Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 11:20

13 жылда 435 миллион: Кәсіпкер әйел Сарбасовқа не үшін ақша төлегенін айтты

Сарбасов
Фото: Время

Шымкентте ҰҚК-нің бұрынғы жоғары лауазымды қызметкері Манап Сарбасовқа қатысты атышулы іс қаралып жатыр.

Ол аса ірі көлемде алаяқтық жасады, пара алды және пара берді, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастырды деп айыпталуда. Сот отырыстары ашық түрде өтуде, істі алқабилер соты қарап жатыр.

Апта ішінде көпшіліктің назары кәсіпкер Эльмира Дүйсенқызына ауды. Ол — негізгі куәгерлердің бірі. Оның мәлімдемелері бірнеше эпизодтар бойынша маңызды айғаққа айналды. Айтуынша, Сарбасов бірнеше жылға жалғасқан “қамқорлық” жүйесін өзінің танысы Алиханова арқылы ұйымдастырған.

Кәсіпкердің сөзіне сенсек, 2010 жылдардың басында оған бизнеске «тыныштық» қамтамасыз ету үшін ай сайын ақша төлеп отыру ұсынылған. Алғашында Сарбасов төлем сомасын Алиханова арқылы жеткізген, кейін тікелей өзі талап қоя бастаған.

«Басында ай сайын миллион теңге беріп отырдым. Бір жылдан кейін бұл сома 2,5 миллионға өсті, ал 2019 жылы — 7,5 миллион теңгеге дейін жетті», - деді Дүйсенқызы сотта.

Осылайша, кәсіпкер Сарбасовқа 13 жыл ішінде жалпы сомасы 435 миллион теңге бергенін айтты.

Айта кетейік, Манап Сарбасов бұрынғы ҰҚК қызметкері ғана емес, өңірдегі ықпалды тұлғалардың бірі болған. 

Манап Сарбасовқа қатысты қылмыстық істің екінші эпизоды – пандемия кезіндегі медициналық сатып алулармен байланысты. 2020 жылдың жазында, елде төтенше жағдай жарияланған шақта, Шымкент қаласы медициналық жабдықтар мен қорғаныс құралдарына зәру еді. Халық пневмониядан қырылып жатқанда, кейбір лауазымды тұлғалар бюджет есебінен байып қалуға мүмкіндік іздеген.

Іс материалдарына сәйкес, ол кезде Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары болған Тимирхан Варзилов (қазір қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін сотталған) және сол басқармадағы құрылыс пен медициналық жабдықтау бөлімінің басшысы Чингиз Жанабаев алдымен өзара келісіп, кейін Сарбасов пен оның көмекшісі Айдос Сраиловты іске тартқан.

Жанабаев кәсіпкер Ерлан Тышқанбаевты тауып, оның компаниялары арқылы медициналық жабдықтарды қымбат бағамен сатып алуды ұйымдастырған. Бұл мемлекеттік сатып алулар тікелей бір көзден жүзеге асқан, себебі ТЖ режимі кезінде конкурссыз сатып алуға рұқсат берілген еді.

Шын мәнінде, қажетті жабдықтар нарықтағыдан арзан бағада сатып алынған, бірақ бюджеттен олардың құны 95 миллион теңгеге бағаланған. Осылайша, мемлекетке 45 миллион теңгеден астам шығын келген.

Мұнымен тоқтап қалмай, сол кезеңде қалаға қорғаныс бетперделері де қажет болды. Бұл – жаңа пайда көзіне айналған. Тышқанбаев бұл маскаларды 34,5 теңгеден сатып алып, ал билік оларды 59,85 теңгеден алған болып көрсетті. Барлығы 2 миллионға жуық маска алынып, бюджеттен 119 миллион теңге жұмсалған. Сөйтіп, бұл операциядан 51 миллион теңге пайда түскені анықталды.

Бұл эпизод бойынша:

  • Тимирхан Варзилов,
  • Чингиз Жанабаев және
  • Ерлан Тышқанбаев – аса ірі көлемде бюджет қаражатын иемденіп, ысырап етті деген айыппен тергеліп жатыр.
  • Манап Сарбасов – қызмет бабын асыра пайдаланбау арқылы пайда көру бабы бойынша,
  • ал оның көмекшісі Айдос Сраилов – заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және кірістерді заңдастыру баптары бойынша айыпталған.

Айта кету керек, бұл істі алқабилер қатысуымен сот қарап жатыр. Енді шешімді солар шығарады.