10 жыл бойы мүгедек ер адамды қайыр сұратуға мәжбүрлегендер сотқа тартылды

Қарағандыда екі қолы мен екі аяғы жоқ мүгедек ер адамды он жыл бойы физикалық күш қолдану арқылы қайыр сұрауға итермелеген қылмыстық топтың ісі бойынша сот жүріп жатыр.
Тергеу мәліметінше, 41 жастағы Николай есімді азамат азаматтық некедегі жары екеуі еңбек құлдығына түскен. Қожайын деп танылған адам күн сайын таңғы 8-ден кешкі 6-ға дейін ер адамды қала орталығындағы аялдама жанында жерде отырып, өтіп бара жатқан адамдардан қайыр сұрауға мәжбүрлеген. Бұл жағдай ауа райына қарамастан — жаңбыр, ыстық, балшық немесе аяз болса да — күн сайын қайталанған.
Николай күн сайын 20-40 мың теңге көлемінде ақша жинаған, алайда барлық қаражатты «қожайын» тартып алып отырған. Тергеу нұсқасы бойынша, Николайды ұрып-соғып, ішімдікке үйретіп, 2020 жылы туған сәбиімен шантаж жасаған. Қыз баланы тартып алып, басты күдіктінің қарындасына берген. Сәбиді ата-анасы тек кейде ғана, қожайынның рұқсатымен көре алған.
Бұл қылмыстық топты Ішкі істер министрлігі бір жыл бұрын анықтаған. Тергеу көрсеткендей, күдіктілер құрбандар арқылы жылына 10 миллион теңгеге дейін табыс тапқан.
Қазіргі таңда бірнеше айыпталушы сот алдында жауап беріп жатыр. Олардың көпшілігі туыс-жақындардан құралған. Бірде-бірі өз кінәсін мойындаған жоқ. Үшеуі «басты күдікті тапсырма бергенін» ғана айтып, қылмыс жайында хабарсыз болғандарын мәлімдеуде.
Жәбірленушілер қазір қоғамдық қор қамқорлығында. Қор оларға жеке куәлік рәсімдеуге көмектесіп, құқықтық, психологиялық, медициналық және гуманитарлық көмек көрсетіп келеді.
Сот процесі жалғасуда.