Live

Қылқалам ұшындағы құпия

Қылқалам ұшындағы құпия

Танер Алакуш пен Ясемин Акйол

 Уақыт пен кеңістіктің заңдылығына бағынбайтын, тұтас дәуірдің тынысын қылқалам ұшынан төгілдіре салатын ғажайып әлем бар. Бұл –миниатюра өнері. Мұнда таулар да алақандай кеңістікке сыйып, бұлттар да көз ілеспес нәзік сызықтармен өрнектеледі. Ал табиғи бояулардың шұғыласы түсінген жанды өткен шақтың сағынышты әуеніне жетелейді. Дәл осындай көне түркі дүниесінің рухын қайта тірілткен ерекше өнер мерекесі таяуда елорда төрінде өтті. Түркияның танымал миниатюра шеберлері, өмірде де, өнерде де қол ұстасып қатар жүрген ерлі-зайыпты суретшілер Танер Алакуш пен Ясемин Акйол Астана жұртшылығына IZLEK атты ретроспективті көрмесін ұсынды.  

Экспозицияға қойылған 41 туындының әрқайсысы – ғасырлар қойнауынан сыр шертетін тұтас бір шежіре, бауырлас халықтардың ортақ құндылықтарына тамыр тартқан, нәр алған көркем философия. Ең ғажабы, бірқатар картинаны қос суретші бірлесіп салыпты. Әр иірімінде терең ой мен нәзік ишара жатқан сырлы суреттердің құпиясын білу үшін қос шебердің әңгімесіне құлақ түрдік.

Әңгімеміз, ең алдымен, көрме атауының астарындағы мағынадан басталды. "Izlek" сөзінің бірнеше мағыналық қыры бар. Әдебиетте бұл белгілі бір шығармада көтерілетін негізгі тақырыпты, басты идеяны білдіреді. Ал халықтық тілде соқпақ, аяқжол, яғни тау ішіндегі тар сүрлеу жол деген сипатта қолданылады. Сондықтан бұл ұғымның астарында өзіндік метафоралық мән бар екен.

1
Фото Виктор Федюнин/Kazinform/1

"Бір жағынан, Izlek – өнердегі негізгі тақырып пен идеяны білдірсе, екінші жағынан, жаңа бағытқа бастайтын соқпақтың бейнесін береді. Біз осы екі мағынаны ұштастырғымыз келді. Қазақстан мен Түркияның өнері мен мәдениетін байланыстыратын ортақ тақырыпты іздедік. Миниатюра өнері де – екі елді жақындастыратын осындай ортақ көркемдік арналардың бірі. Біз де сол символикалық соқпақпен бір елден екінші елге, бір мәдениеттен екінші мәдениетке қарай жол тарттық. Біздің мақсатымыз – осы шағын соқпақтың уақыт өте келе кеңейіп, үлкен шығармашылық бағытқа, мазмұнды мәдени байланысқа ұласуы болса деген тілек. Өнер жолы қай кезде де жеңіл болмаған. Өнер адамдары талай қиындықты еңсеріп, түрлі соқпақтардан өтіп, сол жолда көп нәрсені үйренеді. Біз де бұл көрмеге оңай жолмен келген жоқпыз. Түркиядан Қазақстанға дейін жетіп, өз өнерімізді таныстырып отырмыз. Сондықтан бұл атаудың бойына өнердегі ізденіс, тәжірибе жинау, жаңа дүниелерді тану және шығармашылық жолдағы сапар деген мағыналарды сыйғызғымыз келді", – деп бастады әңгімесін Ясемин Акйол.

