Омарбековтің ұсталуынан кейін "Қазатомөнеркәсіптің" акциялары құлдырады
"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының акциялары 2026 жылы ең төменгі бағасына дейін арзандады. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының (KASE) мәліметінде көрсетілген.
Бұған компанияның бұрынғы басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековтің сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталғаны туралы жаңалық әсер еткен.
Биржа дерегіне сәйкес, жергілікті уақыт бойынша сағат 14:20-да компания акцияларының бағасы 3,47%-ға төмендеп, бір қағаздың құны шамамен 25 мың теңгеге ($55) түскен. Бұл – биылғы ең төменгі көрсеткіш. 5 қаңтарда акциялар шамамен 29,5 мың теңгеден ($64,4) саудаланған. Ал 14:30-дағы мәлімет бойынша, KASE-дегі құлдырау 3,13% болды. Сауда-саттық әлі жалғасып жатыр. Лондон қор биржасында да "Қазатомөнеркәсіп" акцияларының бағасы 3,98%-ға төмендеді. Ондағы сауда да аяқталған жоқ.
Бұған дейін Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Қазатомөнеркәсіптің" өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбековтің "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорындағы сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған. Қор басшысы Нұрлан Жақыпов та 11 қарашада сыбайлас жемқорлық қылмысына күдікпен ұсталған.
Омарбеков ұсталғаннан кейін "Қазатомөнеркәсіп" оны директорлар кеңесінің шешімімен басқарма құрамынан шығарғанын мәлімдеді. Компания 2026 жылға арналған жоспарлары толық орындалатынын және қалыптасқан жағдай клиенттер алдындағы міндеттемелеріне әсер етпейтінін атап өтті.