Ақұштап Бақтыгереева, ақын: Қоғамда кей әйелдер талақ алып, мазақ болып жүр
Ол – қазақ әйелі мен қызының тағдырын өлеңіне арқау етті. Ой пікірін де ашық білдіреді. Ол – қоғамдағы кез келген толғағы піскен түйткілді көтеріп, соған жауаптыларды түйреп өтеді. Ол – ұлттық құндылық, отбасы тәрбиесінің әлсіреп кетуіне алаңдап, мазасыз күй кешеді. Біз бүгін Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ақұштап Бақтыгерееваны әңгімеге тартып, көкейдегі сан сауалға жауап алдық.
– Бір жылдары «Ақ Жайық, сенсің әр кез сыйынарым, Сен десе жыр жолы боп құйыламын...» деп туған елге көш түзеген едіңіз. Әдеби ортадан қол үзгісі келмеген ақынды Алматы қайта бауырына басты ма?
– Иә, қазір Алматыда тұрып жатырмын. Бірақ күз бен қыста елге тартып кетемін. Себебі Алматының ауасы таза емес. Екі қызым да осында. Оралға менің қасыма ешкім бармайды ғой. Балаларымның жанындамын. Оның үстіне мұнда қалыптасқан орта болған соң, жүріп-тұратын тіршілік бар.
Әйтеуір елге барсам болды, шақырушылар көп. Той-томалаққа барасың. Арасында студенттермен кездесу ұйымдастырып жатады, бірауыз сөз болса да, білген-түйгенімді айтып кетемін.
– Жақында Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың қорытынды отырысында президент бірқатар маңызды мәселеге тоқталды. Солардың ішінде қайсысы сіздің көңіліңізге қонды?
– Кейде «Осы жылда өтетін құрылтайдан не пайда?» дегендерді жиі естимін. Бірақ парасат-пайыммен қарасақ, мұның бәрі осы елдің өзгеруі, дамуы үшін ғой. Атының «құрылтай» болуы да тегін емес. Тырнақ астынан кір іздей берсек, кемшілік табылады. Бәрі де бірден болмайтыны анық. Біз қазір осындай саяси, түрлі түсініксіз жайттар болып жатқан кезеңді бастан өткізіп жатырмыз. Мұндайда «Бәрін бірден сызып тастап, жаңасын жасап бер!» деу де қиянат.
Ұлттық құндылық, отбасы тәрбиесі бойынша кейбір мәселені тілге тиек етсе, «Бұл ұсақ-түйек президент айтатын сөз бе?» дейміз. Мысалы, қайбір жылы насыбайды сатуға тыйым салуды көтерді. Бұл бәлекетті оңтүстік өңірде көп пайдаланады екен. Қазір мектеп оқушылары да насыбай ататынды шығарыпты. Мұның түпкі астарында отбасы, бала тәрбиесі жатыр.
Ал ананы сыйлау, әйелді қорғау, қызды аялау деген кішкентай тақырып емес. Ұлттың қызын қорлап, мәртебесін төмен түсіру – өз анасын қорлаумен пара-пар. Заң өз миссиясын атқармайды. Бұл жерде заңды орындамай отырған қызметкерлерге өкпелімін. Ақшаға сатылып кетеді. Жеке басының жағдайын күйттеп қана жүрген басшылар бар. Бәріне көз жұмып қарайды. Тәртіп бұзғанның қалтасында ақша көп болса, соныкі дұрыс. Міне, осының бәріне жұдырықты түйіп, тәртіпке шақыратын мінез керек. Адам тағдыры ойыншыққа айналды. «Ашық қоғам, еститін үкімет» дейміз, мәселен, осы қоғамда өмір сүріп жатқан қаламгер ретінде менің дауысым министрлерге жетпейді. Бірде біреуіне телефон соғып, жолығып немесе пікірімді жеткізе алмаймын.
Ал жанымды ауыртатыны – қазақ қыздарының басқа діни ағымдардың жетегіне оңай еріп кететіндігі. Арнайы заң қабылданып, қоғамдық орында бет-жүзін тануға кедергі келтіретін тұмшаланған киім киюге тыйым салынды. Бірақ заңға бағынып жатыр ма? Отбасы, білім беру мекемелерінде тәрбие ақсап тұр. Ана да, әке де отбасындағы орнын төмендетіп алды. Мұның арты жақсылыққа әкелмейді. Үкімет тәрбиеге мән беретін тетіктерді ертерек қолға алған жөн. Қазір көшеде бір-бірін ұрып кетеді, пышақтай салады. Атыраудағы құйтақандай ауылдағы оқиғаның жай-жапсары әлі анықталған жоқ. Бұл не сұмдық?
Мысалы, шекаралық аймақтар босап, ел көшіп кетіп жатыр. Оралдың Ресеймен шекарасында тұратындардың коэффициенттік көрсеткішін көтеру керек. Кезінде шекараның бәрін ашып тастадық. Саяси, қауіпсіздік жағынан ойланатын мәселеге әлі де көңіл бөлінбей келеді.
Маған үнемі «Өзгені төбеге шығарып, өзіміз жағада қалдық-ау» деген ой келетін. «Ассамблея» деп желпілдеттік те, бәрін соларға бердік. Басқа ұлт болса төрге шығарып келдік. Ол тіпті қазақша сөйлесе төбемізге көтереміз. Мысалы, біздің елде басқа ұлттың көріп отырған рахатын мен де, сен де көрген жоқсың. Кезінде саяси тұрғыдан достық, тыныштық керек болған шығар. Бүгін соның атауын өзгерткені көкейге қонады.
«Ақшалыға тоқал болу – қыздар үшін сәнге айналды»
– Қыз тағдыры – қоғамның айнасы. Президент «қыз алып қашу – адам ұрлау, бұл – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел қылмыс» деп нақты айтты. Осыны әлі күнге «дәстүр» деп көмескілеп, ақтауға тырысатындарға не дейсіз?
– Бір кезде қазақ қызы дәрменсіз, тәуелді болды. Себебі білімі, жұмысы жоқ еді. «Барған жерде азаматым асырайды, бағады» деген оймен қала беретін. Бұл түсінік өткен ғасырдың тарих қойнауына еніп кетті. Ертеде алып қашу неден туындады? Ата-анасы қарсылық танытқан соң, екі жас арасында өзара келісім болатын. Өзінің жақсы көргеніне, сүйгеніне қашты. Бұл әдеби шығармаларда да бар. Ал қазір жаңа заманда өзімен тең, білімді, көзқарасы ортақ адаммен өмірін елестететін қызды басып алып қашу қылмыс. Одан бөлек үлкендердің «Табалдырық аттап қойдың. Жақсы жерге келдің...» деп көндіруі мүлдем дұрыс емес. Әйел теңдігі үшін шығарма жазылып, әйел теңдігімен күрескен анау ғасыр емес пе? Тағы да ақша билеген заманның кесірі. Алып қашқан да ақша төлеп құтылып кетеді. Ақшасы бар тоқал алып құтырады. Қыздарды қорлау – ақша алдыңғы орынға шыққан кезден басталды. Бұрын тоқал болу – қыз үшін намыс еді. Қазір ақшалыға тоқал болу – қыздар үшін сәнге айналды. Осының бәрі ұлттық идеология, ұлттық тәрбиенің ақсап тұрғаны немесе ұлттың қызға деген көзқарасының төмендеп кеткені. Егер қыздарды осылай қорлай берсек, ұлттың анасынан айырыламыз. Ендігі жерде қызды алып қашуға мүлдем болмайды. Өз сүйгеніне қосылуы керек. Біреулер «Мынау не айтып отыр?» дейтін шығар, сондай қыздардың айқын көрінісі Баян Алагөзова ғой. Сүймеді ме – кетті, сүйді ме – тиді. Ал мына заманда қыздарды алып қашу, басын бүркеп, өзіне тәуелді етіп қою дұрыс па? Әсіресе сақалы ұзын, балағы қысқа уахабистерге ерген бүркенген қыздар тек қана ақша үшін жүр.
Әрине, біздің ұлт азаматты сыйлаған, бағынған. Бірақ оның екінші жағына келсек, әйел еркекке сыйластық арқылы бағынады.
– Әлгінде сіз Баян Алагөзованы «махаббаты үшін күресіп, сүйгеніне қосылған әйел» деп атадыңыз. Алайда қоғамда оны «үлгі тұтарлық эталон емес» деп қатаң сынағандар да аз болмады. Осы екі ұстанымның қайсысы сізге жақын?
– Бұл екіұшты нәрсе. Ол бақыты үшін күресте өзіндік мақсаты бар әйел. Ол бұрынғы күйеуінің ақшасы үшін үстемдігін жүргізген қысымына бағынбады. Мұнда қазақ әйелінің өз бақыты үшін күресінің ұшқыны бар. Өз дегеніне жетті, іске асырды. Ал осы параллель қоғамда тағы бір әйелдер қара жамылып, еркегінің аяғына жығылып, таяқ жеп, талақ алып, мазақ болып жүр. Екеуі осы ғасырдың екі бағыттағы қазақ әйелінің тағдырын көрсетіп тұр.
– Сіз хиджаб киіп, бетін тұмшалап алатын қыз-келіншектерге қатысты көзқарасыңызды ашық айтып келесіз. Осы күрес қоғамда қандай да бір нақты өзгеріс әкелді деп ойлайсыз ба?
– Жекелеген адамдардың күресінен ештеңе шықпайды екен. Оралдағы, Атыраудағы жоғары оқу орындарында 22 жыл күресіп келдім. Тіпті уахабистік ағымдағы қыздар маған қарсы шабуылға шыққан. Қазақтың керемет жырындағы «Аққудай мойның мен ақша бетің 17 жасқа толмай неге харам болып қалды?» десем, өзімді тарпа бас салып, «Мен әурет жерімді жауып келемін. Маған ақыл айтқанша, басыңа жаулығыңды сал» деп шүйліккен. Қазірдің өзінде Айнұр Тұрсынбаева, Бекболат Тілеухан Атырауға, Маңғыстауға келіп, үлкен қонақүйлерді жалға алып, үгіт-насихатын жүргізіп кетеді. Тіпті дәрісін тыңдау үшін басқа қаладан ұшып келетіндер көп. Соның бәрін заң органдары көріп, білсе де үндемейді. Ал мен бір көшеден екінші көшеге бұрылғанда қызыл сызықты басып кетсем, көлігімді тауып алып, айыппұл салады. Ал оларға бағдаршамды ашып қоятыны қызық. Күні кеше Атырауда балаларды оқытатын діни мектептің тұсауы кесілді.
«Мешіттің жанындағы дәмханаларда салафиттер таңға дейін жиналысын өткізіп, насихатын жүргізеді»
– Қаңтар оқиғасынан кейін дәл сол уахабизм ағымының өкілдері бұрынғыдай ашық әрекет етуден тартынып, қадамын аңдап басып, сақ қимылдайтын болған жоқ па?
– Жоқ. Қазір басқа, оңай жолдарын табуға көшкен сияқты. Мысалы, Орал қаласында мешіттің жанында жұмыс істейтін дәмханаларда салафиттер таңға дейін жиналысын өткізіп, насихатын жүргізеді. «Оның қожайыны кім, неге олай?» деп мұның жай-жапсарын анықтап жатқан ешкім жоқ. Ұлттық идеологияны жүргізетіндердің, ішкі саясат мамандарының онымен шаруасы болған емес.
– Бұған дейін сіз «Бекболат, Мұхамеджан, Айнұрлар – қазақ көшінің арбасынан түсіп қалатындар» деген едіңіз. Егер сол азаматтар бүгін сізбен бетпе-бет жолықса, не айтар едіңіз?
– Оларды көріп те жүрген жоқпын. Көрген күнде де миығынан күледі. Себебі олардың қалтасында ақша көп. Мысалы, Тазабеков өтірік сәлемдескен сияқты болуы мүмкін. Бірақ маған күліп тұр. «Мен ақылдымын. Ақшам да көп. Қайда барғым келеді, барамын. Қай жерге кіргім келеді, кіремін. Ал сен не бітірдің?» деген мысқылмен қарайды. Ал Тұрсынбаева залымдықты да, қулықты да үйренген. Құйтақандай қыздың алғашқы айтысында әділқазы алқасында отырғанда басынан сипап едім. Бірақ оны баяғыда ұмытып кетті. Енді қазір киген көйлектерін сатып «Мен сияқты бай боласыңдар, жақсы күйеуге тиіп, бақытты ғұмыр кешесіңдер» деп жүр. Қайбір жылы Ақтауға келіп «Қалай күйеуге тиіп, бай болу керек?» деген дәріс өткізді, сонда жан-жақтан келген әйелде есеп болмады. Сол кезде әкімі, прокуроры, полициясы, ішкі саясатындағылар ләм-мим демеді. Ақша төлесе болды. Тазабеков те шешен тілі арқылы ақша табудың кілтін тауып, тақырып ауанын ауыстырыпты. Мына қоғамда әйелдер хақындағы мәселе сұранысқа ие екенін бағамдаған болар, қыз, әйел, ана тақырыбында курс ашып, кітап шығарыпты. Солар қазақ қыздарын мазақ етіп болып, туған қыздарын тоқалдыққа, талақтыққа берер ме екен? Олардың астауынан дәм татқандар «Бізге иман үйретті» деп шаң жуытпайды. Олар керісінше, қаншама дүниені бұзды. Иман адамға өмірлік үлгімен келеді. Бұлар ұлттың ежелден қалыптасқан салтына қол сұқты. Айталық, Бекболат Тілеухан қандай дәстүрлі әнші еді?! Жыраулық мектептің үлгісін қайта жаңғыртқанда сахна дүркіреп кететін. Міне, соның өзі бақандай 4 қатын алды. Оған қазақ қызын қорлауға кім рұқсат берді? Төрт әйел де, одан туған балалары да бір жерге ешқашан сыймайды. Ақша үшін сүйген болады, тиген болады. Бұл әйелдердің де тілегені сол. Жылтыраққа малынған, баласы асыраулы, жұмыс істеп, жаны қиналмаса болды. Осының бәрі қазақ ұлтының еркіндікке қолы жеткен дәстүрі бар қыз тәрбиесіне нұқсан келтірді. Біздің алатын үлгі Әбіштің анасы – Айсәуле еді. Жесір қалса да, 4 жасар баланы «азаматым» деп өсіріп, тұлға етіп тәрбиеледі. Сосын Асқар Сүлейменовтің анасы – Айтоты еді. Ол жазушы-драматург Асқардың ғана емес, қазақтың анасы атанған дана болды. Мұндай үлгі боларлық аналар көп. Тіпті кішкентай ғана ауылымызда соғыста өлген азаматының орнын ешкімге таптатпай өмір сүрген, баласына жетімдік көрсетпей өсірген қаншама жесір әйел болды. Оларды да еркектер тоқалдыққа алғысы келді. Бірақ намысты әйелдер ешкімге бас имеді. Міне, бүгін осы үлгіні ысырып қойып, қазақ әйелі кім көрінгенге тоқал болып, талақ алып жүр. Бұларды алшаңдатпай, заңмен тыйым салатын уақыт жетті емес пе?
– Сіз сөз еткен Айнұр Тұрсынбаева бүгінде коуч, психологтың «рөлін» атқарып жүр. Тіпті кей әйелдер курсына қатысу үшін несие алатын көрінеді. Ал сондай «білгіштерге» еріп кететіндерді ақын Бақыт Беделхан «құтырған қатынға» теңеп еді. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Қазақта қызбаланың тәрбиесі ғасырдан қалыптасқан еді ғой. Соны бұзған осылар. Ал оларға сауаты аз, өресі төмен, тәлім-тәрбиесі жоқтар ілесіп кете береді. Меніңше, сол коучтардан дәріс алатындар арасында көзі ашық қыздар жоқ. Кешегі 1990 жылдары мектепті дұрыс оқымаған, базар жағалаған, дені түзу жігітке жолықпаған, сәтсіз махаббаттың құрбаны болғандар өздеріне жұбаныш іздейді. Әлгіндей коуч, психологтарға ақша жинап, байыса болды. Дәл сол кім көрінгеннің сөзіне иланғыш надан әйелдер «құтырған қатын» дегенді айтқызуға себепші. Мұндайлар өзін қалай ұстауды білмейді. Тойларда бұтын ашып, жерге жатып аунаған әйелдерді көресің. Әйел, ана намысын таптаған соң, осындай сөз келтіріп отыр.
– Белгілі дінтанушы Айнұр Әбдірәсілқызы «Адам белгілі бір деңгейге дейін өз күшімен жетеді, одан әрі әйел адам біздің билік жүйесінде ақша, аға, ашынасыз көтерілуі мүмкін емес» деген пікір айтты. Сіз бұл тұжырыммен келісесіз бе?
– Бұл қыз да айтқыш деген сайын қайдағы жоқты сөз етеді. Пайғамбарды, әулиені көзімен көргендей, жанында болғандай айтады кейде. Тыңдағым да келмейді. Мен білген Фариза Оңғарсынова бастық та, депутат та болды. Біреудің байлығына қызығып, ешкімге ашына болған жоқ. Ол қазақ әйелінің етегі де, басқан ізі де таза екенін көрсетті. Қазақ әйеліне баға берерде ойланып сөйлеу керек. Қазіргі ақшаға сатылғандар – қазақ әйелінің эталоны емес. Бұл солардың жеңіл-желпі пікірінен туған көзқарас. Олар адамды ақылы мен біліміне емес, киімімен бағалайды. Ақша билеген заманның қателігі – ұлттық құндылыққа кері әсерін тигізді. Қайта құрудың басында тұңғыш президент «үлгі» болып, маңайындағыларға қалай жеп, қалай баюды көрсетті. Қазақ халқына егемендікті сол әпергендей бәріміз басымызға көтерген тұңғыш президент пәлен қатын алып, қазақ қызын мазаққа айналдырған жоқ па?
Иә, «Қазақ байыса, қатын алады» деген бар бұрыннан. Ілкіде бай билер бірнеше қатын алған. Бірақ ол заман басқа, қазір мүлдем басқа. Қазақ қызы бәсін түсірді. Меніңше, қазақ қызы Ж.Молдағалиевтің:
«Әжелер секілді бір батыр маған,
Ықпаған нажағайдан сатырлаған
Қазақтың еш әйелі өз еркімен
Ешкімге, еш алтынға сатылмаған...» деген өлеңіндегідей еді.
Қазақтың әжелері қандай еді? Биге де сөзін айтатын еді, дауды да тоқтататын еді. Анадайдан «Ақ жаулықты ана келе жатыр» десе, сілтідей тынатын еді. Батыр да анасына келіп рұқсат алатын еді. Сол тәрбиені ақшасы бар әйел алғыштардың үлгісі бұзды. Қазақтың қызы көрінгеннің қолындағы орамалы, аяғын сүртетін шүберегі болса, бұл ұлттың қастерлейтін несі қалады? Қыздарымыз бір түн ойнап-күлетін қуыршаққа айналса, не болғанымыз?
– Сіздіңше, бақытты отбасы, бақытты әйел және бақытты ана болудың басты кілті неде?
– Мұның бәрі әйелдің әу бастан алған тәрбиесінде. Қыздардың әр нәрсеге пайыммен, байыппен қарауы, білімді болуы отбасынан бастау алады. Қазір ажырасу көрсеткіші көбейіп кетіпті. Оның ұлтқа тигізіп жатқан зияны орасан. Баланың анасыз, әкесіз өсуі – ұлттың ұсақталуына әкеледі. Бәлкім, адамзат әбден тозудың шегіне жетіп, «Әй, мынауымыз дұрыс емес-ау» деп қайтадан сілкінетін шығар деп ойлаймын. Дәл қазір бәрі әр нәрсенің жетегінде кетіп бара жатқандай көрінеді маған. Құдды бір қорқынышты түс сияқты.
– Қазір қолыңызға қаламды жиі аласыз ба, әлде... Сондай сәтте ойыңызға әуелі не келеді?
– Енді мына жасымда өлең келе қоймайды. Баяғыдағыдай желп еткен, лап ете қалатын көңіл де жоқ. Ондай уақыттан өттік. 80 деген оңай жас емес. Қазір тек өткен өмірге көз тастағанда «әттеген-ай» деген күрсініс ойлардан ауыр жырлар туады. Маған бұрын Жайық өзені құшағын жайған айдын болса, ол да қазір мұңға батқан, қасірет шеккен. Бұрын барсам, керемет ақ толқыны айдынмен арпаласып, бетінде ай ойнаған ғажайып мекен болатын.
Не көрмеген бұ қазақ? Тағы бір белестің сатысына түсіп, тағы бір таяқ жеп, қайтадан түрегеледі-ау деймін. Қай заманнан да жоғалмаған ұлтпыз ғой. Мың рет өліп, мың рет тірілдік. Алдамшы кезеңнен өтіп, өзінің еліне ие болатын, сауатты, білімді ұрпақ жоқтан бар жасайды деп ойлаймын. Қыздарды алақанында ұстайтын жігіттер тәрбиеленсе деймін. Ақшаның жетегінде алданып, малданып жүретін өмір де өтеді. Ар мен намысты ақшаға сатып алуға болмайды. Кім ұлтына адал болды, кім ақша үшін сатты, кім болашағына үлес қосты, уақыт бәрін екшейді. Әйтеуір соғыс болмасын, тыныштық бұзылмасын деген аналық тілегім бар.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Динара МЫҢЖАСАР