Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:37

15 наурыз жаңа Конституция күні болуы мүмкін

Конституция
Фото: ашық дереккөз

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев егер қазақстандықтар референдумда жаңа негізгі заңды қолдаса, 15 наурыз жаңа Конституция күні болатынын мәлімдеді.

«Өтпелі ережелерге сәйкес, Конституция қабылданған күн – Конституция күні болып есептеледі. Қабылданған күн және күшіне енген күн бар. Менің білуімше, өтпелі ережелерде қабылданған күн туралы айтылған. Қабылданған күн мен күшіне енген күн – екі бөлек мәселе. Сондықтан өтпелі ережелер жобасына қарасақ, онда қабылдау туралы сөз қозғалады. Қабылдау – 15 наурыз. Егер халық қолдаса, бізде жаңа Конституция және жаңа Конституция күні – 15 наурыз болады», – деді Әшімбаев бейсенбі күні мәжіліс кулуарында.

Сондай-ақ оның айтуынша, Сенат 1 шілдеде өз өкілеттігін тоқтатып, сессиясын толық аяқтайды.

«Өтпелі нормалар жобасында Сенат пен Мәжілістің өкілеттігі тоқтағаннан кейін екі ай ішінде сайлау өтуі тиіс екені жазылған, яғни бұл 1 қыркүйекке дейін жүзеге асады. 1 қыркүйектен бастап жаңа парламент – Құрылтай жұмысын бастауы керек. Демек, 1 қыркүйекте жаңа құрам жасақталады. Егер Қазақстан халқы жаңа Конституция жобасын қолдаса, біз 1 шілдеге дейін жұмысымызды жалғастырамыз, ал 1 қыркүйектен бастап жаңа парламент жұмыс істей бастайды», – деп түсіндірді Әшімбаев.