152 нысанның құрылысы талапқа сай емес

Белгілі бір өңірдің құрылыс әлеуетін арттыру тек экономикалық көрсеткіштерді жақсарту немесе инфрақұрылымдық даму мақсатымен шектелмейтін, әлеуметтік құрылым мен халықтың өмір сапасын түбегейлі өзгертуге бағытталған процесс.
Бұл бағыттағы мемлекет табысы елдің аймақтық теңгеріміне, демографиялық тұрақтылығына және әлеуметтік әділеттілік қағидатына тікелей әсер ететіні анық. Соңғы жылдары Қазақстанда урбанизация үдерісі күшейіп, халықтың 60 пайыздан астамы қалалық жерлерде өмір сүріп жатыр. Мұндай жағдайда құрылыс секторы тек тұрғын үй немесе өндірістік нысандар салумен ғана айналыспайды, ол қоғамның әлеуметтік капиталын, өмір салтын, еңбек нарығының құрылымын қалыптастыратын жетекші әлеуметтік факторға айналып отыр. Сондықтан да құрылыс әлеуетін арттырудың негізгі мәні – өңірлік теңсіздікті азайтып, шағын және орта қалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету. Мысалы, Алматы мен Астана сынды мегаполистерге халықтың жаппай көшуі көбіне басқа аймақтардағы құрылыс инфрақұрылымының әлсіздігінен, тұрғын үй мен жұмыс орындарының тапшылығынан туындайды. Егер халқы аз өңірлерде сапалы тұрғын үй, жол, инженерлік желілер мен әлеуметтік нысандар көптеп салынса, ішкі көші-қонның тепе-теңдігі сақталып, өңірдің еңбек ресурстары өз аймағында тұрақтар еді. Бұл тұрғыдан алғанда құрылыс әлеуетін арттыру халықтың өз аймағына деген сенімін және қоғамдағы тұрақтылықты нығайтудың маңызды шарты болып саналады.
Осы орайда ел президенті де биылғы халыққа жолдауында соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан тұрғын үй құрылысы саласына айрықша назар аударған жөн екенін алға тартқан болатын. Мәселен, былтырдың өзінде 19 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілген екен. Президенттің айтуынша, құрылыс сапасын арттыру үшін жасанды интеллект технологияларының (Building Information Modeling, BIM) көмегімен ғимараттарды ақпараттық модельдеу әдісін кеңінен қолдану керек. Сонымен қатар үкімет құрылыстың барлық кезеңдерін толық есепке алуды, жоспарлауды, оған мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық платформаны іске қосса жылдамдық пен сапа да артпақ. Ал жаңа Құрылыс кодексі осы саланың қауіпсіз әрі ашық болуына және тұрақты дамуына жол ашатын берік заңнамалық негізге айналуға тиіс. Мәселен, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте сәулет және қала құрылысы саласындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, өңірдің құрылыс әлеуетін арттыру бағытында нақты шаралар қабылданды. Кеңестің басты мақсаты – аймақтағы елді мекендердің бас жоспарларын жүйелеу, қала құрылысы құжаттарын толық цифрлық жүйеге енгізу және құрылыс сапасын арттыру арқылы халықтың өмір сүру ортасын жақсарту. Әкімнің айтуынша, бұл – өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тікелей әсер ететін стратегиялық бағыттардың бірі.
Жиында облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Әлібек Аманбай өңірдегі жұмыстардың жай-күйін баяндап, алдағы кезеңге арналған жоспарлар мен ұсыныстарын ортаға салды. Оның дерегінше, бүгінде облыстың 375 елді мекенінің барлығы қала құрылысы құжаттарымен қамтамасыз етілген. Бұл өз кезегінде өңірде жоспарлы құрылыс жүргізуге және инфрақұрылымдық даму қарқынын жүйелі басқаруға мүмкіндік беріп отыр. 2025 жылы Тараз қаласындағы 44 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы мен аудандардағы 76 елді мекеннің бас жоспарын «Мемлекеттік қала құрылысы кадастры» ақпараттық жүйесіне енгізу көзделген. Бұл бастама аймақтың сәулеттік келбетін заманауи стандарттарға сәйкестендіру мен тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болары анық. Бүгінгі таңда 5 аудандағы 36 елді мекеннің бас жоспары, сондай-ақ Тараз қаласының 44 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленіп, түзету жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен Жамбыл ауданындағы 6, Жуалыда – 7, Мойынқұмда – 15, Т.Рысқұлов ауданында – 7 және Шу ауданындағы 5 елді мекеннің құжаттары әлі ақпараттық жүйеге енгізілмеген.
Кеңесте өңірдегі «қызыл сызық» талаптарын сақтамау деректерін де сынға алды. Бүгінде облыс аумағында 152 нысанның құрылысы аталмыш талаптарды бұзып салынған. Олардың басым бөлігі Тараз қаласында, сондай-ақ Талас, Т.Рысқұлов және Қордай аудандарында орналасқан. Мұндай заңбұзушылықтар тек сәулеттік тәртіпті бұзып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігіне, инженерлік-коммуникациялық желілердің жұмысына және қала инфрақұрылымының үйлесімді дамуына кері әсер етеді. Бұл ретте жергілікті билік пен құрылыс саласының жауапты органдарына нақты шаралар қабылдау тапсырылды. «Сәулеттік бюро» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Бауыржан Сұлтанбек кеңесте баяндама жасап, жүргізілген сараптама жұмыстарының нәтижесін ұсынды. Оның айтуынша, басқармалар мен әкімдіктер ұсынған 61 жобалық-сметалық құжаттама талданған. Нәтижесінде 25 жоба мақұлданып, 15-іне толықтыру бойынша ұсыныстар берілген, ал 5 жоба кері қайтарылып, 16-сынан мүлдем бас тартылған. Бұл көрсеткіш жобалық құжаттамалардың сапасы әлі де сын көтермейтінін көрсетеді.
Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев құрылыс саласындағы жүйесіздік пен бақылаудың әлсіздігін сынға алып, жауапты құрылымдарға нақты міндеттер жүктеді. Оның айтуынша, соңғы жылдары жобалық-сметалық құжаттамалардың сапасыз әзірленуі құрылыс жұмыстарының сапасына тікелей әсер етіп отыр. Бұл өз кезегінде пайдалануға берілген нысандардың беріктігі мен ұзақ мерзімділігіне күмән тудырып, халықтың наразылығын туғызуда. Сол себепті аталған кемшіліктердің алдын алу мақсатында «Сәулеттік бюроға» жобалық құжаттама әзірлеу функциясы жүктелген. Алайда аталмыш мекеме мен жергілікті атқарушы органдар арасында үйлестіру жұмыстары жеткіліксіз болғандықтан, бірқатар мәселе шешімін таппай отыр. Кеңестің қорытындысында құрылыс нормаларын бұзған және «қызыл сызық» талаптарын сақтамаған нысан иелеріне қатысты заң аясында қатаң шаралар қабылдау қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы қасбеттерін жаңарту және қаланың көркін айшықтайтын сәулеттік келбетті қалыптастыру мақсатында ұзақ мерзімді жоспар әзірленіп, оны кезең-кезеңімен жүзеге асыру тапсырылды. Бұл бағытта аймақтың сәулеттік бейнесін жаңғырту, көше мен ғимараттардың эстетикалық үйлесімін арттыру және қала кеңістігін заманауи талаптарға сай ету көзделіп отыр.
С. Бақберген
Жамбыл облысы