1
Фото Танер Алакуш пен Ясемин Акйол/1

Енді әңгіме көрменің мазмұны мен өнер иелерінің болашақ жоспарларына қарай ойысты. Танер Алакуш сөзін былай сабақтады: "Біз көрмеге бүгінгі күнге дейін жасаған жұмысымыздың барлығын жинақтап, бір экспозицияға топтастырдық. Алдағы уақытта бұл бастаманың жалғасуына қатысты қызығушылық енді бізге ғана емес, қазақ халқына да байланысты. Біз мәдени ынтымақтастық аясындағы түрлі жобаларға ашықпыз. Егер осындай ұсыныстар түссе, мейлі ол мемлекеттер деңгейінде болсын, мейлі өнер адамдарының бастамасымен болсын, қуана-қуана қатысуға дайынбыз. Тіпті екіжақты бірлескен жобалар ұйымдастыруға болады. Белгілі бір тақырып таңдалып, соған арнап арнайы дизайндар мен шығармашылық жұмыстар әзірленсе деген ойымыз бар. Түркия Республикасының негізін қалаушы, ұлы көшбасшы Мұстафа Кемал Ататүрік республиканың алғашқы жылдарында дарынды балаларды өнер мен ғылым меңгеруі үшін мемлекеттің қолдауымен әлемнің түкпір-түкпіріне оқуға жіберген. Сол кезде оларға "Сендерді ұшқын күйінде жіберіп отырмыз, сендер жалын болып қайта ораласыңдар" деген екен. Бәлкім, біздің де өмірлік ұстанымымыз осы шығар. Бүгін біз Қазақстанға өнеріміздің бір ұшқынын алып келдік. Сол ұшқынның үлкен шығармашылық байланысқа ұласарына сенеміз", – дейді суретші.

Тамыры сонау VIII ғасырдағы Ұйғыр түріктері дәуірінен бастау алатын түрік миниатюра өнері бүгінде мүлде жаңа белеске көтерілген. Ясемин Акйолды бала кезінен осы өнерге баураған да – көне мәдениеттің ізі, композициялық шешімдер мен жүректі тербейтін ашық әрі қанық түстердің сиқырлы үйлесімі. "Дәстүрлі өнердің негізгі қағидаттарын терең меңгерсеңіз, бұған жаңашылдық енгізу қиын емес. Өнер дегеніміз де сол, туындыға өз болмысыңды, жеке көзқарасыңды қосу. Әйтпесе бұл өнер деңгейіне көтерілмей, жай ғана қолөнер болып қалады", – дейді олар.

Яғни суретші өз заманынан тыс қала алмайды, сондықтан уақытпен бірге тыныстап, дәстүрге жаңа мазмұн беру – табиғи құбылыс. Мәселен, бұрын миниатюра сұлтандардың өмірін, сарайдағы салтанатты жиындар мен соғыс көріністерін бейнелейтін көркем құжат қызметін атқарып, арнайы кітаптарда ғана сақталғандықтан, қарапайым халықтың қолы жетпеген. Ал бүгінде миниатюра кітап беттерінен шығып, кез келген адамның үйінде ілініп тұратын дербес көркем туындыға айналды.

1
Фото Танер Алакуш пен Ясемин Акйол/1

"Түркияның Шығыс пен Батыстың тоғысында орналасуы бізге үлкен мүмкіндік береді. Біз тамырымызды терең тарихтан алып, өз болмысымызды сақтай отырып, Батысқа қарай қанат жайған ағаш іспеттіміз", – дейді шеберлер.

Қазақ пен түрік халықтарының ортақ рухани мұрасы сөз болғанда, қос суретшінің де жанары жайнап сала берді. Ясемин ханым екі халықтың да бір кездері ортақ көшпелі дала өркениетінен бастау алғанын, мұны киіз басу, кілем тоқу мен ағаш ою өнеріндегі түстер үндестігінен анық байқағанын айтты. Тіпті XIV–XVI ғасырлардағы әйгілі "Сияһ қаләм" миниатюраларынан көшпелі дала мәдениетінің айқын көрінісін табуға болатынын еске салды.

Танер мырза да қазақ пен түріктің мәдени-генетикалық коды бір екенін айтты. Бұл өнердегі "Материал – хабардың өзі" деген қағиданы алға тарта отырып, ғасырлар бойы күннің әсерінен қалыптасқан табиғи топырақ бояуларының, өсімдік тамырларынан қайнатып алынатын қызыл, қанық сары және жылы реңктердің Анадолы өңіріне де, қазақ даласына да ортақ екенін атап өтті.

"Біз түріктер мен қазақтарды көбіне "жауынгер халықтар" деп сипаттаймыз. Бірақ неге біз оларды "өнерпаз халықтар" деп атамаймыз? Шын мәнінде, екі халықтың да мәдениеті өте бай, шығармашылық әлеуеті жоғары",  – деді Т.Алакуш.

Ұлттық өнердің дамуы мен жаңғыруы туралы сөз қозғағанда, ол дәстүр мен академиялық білімнің сабақтастығына ерекше тоқталды.

"Дәстүрді бүгінге дейін сақтап келген негізгі күш – жергілікті халық шеберлері. Олар ұлттық өнер мен қолөнерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. Бұл – мәдени мұраны сақтаудың маңызды жолы. Алайда ұлттық өнердің академиялық деңгейге көтерілуі үшін білім мен ғылымның да маңызы зор. Өнер академиялық ортаға енген кезде зерттеушілер, профессорлар мен кәсіби суретшілер қалыптасып, мұның жаңа бағытта дамуына жол ашылады. Мәдениеттің алмасуы тек тарихи оқиғалар арқылы емес, білім беру мен ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастық арқылы да жүзеге асуы керек. Сондықтан қос ел арасында мәдениет пен өнер саласындағы бірлескен жобаларды көбейту қажет. Түркия бұл бағытта белгілі бір тәжірибе жинақтап, өнерді академиялық деңгейде дамыту жолынан өтті. Ендігі кезекте осы тәжірибе алмасу екі елдің де ұлттық өнерінің өркендеуіне ықпал ете алады. Ең бастысы, дәстүрді халық сақтайды, ал білім мен ғылым оны жаңа деңгейге көтереді. Сондықтан ұлттық мәдениетті дамытуда академиялық білім мен кәсіби даярлықтың орны ерекше. Өнердің болашағы –  білімде", – дейді ол.

Шеберлермен мәдениеттер арасындағы өзара ықпалдастық тақырыбын да талқыладық. Өзге халықтардың ұлттық ою-өрнектерімізді өз туындыларында қолдануынан еш қорқудың қажеті жоқ екенін айтқан Танер мырза: "Құдықтан қанша су тартсаң да, оның суы қайта толыға береді. Біреу сіздің өнеріңізден шабыт алса, бұл – ұрлық емес, керісінше, сіздің құндылығыңыздың мойындалғаны", – деді.

 Сондай-ақ ол жақында Ыстамбұлда білім алған жапон суретшісінің түрік қыш өнерінің нақыштарын өз ұлттық бояуымен ұштастырып, ғажап мозаика жасағанын мысалға келтірді.

Кейіпкеріміздің пікірінше, ұлттық мұраны тек қайталап қоймай, оған еркін ой мен заманауи тыныс бергенде ғана өнер өркендейді. Сонымен қатар өнердің дамуы үшін елдегі сапалы бояу мен қылқалам сататын дүкендердің мол болуы да аса маңызды.

"Түріктерде "Сапасыз құралмен кемел өнер туындысын жасау мүмкін емес" деген сөз бар. Елдің өркендеуі тек зәулім ғимараттармен емес, ең алдымен мәдениетінің тереңдігімен өлшенеді", – деп ой сабақтады шебер.

Бүгінде жасанды интеллект өнер әлеміне де дендеп еніп келеді. Дегенмен қос шебердің пайымынша, жанды туындының орнын ешбір технология баса алмайды.

1
Фото Танер Алакуш пен Ясемин Акйол/1

"Адам миы – әлі күнге дейін толық зерттеліп, сыры ашылмаған күрделі механизм. Жасанды интеллект, түптеп келгенде, адам енгізген ақпарат пен білімге сүйене отырып, белгілі бір уақытқа дейін адамның ойымен үндесіп, соның негізінде жаңа дүниелер тудыра алатын құрал. Яғни мүмкіндіктері де әзірге адамның араласуы мен бағыт-бағдарына тәуелді. Мен үшін өнердің басты мәні – суретшінің өз болмысын, өмірлік тәжірибесін, сезімі мен жан дүниесін шығармасына сіңіре білуінде жатыр. Ал мұны ЖИ-нің дәл сол деңгейде жүзеге асыра аларына сенбеймін. Мәселен, сызғышпен сызылған мінсіз түзу сызық пен қылқалам арқылы жүргізілген сызықты салыстырып көріңізші. Қайсысы адамның көзіне жылырақ көрінеді? Мінсіздік әрдайым сұлулықтың өлшемі бола бермейді. Кейде өнердің шынайы көркін келтіретін де – оның кемшілігі, аяқталмаған тұсы, табиғи болмысы. Өйткені сол ерекшеліктерден суретшінің қолтаңбасы, мінезі мен даралығы көрініс табады. Адам қолынан шыққан туынды әрдайым қайталанбас, бірегей әрі ерекше құндылығын сақтап қала береді",  – деді Т.Алакуш.

Ал Ясемин ханым жастардың дәстүрлі өнерге қызығушылығы артып келе жатқанын айтады. Сол себепті миниатюраны анимация мен компьютерлік ойындарға енгізу арқылы жаңа буынға бұдан да жақындатуға болады дейді. Қазірдің өзінде жас суретшілердің әйгілі киноафишаларды миниатюра стилінде бейнелеп, әлеуметтік желілерде үлкен серпіліс жасағанын, жастардың "ұлттық болмысыңды танытпайынша, әлемдік деңгейде даралана алмайсың" деген биік сананың белгісі екенін атап өтті.

Сұхбат барысында суретшінің қоғамдағы орны мен қаржылық тәуелсіздігі туралы да әңгіме қозғалды. Т.Алакуш өнер адамына тұрақты жалақы төленбейтінін, бірақ суретші ешкімге тәуелді болмау керегін меңзеді. Өйткені өнер жолы – Дон Кихоттың жолы сияқты. Суретшіде аздаған қиялшылдық, тіпті сәл оғаштық болуы керек. Бұл – өз идеалыңа адал болып күресетін рыцарьлыққа ұқсайды.

"Осыдан 40 жыл бұрын Түркияда "наққаш боламын" десе, жұрт түсінбей таңғалатын. "Тәзһиб" өнерін "тәсбих" деп шатастыратын" деп күлімсіреп, еске алды шебер. Ол өздерін "отқа ұмтылатын инелікке" теңеп, суретшілердің де кейде шындықты бетке айтып, өздерін отқа тастайтынын әзілмен жеткізді. Дегенмен елшіліктер мен мемлекеттің көрме ұйымдастырып, өнерді шетелге танытудағы қолдауы аса маңызды екенін, Астанадағы осы іс-шараның да сол игі бастаманың жемісі екенін ризашылықпен атап өтті.

Әңгімеміздің соңында өмір мен өнерді біте қайнастырған қос жүректің шығармашылық ынтымақтастығына үңілдік. Әдетте суретшілердің мінезі өр, өзімшіл болады деген түсінік бар. Алайда бұл отбасында бәрі, керісінше.

Танер Алакуш пен Ясемин Акйол
Фото Танер Алакуш пен Ясемин Акйол/Танер Алакуш пен Ясемин Акйол

"Танер үлкен шебер бола тұра, ешқашан менмендік танытпайды, маған толық еркіндік береді. Суретшімен бірге өмір сүру оңай емес. Кейде түн ортасында ұйқым қашып, орнымнан тұрып, сурет сала бастаймын. Сондай сәттерде Танер жағдайымды үнсіз түсініп, бір шыны ыстық кофе әкеліп береді. Ең үлкен қолдау – осы", – деді жұбайы.

 Танер мырза да жарының өзіне көз, рух, жүрегі де бола білгенін айтты. "Біз бір-бірімізге ешқашан өз пікірімізді тықпаламаймыз. Бір нәрсені ұсынғымыз келсе, "мына тәсілді байқап көрсең, қалай болар екен?" деп сыпайы ғана айтамыз. Тіпті саяхатқа шыққанда да әрқайсымыздың жеке қалауымызға орын бар. Мен бір дәмханада кофе ішіп отырып сурет салғым келсе, Ясемин өзі қала аралап, серуендеп кете береді. Біздің бақытымыздың сыры – осы ортақ рух пен бір-біріміздің еркіндігімізді құрметтеуде", – деді суретші.

Шынында да, қылқалам ұшындағы нәзіктік пен жүректегі мейірім тоғысқан осындай жандардың өнері шекара талғамайтыны анық. Анадолыдан жеткен түрік шеберлері Астана төріндегі бұл көрме арқылы бауырлас қос елдің ғасырлар бойы үзілмеген мәдени сабақтастығын жалғаған алтын жіпті ширата түскендей. Ендігі жерде сол кішкентай ғана сәуленің лаулаған үлкен жалынға айналып, қазақ пен түрік руханиятын одан әрі нұрландыра түсуі – өнерсүйер қауым мен қос халықтың ортақ игілігіндегі іс.

Жадыра МҮСІЛІМ

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз