Бесқарағайдағы белсенді жұмыс
Соңғы бес жылда, яғни 2014-19 жылдар аралығында Бесқарағай ауданында тұрғын үй құрылысы жүргізілмеген болатын.
Биыл өткізілген «Besqaraǵai Invest 2020» инвестициялық форумының нәтижесінде «Исабаев» ЖШС директоры Виктор Исабаевпен келісімшартқа қол қойылып, аудан орталығында сәуір айында мердігерлік ұйым тұрғын үй құрылысын бастады. Бүгінде бес екіпәтерлі үйдің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар тағы да екіпәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Құрылыс аяқталғаннан кейін инженерлік коммуникацияларды және барлық қажетті рәсімдерді ресімдеу ережелеріне сәйкес, баспаналарды бөлуге қатысты мәселені тұрғын үй комиссиясы шешетін болады. Тұрғын үйлер халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған. Пәтерлерді бөлу ағымдағы жылдың тамыз айына жоспарланып отыр. Салынып жатқан 20 пәтер жыл соңында пайдалануға беріледі.
Ал Жарма ауданында көп жылдан бері өзекті болып қалыптасқан тұрғын үй мәселесі Ахметқали Нұрғожин аудан әкімі болып тағайындалғаннан кейін басталып, аз уақыт ішінде нәтиже берді. Айтар болсақ, тек 2019 жылдың өзінде тұрғын үй кезегіндегі ауданның 59 тұрғыны баспанамен қамтамасыз етілген еді. Бұл ретте «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкер Динара Исабаева тұрғын үй құрылыстарын табысты жүзеге асырып келеді.
Тек өткен жылы ғана аудан орталығында екіпәтерлі бес тұрғын үйді қолданысқа берген болса, биыл қосымша екіпәтерлі тоғыз баспананың құрылысы аяқталуға жақындапты. Қолға алынған кешенді жұмыстардың нәтижесінде биыл да тұрғын үй кезегіндегі бірнеше отбасы жаңа қонысқа қол жеткізетініне нық сенімді. Сонымен қатар Шар қаласында да «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үйлердің іргетасы қаланатын болды.
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