15 фильмді дубляждау аз, оны көрсету керек, Оралов мырза!
Киносүйер қауым асыға күткен осы жаздың басты премьералары прокатқа шықты. Грета Гервигтің «Барби» фэнтези-комедиясы мен Кристофер Ноланның «Оппенгеймер» биографиялық триллері көрерменге ұсынылған алғашқы аптада-ақ әлем бойынша кассалық феномен жасап, кино тарихындағы рекордтар қатарына қосылып үлгерді.
Алайда қазақ көрермені асыға күткен фильмдерін қазақша көре алмады. «Баяғы жартас – сол жартас». Қазақша дубляж жоқ, субтитр сауатсыз әрі түсініксіз. Біздің кинотеатрларда шетелдік түгіл отандық фильмдер де орысша көрсетіліп келеді. Дубляждалып ұсынылатыны саусақпен санарлық.
Қазақша дубляж неге аз десе, бәрінің дайын жауабы біреу – сұраныс аз. Ал дубляждалған сеанстардың күніне қанша рет, қай уақыттарда берілетінін неге министрлік қадағаламайды деген халық наразылығына экс-министр Дәурен Абаев «кинотеатрлар – бизнес субъектісі» деп ақталғандай болған. Бұл сонау жарты жыл бұрын, желтоқсанда жарыққа шыққан «Аватар: Су жолы» кинокартинасының кезіндегі дау. Аударылып, дыбысталып, халыққа ұсынылғанын қайтейік, күніне бір-екі рет қана, халыққа қолайсыз уақытта көрсетіліп қор болды қазақша нұсқа. Соған қарамастан, 70 миллион теңге касса жасаған қазақша «Аватар» дубляжына кеткен қаржыны екі есе ақтап, сұраныстың бар екенін дәлелдеді. Бұл туралы қоғам белсендісі, «Qazaq grammar» жобасының авторы Нұрсұлтан Бағидолла пікір білдірді.
– Әзірге кинотеатрларда көрсетілген қазақша дубляждың соңғы мысалы «Аватар: Су жолы» фильмі. Осыған дейін дубляждалған фильмдердің ішінде ең көп қаралым жинап, өз шығынын ақтаған алғашқы фильм болғанымен орысша нұсқамен салыстырғанда қаралымы он есе төмен. Сұраныс болмағандықтан емес, жарнама болмағандықтан. Қазақша дубляж промоушны дұрыс жүргізілмеді, тіпті мүлдем жүргізілмеді десе де болады. Дубляжды жасау бір іс, бірақ оны көпшілікке тарату, жарнамалау да аса маңызды. Өкінішке қарай, «Аватардың» екінші бөлімі қазақша шығады дегенді фильм премьерасы жақындағанда ғана естідік. Ал оның 2009 жылы шыққан бірінші бөлімі қазақша дубляждалғанын фильм кинотеатрларда көрсетіліп қойған соң ғана білдік. Қай кинотеатрларда, қай уақытта көрсетілгені белгісіз боп қалды. Сол себептен дубляждың жарнамасына көңіл бөлінуі қажет. Ол жарнама әлеуметтік желілерде, қала баннерлерінде және ең бастысы – кинотеатрлардың өзінде болуы керек. Әдетте фильм басталмас бұрын 10-15 минут алда шығатын фильмдердің трейлерлері көрсетіледі. Бірақ қазақша «Аватардың» бірде-бір трейлерін көрмедік. Қынжылтатыны – кинотеатрлар қазақша дубляжды көрсетуге құлықсыз. Олар әрдайым қисынсыз сылтаумен құтылады: «Қазақша сеанстар аз, өйткені сұраныс аз». Ал енді жарнама болмаса, сеанстар өте аз болса, оның өзі ыңғайсыз уақыттарға қойылса, көрермен қайдан келсін? Біз «Аватардың» көрсетілімінде фильм дистрибьюторы «Меломан» компаниясымен байланысып, кинотеатрлардағы қазақша сеанстарды көбейтіп, қолайлы уақытқа қоюларын сұрадық. Нәтижесінде бірнеше қалада сеанстар саны көбейіп, уақыты халық емін-еркін бара алатындай кешкі мезгілге қойылды. Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі парақшаларымыз арқылы халықты қазақша нұсқаға баруға шақырдық. Ештеңеге қарамастан, халықтың да қызығушылығы жақсы, халық қазақша көргісі келеді, сұраныс бар. Сұраныс болмаса, 70 миллион касса жиналмас еді.
«Сұраныс бар, дубляж неге жоқ» деген сауал жаңа министрге де қойылды. Мәдениет және спорт министрлігін басқарып отырған Асхат Оралов қызметке кіріскен жарты жылда елде бірде-бір фильмге дубляж жасалмаған. Қазақ тілді аудитория асыға күткен «Барби» мен «Оппенгеймер» де тек орысша көрсетіліп жатқанын айтып өттік. Дәл осы картиналардың қазақша нұсқасы шықпағандықтан дубляж мәселесі қоғамда тағы да қызу талқылануда. Халықтың уәжіне министрдің жауабы мынандай:
– Мәдениет және спорт министрлігінің 7 жылдық даму жоспарын бекіттік. Былтыр 3-4 фильмнің дубляжы жасалған болатын. Бірақ біз тұжырымдамаға басқа көрсеткіш енгіздік. Енді жыл сайын дубляждалатын фильмдердің саны үш есеге артады. Яғни жыл сайын 15 фильм ұсынамыз.
Жылына 15 фильм қазақшаланса, бұл бір ғанибет болғалы тұр. Бірақ сан қуып жүріп, сапаны естен шығарып алмайық дейді дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев.
– 15 фильм деген қуантады. Бірақ сан қуып жүргенде сапа естен шығып кетпесе дейміз. Жай ғана цифр қуалап, Еуропаның «Б, С, Д, Е» категориясындағы фильмдері дыбысталмаса екен. Керісінше, қазір болып жатқан «Барби», «Оппенгеймер» сынды әлемдік деңгейдегі, жоғары сапалы, «А» категориялы фильмдер дыбысталса екен деген үмітіміз бар. Мұндай фильмдер көрерменді ғана емес, дубляж мамандарын да өсіреді.
Фильмдерді қазақшалауға қазіргі қазақ дубляжының қауқары жетеді. Техникалық тұрғыдан Қазақстан ешбір елден кем емес. Студия, құрылғылар, микрофондар, оның құлағын бұрайтын білікті мамандар бар. Тіпті олар күрделі музыкалық жобаларға да әбден дағдыланған. Актерлік база тіпті де мәселе емес.
Режиссерлік қызметіме кіріскен 2017 жылдан бері 40-тан аса картинаны дыбыстадық. «Галактика сақшылары – 2», «Өрмекші адам: Қайта оралу», «Коконың құпиясы», «Супер отбасы», «Ральф», «Алладин», «Арыстан патша», «Мұзды өлке», «Алға», «Мулан», «Қара қабылан» 1, 2-бөлім, «Ойыншықтар хикаясы» 1, 2, 3-бөлім, «Дориді іздеу», «Аватар: Су жолы» сынды туындылармен қоса бірнеше ресейлік фильмді қазақша сөйлеттік. Бұл жобалардың бәрі де шынайы шықты, халыққа ұнады.
Мәселен, «Аватар: Су жолы» былтырғы прокаттағы ең табысы мол, үздік, жарқын жобалардың бірі. Джеймс Кемеронның бұл таңдаулы жұмысын дубляждауды қараша айында бастадық, желтоқсанда прокатқа шықты. Мәтінді аудару, үйлестіру жұмыстарын есептемегенде студиядағы жазу процесі шамамен 25 күн уақыт алды. 30-дан аса маман атсалысты. Фильмнің хронометражы ұзақ, дегенімен дыбыстауда қиындық туындай қоймады. Режиссер ретінде нәтиже өз көңілімнен шықты. Көрермен қауым да жақсы қабылдады. Теріс пікірлер байқалмады, – дейді Шах-Мұрат Ордабаев.
Айта кетерлігі, «Аватар» мен «Қара қабылан: Ваканда жасасын» министрлік қолдауымен прокатқа дубляждалған алғашқы фильмдер. 2021 жылға дейін кинотеатр экранынан көрсетілген қазақша фильмдер «Болашақ» корпоративтік қорының қаржыландыруымен дубляждалып келді. Қор осы күнге дейін голливудтық студиялардың 38 фильмін дубляждаған.