Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:07, 27 Қаңтар 2022

162 адам байлыққа, халық батпаққа батып отыр

None
None

Өткен аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі айтулы, азулы, ең бай кәсіп иелерімен кездесті.

Александр Машкеевич, Тимур Турлов, Исламбек Салжановтар бой көрсеткен бұл кездесуде бүкіл қоғамдық тыныс-тіршілікті түбегейлі трансформациялау жөнінде айтылды.

Бұған қатысты президент Тоқаев: «Қағаз жүзіндегі әлеуметтік-экономикалық мәселе мен оның қазіргі шынайы жағдайының арасындағы алшақтық сын көтермейді. Сондықтан шұғыл түрде экономикалық саясатты қайта қарау керек. Таза, ашық және әділ іс-әрекеттердің жаңа тәртібін анықтаған жөн», – деді.

Оның пікірінше, бүгінде аз ғана элиталық топтардың ықпалының артуы және халықтың басым бөлігінің табысының азаюы қауіпсіздігімізге айтарлықтай қатер төндіріп отыр. Бұл қоғамның әлеуметтік-экономикалық содан кейін саяси бөлінуіне әкеп соқтыруы мүмкін.

– Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша теңгерімсіздік пен проблема бар. Халықаралық сарапшылар (KPMG, 2019 жыл) Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте, халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек, – деді президент.

Президент бұл реформа «тартып алуды және қайта бөлуді» көздемейтінін айта келе: «Міндет – сіздерді, ұлттық буржуазияны еліміздің әлеуметтік-экономикалық моделін трансформациялау үдерісіне белсене атсалысуға тарту», — деді.

Осылайша Тоқаев «тартып алмаймыз, қайта бөліске де салмаймыз, бірақ өздерің ұлттық экономиканы көтеруге ынталы болыңдар», дегенді баса айтты.

Бірақ осы арада «күні бүгінге дейін қызыл тонға оранып, қоржындарына көк қағаздарды миллиардтап жинап алған бай-манаптар онысын елмен бөлісер ме екен?» деген заңды сауал туындайды.

Әлеуметтанушы Меруерт Молдабаеваның айтуынша, біз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, бай мен кедей арасындағы алшақтықты жою, инвесторларға қолайлы жағдай жасау деген дүниелерді 30 жыл бойы қозғап келдік. Бірақ осы аралықта елге жаны ашыған бай-манапты да, байлардың байлығының қызығын көрген халықты да көрмедік. Тиісінше, біздегі кедей кепшіктің баласы «162 сом — байлар киген қызыл тон» деп, әйтеуір, солардың сән-салтанатына қызығып қойып жүр. Бірақ сол «қызыл тондары мен қызылды-жасылды байлықтарын» бай-манаптардың елмен бөлісетін түрі жоқ.

— 2021 жылы бір жылда АӘК алатындардың саны 1 млн-ға жуықтапты. Бұл елдің болып-толып өскенін емес, экономиканың шатқаяқтап тұрғанын, әлеуметтік жағдайдың төмендігін көрсетеді. Қазір біреулер кедейленіп жатса, енді біреулерге қымбатшылық майдай жағып, еселеніп, байып жатыр.

Республика халқының қалған 55 пайызы айлығын шайпұлына ғана жеткізе алатын орта шаруалар болса, ендігі бір 10 пайыздық меже күнкөріс жағдайы, тіптен, төмен адамдардың еншісіне бұйырыпты. Бұл көрсеткіштердің өзі елде шұғыл түрде нақты реформа жасау керектігін көрсетеді, – дейді әлеуметтанушы.

Сондай-ақ маманның пайымдауынша, елдің жағдайы түзелуі үшін, алдымен, атқарушы билікте жүрген шенеуніктерге тойымды көзқараспен баюды үйрену керек.

– Кеңес өкіметінің тұсында облыстық басылымдарда бір ауданның басшысы жайлы, оның шылқыған әл-ауқаты жайлы жазылатын болса, оны дереу тексерудің астына алатын. Біз қазір әкімдердің, министрлердің, үкімет мүшелерінің байлығына сүйсініп қарап отыра беретін болдық. Талап ете алмаймыз. Байығандар байып жатыр, ал қарапайым халық кедейленіп барады. Демек, байлар үстіндегі «қызыл жағалы тонын» шешіп, халықпен бөлісуді үйренуі қажет, — дейді Мерует Молдабаев.

Ірі бизнес өкілдерімен кездесуде тағы бір қозғалған өзекті жайттардың бірі — инвестициялық климат қалыптастыру. Президент мемлекеттің инвестиция тартуға қатысты барлық міндеттемелерді мінсіз орындайтынын мәлімдеді. Бұған қатысты, Мемлекет басшысы бизнесмендерді қаржысын өз елімізге салуға шақырды.

— «Мұнда табыс табамыз, ал басқа жерде жұмсаймыз» деген қағидатқа жол берілмейді. Сондықтан жұмыс екі бағытта жүргізіледі: капиталды елге қайтаруға ынталандыру және қаражаттың оффшорларға кетуіне жол бермейтін тосқауылдар қою.

Бұдан бөлек, Президент жекелеген монополияларға талдау жасау қажеттігін де баса айтты.

— Ендігіде операторлардың, әсіресе, жеке операторлардың қызметі мүлдем тоқтатылады. Естеріңізде болса, бұрын «өтеп алушы» деген термин болатын. Жеке компаниялар тиісті төлем арқылы мемлекеттің бірқатар экономикалық функцияларын орындауды сатып алатын. Бұл жақсылыққа апармады. Үкіметке мұндай қызметке заңды түрде тыйым салуды тапсырамын. Барлық орындар бәсекеге ашық болуы тиіс. Нарықтарда қолдан жасалған көптеген делдалдық тізбектерді жою қажет. Бұл қордаланып қалған мәселені ешкімнің шешуге құлқы жоқ. Экономиканы деолигополизация бойынша қатаң саясат қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев тиімді салық саясаты туралы айта келіп, 2020 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кірісі 34,6 млрд доллар (14,6 трлн теңге) болғанын және бұл ІЖӨ-нің 20 пайызы екенін атап өтті.

— «Аса маңызды мемлекеттік міндеттерді шешу үшін бұл жеткіліксіз. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде мемлекеттік бюджеттің кірісі 40-50 пайызға дейін жетеді. Тіпті, біздің жақын көршілеріміздің өзінде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Соңғы 10 жылда елдің ІЖӨ-дегі салықтың үлесі 9,9 пайыздан, 7,3 пайызға дейін төмендеген. Міне, сол себепті Ұлттық қордан бөлінетін трансфер де тым көбейіп кеткен. 2019 жылдан

2021 жылға дейін 12 трлн теңге, яғни 30 млрд долларға жуық қаржы жұмсалған», — дейді Мемлекет басшысы.

Осылайша, болашақта бізде экономикамызға инвестиция салудан бастап, салық төлеу, монополистерді тезге салу және басқа жаңашылдықтар орын алмақ. Бұған қатысты сала мамандары «жүзеге асса, бұл өте орынды реформалар легі», деседі.

Экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметовтың айтуынша, әсіресе, «Самұрық-Қазына» қорының жұмысын ерекше назарға алу керек. Бұл қор арқылы мемлекеттік сатып алулар саласындағы сыбайластық, тендерді жасырын өткізу және бағаны жоғары қою мәселелерімен шұғыл түрде айналысқан жөн.

— Президент «Самұрық-Қазынаны» реформалауға бір ай уақыт берді. Егер шешімі табылмаса, өте қатаң шаралар қолданылады. Бір ғана мысал айтар болсам, біз осы уақытқа дейін «Самұрық-Қазына» аясында мұнай химиясын дамытуды қалыптастырып алғанымызда, күні кеше Жаңаөзендегі ел газ бағасы үшін алаңға шықпас еді. 30 жылда мұнайды ең соңғы дайын өнімге дейін өңдеуді меңгермедік. «Самұрық-Қазынаның» жұмысына қыруар қаражат бөлінді. Оның құрамына енетін ұлттық компаниялардың қайсысының жұмысы қазір алға басып отыр. Мақтанып айта алмаймыз. Сонда бұл қордың қажеті қанша? Өз басым, мұндай пайдасыз қорларды жапқан дұрыс деп ойлаймын, -дейді Жұмаділда Баяхметов.

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, қазіргі ел Президентінің бастамалары жүзеге асатын болса, онда Қазақстан шынымен де жаңаруға қадам жасайды. Бірақ бізде Айдың арғы бетін көрмей, бергі жағын ғана сылап-сипап қоя салу әдетке айналғаны даусыз. Міне, осыған қатысты, мамандар: «бұл жаңашылдықтар құр науқаншылдыққа салынып кетер болса, онда тағы да 30 жыл артқа шегініс жасаймыз. Тағы да белгілі бір тұлғалар байлыққа батып, ал қара халық сол еңсесін тіктемеген күйі экономикамыз еңкіш тарта береді. Сондықтан ескі де, жаңа премьер Әлихан Смайылов үкіметінің міндеті аманатқа қиянат жасамай, әділ жұмыс істеуі тиіс», — деп ой түйіндеді.

Тегтер: