Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:45, 25 Қараша 2021

13 мыңға жуық медициналық қызметкер жетпейді

None
None

Қоғамда «дәрігерлер уақытылы қабылдамайды, дер кезінде емдемейді, кезек күттіреді» деген шағымдар жиі айтылады.

Мысалы, елордада да мұндай наразылық көп туындайды. Неге олай дейсіз ғой? Өйткені Қазақстанда медицина саласына 13 мыңға жуық маман жетіспейді. Оның ішіне санитары да, фельдшері де, мейірбикесі де кіреді. Ол ол ма, соңғы үш жылда 3 мыңнан аса дәрігер елден кетіп қалған.

         Олар Отанынан неге баз кешті? Соларға ілесетіндердің қатары ертең де көбейе бермей ме? Білікті маман өзімізге де керек емес пе еді? Сарапшылардың болжамынша, кадрлардың басқа елге ауып кетуіне адамның жұмысқа деген құлшынысын оятатын оң тетіктердің болмауы, психоэмоционалды түрде салмақ түсуі, кәсіби тұрғыда дамуға әрі мансаптық өсуге мүмкіндіктің жоқтығы, көп жағдайда құқығыңның қорғалмай қалуы, әлеуметтік кепілдіктің жеткіліксіздігі сияқты себептер әсер етіп отыр.

Auditorium QZ ютуб каналына сұхбат берген медицина ғылымдарының кандидаты, «SOS Medical Assistance» директоры Айгүл Джакелова пандемия медицина саласында маман тапшы екенін көрсетіп бергенін айтады. «Кезінде, шамамен, Кеңес одағы тарағаннан кейін еліміздегі иммунология мен вирусология кафедрасын жауып тастады. Қазір енді осы мамандар жоқтың қасы. Ал кейінірек, шамамен, 2013 жылы педиатрия факультетін де жауып тастады. Педиатр мамандарын енді алдағы 5-6 жылдан кейін ғана көре алуымыз мүмкін. Яғни, көпке дейін балалардың денсаулығын қарайтын мамандар болмайды деген сөз», – дейді.

         Білім мен медицина – қашанда көптің назарындағы маңызды сала. Алайда оған жауапты ведомстволардың жүрдім-бардым қарауының салдары емес пе, бізді осындай тығырыққа тіреп отырған?

Айгүл Джакелова, шын мәнінде, Кеңес одағы кезіндегі денсаулық сақтау жүйесін құртпау керек еді, қайта соны ары қарай дамыту қажет еді деп отыр. Оның айтуынша, бізде мықты педиатрлар да, инфекционистер де, вирусологтар да, иммунологтар да болды. «Білікті иммунологтардың бірі – Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының танымал профессоры Алмас Шарманов. Өкінішке қарай, қазір бізде ондай мамандар жоқ. Оларды сапалы дайындап шығуымыз үшін де көп уақыт кететіні анық», – дейді. Ал сапалы, мықты вирусолог сынды кәсіп иесін дайындап шығу үшін де 10 жылдай уақыт керек екен. Себебі ол үшін ең алдымен білім базасын қайта қалыпқа келтіру қажет болады. Осы салада еңбек еткен оқытушыларды шақырып әрі жаңа оқытушыларды тиісті біліммен қамту маңызды. Өйткені дәрігерлер тәжірибе жүзінде науқасты емдеу шараларын жақсы білуі керек. Содан кейін барып қана білгеніңді студенттерге үйретуге болады. Мұның бәрі сол 10 жылдай уақыт алады. Ал бұл салада дәл қазір жасалып жатқан нәрселер ертең ешқандай жақсылыққа апармайтын айтады маман.

         ‒ Негізі мамандардың басқа елдерге үдере кетуі 2001-2005 жылдары басталды. Бұл немен байланысты? Біріншіден, сол кезде тыныш жерге кетіп қалуға мүмкіндік туды. Екіншіден, зейнет жасына дейінгі мамандар Кеңес үкіметі кезінде алған білімі мен тәжірибесін өзінен кейінгі жастармен бөлісуге құлық танытпады. Білгенін үйреткісі келмеуінің себебін екі жақты қарауға болады. Біріншіден, сапалы білімге өз еңбектерімен қол жеткізгеннен кейін басқамен бөліскісі келмеген болуы мүмкін. Екінші себеп: зейнет жасы жақындап қалғаннан кейін жұмыс орнынан айырылып қалу қорқынышы болуы мүмкін. Ал қазір, шынымен, қаншама дәрігер жетіспей отыр. Дәл қазір дағдарыс жағдайында деуге келетін қатты тапшы боп отырған мамандар: акушерлік және гинекология, анестезиология және реаниматология, вирусология, инфекциялық аурулар, педиатрия бойынша дәрігерлер жеткіліксіз, ‒ дейді Айгүл Джакелова.

         Ал шетелден маман алдырту да ешқандай пайда бермеуі мүмкін. Өйткені шетелдегі диагностика жасау, ауруды тексеру технологиялары дәрігерге барлық ақпаратты дайын күйде алуына мүмкіндік беретін деңгейде. Сондықтан біздің жағдайда шетелдік маман жұмыс істей алмайды. Себебі біздегі ментальность, мінез-құлық бөлек.

         Білікті кадрлардың тапшылығы бүгін ғана пайда бола салған мәселе емес. Алайда қазір коронавирусқа шалдыққандардың есебін шығарумен бас қатырып жүрген Денсаулық министрі Алексей Цой бұл мәселені шешуді бүгін қолға алмаса, ертең кеш қалмасымызға кім кепіл?

          

Тегтер: