинаның "Іздер", Әзербайжанның "Тағиев: Мектеп" және Литваның "Соғыс кезінде қалай ажырасуға болады?" фильмдері де бар.

Келесі кезеңде Америка киноакадемиясы 15 фильмнен тұратын қысқа тізім жасақтайды. Ол 2026 жылғы 15 желтоқсанда жарияланады.

99-шы "Оскар" сыйлығының номинанттары 2027 жылғы 21 қаңтарда белгілі болады. Ал марапаттау рәсімі 14 наурызда өтеді.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз