Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:38, 15 Қыркүйек 2024

1710 жылғы Қаракесек жиыны: бұрмаланған ақиқаттар

Бөгенбай тауы
Бөгенбай тауы

Бірнеше жылдың жүзі болды тарихшылары бар, басқасы бар қисынсыз жайттарды, ойдан құраған өтіріктерді «айғаққа» тартып, 1710 жылы Қарақұмда өткен Қаракесек жиынының атауын «Қарақұм құрылтайы» қып өзгертіп, оны «үш жүзді жоңғар шапқыншылығына қарсы біріктірген Қазақ ордасы тарихындағы ірі саяси оқиға» деп «бағалап» жүргендеріне.

Бейәдеп бұл әрекеттерді дәлелді айғақтармен жан-жақты әшкерелеп, біраз шындықты ашқан ек (Қараңыз: Кәртен Б. Таласқа түскен шоқы мен 1710 жылғы Қаракесек жиыны// «Ақиқат» журналы, №10, 2022 жыл. 62-68 беттер). Әйтсе де бұл тақырыпқа қайта оралып отырмыз. Кейбір тұстарын әлі де нақтылап, кеңінен ашып көрсету керек боп тұрғандықтан. Сонымен. 

Уикипедия – ашық энциклопедиясында былай деп жазылған: «Қарақұм құрылтайы, Қарақұм жиыны – 1710 жылы үш жүз өкiлдерiнiң жоңғар басқыншылығына қарсы күрес ұйымдастыру үшiн құрылған жиын. (?) Ол Арал теңiзiнiң солтүстiгiндегi Қарақұм алқабында өттi.

Бұл бас қосуға ықпал жасаған Тәуке хан болды. (?) Ол қазақ жасақтары мен қазақ руларын басқаруды құрылымдық тұрғыдан қайта ұйымдастырудың жоспарын ұсынды. (?) Қазақтардың қорғаныс қабiлетiн нығайту үшiн сұлтандар билiгiн шектеп, үш жүздi жауапты билер арқылы басқаруға ұмтылды. Жиынға қатысушылардың пiкiрлерi ортақ болған жоқ. Олардың бiр бөлiгi жоңғарларға бодан болуды жөн көрсе, кейбiреулерi аңысын аңду пиғылын ұстанды. Дегенмен Бөкенбай Қараұлы батыр халықты жоңғарларға қарсы шабуыл жасауға көндiрдi. (?) Бұл басқосуда хандар арасынан жоғарғы қолбасшы сайлау туралы мәселе көтерiлдi. Оған үмiткерлер Қайып сұлтан мен Әбiлқайыр хан болды. (?) Жасақтарға Бөкенбай жетекшi болып сайланса, хан билiгi Әбiлқайырға берiлдi». (?)

Бұл – шылғи өтірік! Бір сөздері бір сөздеріне мүлде қайшы. «Деректер» «Қазақстан Энциклопедиясы» деп аталатын еңбектің 10-томнан алыныпты.

1710 жылы Қарақұмда өтті делінетін Қаракесек (Әлім-Шөмен) жиыны (құрылтай емес!) турасындағы мәліметті 1803-1804 жылдары орыс офицері Я.П. Гавердовский «Обозрение Киргиз-кайсакской степи или описание страны и народа киргиз-кайсакского» деген (Рукописный отдел ЛОИИ СССР АН СССР. Коллеция № 115, д. № 495) еңбегінде түзіп кеткен. Бәрінің өз қалауларынша сан құбылытып жүргендері – осында баяндалған оқиғалар... Жақсы, айтпағымызға көшейік.

Қарақұмдағы жиында елді бірлікке шақырған сөздің иесі кім?

Жол-сапар күнделігінде Я.П. Гавердовскийдің өз қолымен түзіп кеткен 1710 жылғы Қаракесек жиыны жайындағы мәліметтерді қаз-қалпында ұсынайық енді, онда бүй деген: «В 1710 г. некоторые старейшины и начальники семейств из числа тех родов, которые располагались в песках Каракумах, собрались для совету, дабы употребить все усилия к единодушной защите друг друга до последней капли крови. Слабые души даже среди сего собрания обнаружа страх свой и предлагали искать безопасности от милосердия контайши; другие хотели оставить жилища свои и спасаться бегством за реку Волгу, а некоторые подобно робким зайцам желали рассеяться в разные стороны и поколебали было постоянство многих. Но известный в то время по храбрости старшина Буканбай уничтожил сие предприятие их. Киргизцы рассказывают(Бұл жерде Әлім Қаракөбек би мен Боранбайды айтып отыр.-Б.К.), что он среди жаркого спора, разорвав на себе одежду и повергнув в круг совета меч свой, говорил в исступлении: «Отмстим врагам нашим! Умрем с оружием! Не будем слабыми зрителями разграбленных кочевок и плененных детей наших! Робели ли когда воины равнин кипчакских! Сия брада еще не украшалась сединою, как я багрил руки свои в крови неприятелей (астын сыздық.-Б.К.). Теперь могу ль равнодушно снесть тиранство от варваров? Еще нет у нас недостатка в добрых конях! Еще не опустел колчан со стрелами острыми!» После сего все торжественно клялись следовать совету Буканбая. Энтузиазм достиг даже до того, что некоторые из старейшин для усугубления клятвы открыли себе раны и точили кровь свою на пылающий среди них костер. По окончании присяги совершалось общее богомоление, и разделено было жертвенное брашно, приготовленного из белого коня. Они хотели чрез сие ознаменовать непоколебимость союза. Орды избрали в сие время султана Абулхаира, как старшего сына из фамилии ханской, а Буканбая благодарный народ провозгласил своим предводителем. К союзу сему, названному по месту, где был съезд, Каракисяцким, присоединились из Меньшой орды большая часть рода алимулынского, часть байулынского и чжидеруу, а из Средней – несколько семей кипчаков и найманов (Астын сыздық.-Б.К.).

Осы жиында халықтың алдында айтылған сөздердің мына тұсын қайтара келтірейік, онда:«...Отмстим врагам нашим, умрем с оружием, не будем слабыми зрителями разграбленных кочевок и плененных детей наших. Робели ли когда воины равнин кипчакских! Сия брада еще не украсилась сединою, как я багрил руки свои в крови неприятелей (астын сыздық.-Б.К.). Теперь могу ль равнодушно снесть тиранство от варваров? Еще нет недостатка в добрых конях! Еще не опустел колчан со стрелами!» –делінген.

Ұғынықты бола түсу үшін бұл сөйлемдердің аудармасын да бере кетейік, мағынасы былай: «...Дұшпандарымыздан кек қайтарамыз, қарумен өлеміз! Дәрменсіздік көрсете алмаймыз талауға түскен жұртымызды, тұтқынға алынған бала-шағамызды көріп отырып. Қыпшақ даласының жауынгерлері қорқақ па еді?! Сақалыма әлі ақ түспеген-ді мына қолымды жауларымның қанына бояғанда (астын сыздық.-Б.К.). Енді айуан мінезділердің озбырлығына бейжай қарауымыз керек пе?! Жарау аттар әлі де аз емес, қорамсақ жебелерден босаған жоқ!»

Гавердовскийдің жол-сапар күнделігінде «Сия брада еще не украсилась сединою, как я багрил руки свои в крови неприятелей» деп таңбаланған осы сөзді айтқан кім, соның анығына жетейік. Бір рудың төңірегінен аса алмай қалған білім-танымы кембағал біреулер мұны да Табын Бөкенбайға жапсырып, сол айтты деп қылғынып жүр.

Профессор З. Байдосов ел ішінен жазып алған Табын Бөкенбай батыр туралы жырда мынадай мәліметтер айтылады:

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Бөкенбай сынды батырым,

Алты мүшел толтырып,

Қалың да жәуміт ішінде,

Қапыда қаза болған-ды» (Қараңыз: Баһадүр батыр Бөкенбай. – Ақтөбе, «ЖК С. Т. Жанәділов баспаханасы», 2011 жыл, 43-44 беттер).

Жырда «батыр 73 жасында қаза болды» деп куәлік берілген.

Ресей империясының Сыртқы істер Министрлігінің архивінде сақталған дерек те «Бөкенбай 1742 жылы мамыр айында түрікпендердің қолынан қаза болды» деп нақтылап, жырдағы мәліметтің шындығын қуаттай түседі (Қараңыз: АПВР, фонд 122, 1742 г. д. 4, л. 53).

Осы деректерді негізге алып есептегенде Табын Бөкенбайдың жасы 1710 жылы 41-де. Олай болса, оның «Сия брада еще не украсилась сединою, как я багрил руки свои в крови неприятелей» деуі қисынға тіпті келмейді, керісінше бұл сөздің иесі – есімі «Буканбай» делініп таңбаланған Бөгенбай батыр!

Бөгенбай туралы мәліметтер бере кетелік. Руы – Шекті, оның Бөлегі.

Бөлектен – Айт, Айттан – Қабақ, Тілеу.

Қабақтан – Хангелді, Жангелді, Төлес, Аралбай, Беке.

Жангелдінен – Айдаралы, Жапалақ, Рай.

Жапалақтан – Таласбай, Бөгенбай.

Бөгенбайдан – Дербісәлі, Тінәлі, Өтеуіл, Жағал (тұқым жоқ).

Дербісәліден – Ырысбек, Ырысбектен – Кішкене, Қалдығұл, Мелдебек.

Қалдығұлдан – Сабырқұл, Қыдырқұл.

Қыдырқұлдан – Алдоңғар (1896-1975) (астын сыздық.-Б.К.), Алдоңғардан – Есенқара, Есенқарадан – Берік.

Бабасы Жапалақұлы Бөгенбай жайлы оқиғаны ұрпақтарына баяндап кеткен Алдоңғар қарттың мәліметін назарға ұсынамыз.

Шектілердің аузында сақталып, осы күнге жеткен деректерде тынышы жоғалған бір заманда қалмақтар елдің шет жағында отырған ауылға тұтқиылдан тиіп, адамдарды тұтқынға алады, малдарын айдап кетеді. Соны естіген Бөгенбай, ағасы Таласбай, тағы біраз адам атқа қонып, жаудың соңына түседі. Өздері үстіне шығып, айналаға шолғын жасайтын биік шоқыға жақындағанда Таласбай таудың басынан қараң еткен әлденені байқап қалады. Әуеліде құс деп ойлайды. Сөйтсе биікке шығып, бұларды бақылап жүрген қалмақтардың шолғыншысы екен. Бөгенбай «кері қайтпаймыз не болса да бұлармен айқасамыз» дейді. Тобындағы біреуін ауылға қайтарады «тез адамдарды жинап кел!» деп.

Бұлар ілгері жүріп, шоқыны жанап өте бергенде арғы жағында шоғырланып тұрған қалмақтарды көреді. Сонан шайқас басталады. Қарулы қазақтар біразға дейін бой бермейді. Әлден соң қиқулаған көмек те жетеді. Тың күш келіп қосылғасын қазақтар жауды ығыстыра бастайды. Бір кезде Бөгенбай қалмақтардың ортасына түсіп қалады. Таласбайдың астындағы аты – жүйрік, екпіні – тегеурінді екен дейді айтушылар. Ол өлген-тірілгеніне қарамай топты бұзып-жарып кіреді де ауыр жарақат алып, ат жалын құшқан Бөгенбайды алып шығады. Осы қанды қырғынға баласы Тінәлі, немересі Қарабек те қатысқан дейді. Қарабек бұл шайқаста екі қалмақты жекпе-жекке шақырып, оларды найзаға іледі. Дұшпан ойсырай жеңіледі. Тірі қалған бірен-сараны байлап-матап алып кеткен қазақтарды, олжалаған малдарды тастай қашыпты дейді.

Ауыр жарақаттан Бөгенбай жан тапсырады. Өзі қарауыл қылған шоқының етегіне елі ақ жуып, арулап жерлейді. Содан Қаракесек тайпасы (Әлім-Шөмен) батыр мүрдесі жатқан, Ырғыздың (Жармола) оңтүстік-батыс жағында, 40 шақырым жерде орналасқан биікті «Бөгенбай тауы» атап кеткен (Қараңыз: 1-суретте Бөгенбай тауы).

Бұл – Қабақұлы Жангелдіден тараған ұрпақтардың сол заманнан атадан балаға аманаттап жеткізген тарихы.

Осы оқиғаны Я. Гавердовский 1803 жылы тамыздың 22-сінде қағазға былай деп түзіпті: «В праве, верстах в 30 от сего стана, видны горы, называемые Буканбаевыми. В равнине между ними верст на 15 в поперечнике, изобилующей хорошим кормом для скота и чистою ключевою водою, возвышается в виде конуса каменная скала, которая по причине отменной высоты именуется Буканбаевым маяком. В старину, когда киргизцы были еще бессильны, и калмыки, жившие в окружностях их, набегами угоняли скот у киргизцев и их разоряли Буканбай бий киргизский, имел тогда между сими горами свое кочевье (астын сыздық.-Б.К.), а на бугре – маяк, откуда давалось знать соседям о приближении неприятеля. Киргизец сей храбростью своею низложил в окрестностях силу калмыков и, будучи убит там посреди сражения, погребен на том же маяке (астын сыздық.-Б.К.), который вместе с его именем служит киргизцам напоминанием его храбрости» (Қараңыз: «Обозрение Киргиз-кайсакской степи (часть 1-я) или Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской 1803-1804 годов» (Рукописный отдел ЛОИИ СССР АН СССР. Коллеция № 115, д. № 495).

Мәлімет берушілер жолбастаушы Әлімнің рубасылары – Қаракөбек, оның жақыны Боранбай дегендер. Мынадай да ақпарат берілген солардың бірі жайлы: «Бий Каракубек – главный старшина дюрткаринского рода, тархан, почитаемый в целой орде; он был уважаем и на линии...».

Жармола өңіріне (қазіргі Ырғыз) болашақта салынбақ Орал бекінісінің орнын белгілеу үшін 1841 жылы сапарлап келген орыс офицері И. Бларамберг мына оқиғаны былай деп таңбалапты:«После 28-верстного перехода по равнине с рыхлой песчаной почвой мы сделали 17-го остановку в урочище Айри-Кизил (астын сыздық.-Б.К.). Термометр показывал 28°. Здесь мы обнаружили замечательные пастбища. Иргиз в этом месте образует маленькие озера, заросшие камышом. Тут расположилось много аулов племени чикли (астын сыздық.-Б.К.). Султан Тиргази-хан нанес мне визит; он привел с собой даже свою семью. Впервые я угощал киргизских дам чаем и конфетами из Киева, которые им очень понравились. Я подарил им ножницы, зеркала, гребенки и иголки, и они покинули мою кибитку очень довольные. Вечером султан прислал мне в подарок двух овец...» (Қараңыз: Бларамберг И. Ф. Воспоминания. Пер. с нем. О. И. Жигалиной и Э. Ф. Шмидта. Вступ. статья Н. А. Халфина. М., Главная редакция восточной литературы издательства «Наука», 1978. Стр. 233-234).

2022 жылы қыркүйек айының 12,13 жұлдызында арнайы сапарлап, деректе аталған Айырқызыл құмын аралағанбыз-ды, тарихқа құрметі зор, пікіріміз үндес Мұздыбай есімді ініміз екеуміз. Бұл өңір Ырғыздан (Жармола) 20 шақырым шамасында. И. Бларамберг айтқандай көркі келіскен жер екен. Ойпаң тұстарының оты қалың. Ана тұста, мына тұста шоқталып өскен тал-шілік, жиде. Айнала құстың сайраған үні...

Айырқызылда екі биік құм шоқы бар. Аралары бір-біріне өте жақын. Қолымыздағы XX ғасырдың 70-жылдарындағы картаның куәлік беруінше, бұлардың бірі – «г. Бугамбай» деп аталады, мұның биіктігі – 234 м. Енді бірінің атауы – «г. Айыркызыл». Биіктігі – 241 м. (Қараңыз: 2-суретте, картада г. Бугумбай, г. Бугамбай, г. Айыркызыл).

Ұшар бастарына шығып, жан-жаққа көз тастадық. Шығысында – Ырғыз (Жармола), оңтүстік-батыс тұсында – Бөгенбай шоқысы, 20-23 шақырымдай, бұлдырап көрініп тұр.

Бұл өңірдегі бірнеше таудың Бөгенбайдың есімімен аталуы, сондай-ақ, Ырғыздың (Жармоланың) іргесіндегі Айырқызыл құмының сонау жаугершілік заманнан бері Бөгенбайдың, оның ұрпақтарының, басқа да руластарының тұрақты қонысы болғанын һәм батырдың ажалының осы төңіректе жеткенін келтірілген нақты мәліметтер толық растап, бекітіп тұр...

Демек, Я.П. Гавердовскийдің Шекті Бөгенбайдың есімін «Буканбай» деп таңбалағанына бола «Бөкенбай» деп қабылдап, таудың атауын да бұл өңірге түк қатысы жоқ Табын Бөкенбайға телу, «он мың әскер жасақтап, шоқыны қарауыл қылған» деп танбастан өзеуреу – дәлелсіз бөстекі сөздер!

Жақсы, айтпағымызға оралайық. 1710 жылы Қарақұмда өткен Қаракесек (Әлім-Шөмен) жиынында елді рухтандырып, бірлікке шақырғанда «Сия брада еще не украсилась сединою, как я багрил руки свои в крови неприятелей» деп айтқан сөзінен Бөгенбайдың жасы сол кезде 60-тың шамасында деп топшылаймыз. Әлгінде айғаққа тартқан ауызша деректе «қалмақтармен болған шайқасқа батырдың баласы Тінәлі, немересі Қарабек те қатысқан» делінген. Сонда ұлының жасы 40-тың төңірегінде, немересінің де ат жалын тартып, азамат болған кезі, 20-ның ояқ, бұяғында. Шайқас 1715-1717 жылдар аралығында өтіп, Бөгенбай алпыстың орта маңында (65-67) қаза тапқан сияқты. Нақты дерек болмағандықтан әрі не бері сәл-сәл ғана ауытқуымыз мүмкін, бірақ шамамыз – дұрыс.

Сонда 1710 жылы Қарақұмда өткен Қаракесек жиынында «Сия брада еще не украсилась сединою, как я багрил руки свои в крови неприятелей» деп айтылған сөздің иесі – қырық бірдегі Табын Бөкенбай емес, алпыстың төңірегіндегі Шекті Бөгенбай батыр екені анық боп тұр!

1

Қаракесек жиынын бұрмалаушылар жайында

Қаракесек жиынын бұрмалауды кімдердің бастағанын, кімдердің қоштағанын айтып өтейік. Атын атап, түсін түстеп.

1. Я. П. Гавердовскийдің дерегіндегі 1710 жылғы оқиғаны әуелгі бұрмалау 62 жыл өткен соң орыс офицері Л. Мейерден бастау алған, ол былай дейді: «...около 1710-го года, киргизы пришли въ совершенное разстройство и хотели искать спасенія въ подчиненіи соседямъ, но народномъ съезде въ Каракумахъ старшина Букан-бай, известный батырь, уговорилъ народъ решится напасть на калмыковъ. Тутъ же былъ избранъ старшій въ семействе ханскомъ, Абул-Хаиръ, ханом, (астын сыздық.-Б.К.) а Букан-бай предводителемъ. Букан-бай действительно победилъ калмыковъ...» (Қараңыз: Мейер Л. Киргизская степь Оренбургскаго ведомства. Санкт-Петербургъ. 1865. С.5.)

2. Л. Мейердің бұл сөзін 145 жыл өткен соң совет ғалымы Н. Г. Аполлова: «Крупное вторжение джунгарских войск произошло в 1710 – 1711 гг (астын сыздық.-Б.К.). Насколько серьезно было наступление джунгар, видно из того, что в 1710 году было созвано широкое народное собрание казахских жузов (?), съезд в Кара-Кумах, где предводителем ополчения был избран батыр Букенбай (?). Это было крупным событием в борьбе с Джунгарией. С этого времени определилась выдающаяся роль батыров в этой борьбе. Созыв широкого собрания в Кара-кумах был одном из этапов подъема народных масс, что и определило на некоторые время успех войск Тауке», (?) – деп құбылтып жалғастырады. (Қараңыз: Н. Г. Аполлова. Присоединение Казахстана к России в 30-х годах XVIII века: – Алма-Ата, Издательство академии наук Казахской ССР, 1948. С. 169).

Орыс офицері Гавердовскиийдің «К союзу сему, названному по месту, где был съезд,

Каракисяцким, присоединились из Меньшой орды большая часть рода алимулынского, часть байулынского и чжидеруу, а из Средней – несколько семей кипчаков и найманов» деген дерегін Н. Аполлова «1710 году было созвано широкое народное собрание казахских жузов (?), съезд в Кара-Кумах...» деп бұрмалаған.

3. Осы пікірді тағы бір совет ғалымы В. А Моисеев те 188 жыл өткен соң қайталап, одан әрі: «В 1710 г. в Каракумах состоялся всеказахский съезд представителей трех жузов (?), где главным был вопрос об отношениях с Джунгарским ханством: поднимать народ на борьбу или просить унизительного мира», – деп әсірелейді (Қараңыз: Моисеев В. А. Джунгарское ханство и казахи (XVII-XVIIIвв): – Алма-Ата, Ғылым, 1991. С. 66).

Қайталап айтамыз, Я. П. Гавердовский: «...где был съезд, Каракисяцким, присоединились из Меньшой орды большая часть рода алимулынского, часть байулынского и чжидеруу, а из Средней – несколько семей кипчаков и найманов» деп атап көрсетіп отырса, қалайша күллі қазақтың бас қосқан жиыны болады?!

Ерофееваның ойдан шығарған жалған сөздері

Л. Мейерден бастау алып, бұрмаланған деректі кейінгі тарихшы И. Ерофеева қоштап, одан әрі былайша «жетілдіріп», «жандандырады»: «Таким образом, процитированное предание утверждает, что Абулхаир был поднят на белой кошме именно в 1710 году, (?) когда было положено начало консолидации воинских сил казахов Младшего и Средного жузов на отпор возросшей вооруженной агресии джунгаров» (Қараңыз: Ерофеева И. Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик. Научное издание. – Алматы, «Санат», 1999. С. 108).

Ал Я. П. Гавердовский: «Орды избрали в сие время султана Абулхаира, как старшего сына из фамилии (тегі) ханской, а Буканбая благодарный народ провозгласил своим предводителем (бастаушы, жолбасшы)» деп таңбалаған. Аудармасы: «Осы кезде Әбілқайыр сұлтанды хандардың үлкен ұлы деп сайлады (немесе таныды) және ризашылық білдірген адамдар Бөгенбайды өздерінің жолбасшысы деп жариялады».

Мінекей, куә болып отырмыз, мәліметте «Жиында Әбілқайырды ақ киізге көтеріп, хан сайлады» деген сөз мүлде жоқ. Демек, И. Ерофееваның қисынсыз долбары, ойдан шығарған жалған деректері еш уақытта ақиқат бола алмайтыны анық, солай екенін тармақтарға бөліп, атап көрсетейік:

1. Қалай десек те 1710 жылға дейін Әбілқайырдың әлі саясат сахнасына жарқырап шыға қоймаған уақыты. Бірақ Кіші жүз руларының ортасында жүріп, ептілігімен, батырлығымен, батыл әрекетімен, қолайлы шешімдерімен көзге түсе бастаған сияқты. Осы себепті Қаракесек бірлестігі, оны қолдап қосылған өзге рулардың кішкене бөлігі Әбілқайыр сұлтанды ханның нақ өзі емес, символы (белгісі) етіп таныған тәрізді. Яғни, «хан тағына алдағы лайық мұрагер» деген сипатта оған сырттай білдірілген ілтипаттары болар деп болжалдаймыз. Тұспалымызды Гавердовскийдің Әлім руы билерінің айтуымен қағазға түзіп алған «Орды избрали в сие время султана Абулхаира, как старшего сына из фамилии ханской...» (астын сыздық.-Б.К.) деген деректің мазмұны да құптай түседі.

2. «Буканбайдың» (дұрысы Бөгенбайдың) елдің намысын қайрап, бірлікке шақырған сөзін Әлімнің рубасылары Я. Гавердовскийге зор ықыласпен, құрметпен әңгімелеп берген. Ал біреулердің өзеуреп «жиында хан сайланды» деп жүрген Әбілқайыр осы кезде таққа шынымен отырған болса, ел назары түгел өзіне ауған шақта алдағы күндерге ыңғайлаған жоспарын жарияламауы не болмаса аталы бір ауыз лебізін білдірмеуі мүмкін емес жайт. Қаракөбек би мен Боранбай хан тарапынан жасалған әрекеттерді де атап өтулері керек еді, бірақ ол жайында тіс жармаған. Бұдан Әбілқайырдың жиынға қатыспағаны анық аңғарылып тұр...

3. 1710 жылы Тәуке хан тірі. Билігіне әлі нық кезі. Мұны архивтік мәліметтер бекітіп, растайды. Олай болса, Ұлы Қағанның кіші буыннан өретін Әбілқайырдың Шыңғыстан бері келе жатқан үрдісті бұзып, онымен қатар хандық мәртебеге ие бола қоюы екіталай. Жайық пен Ертістің арасына, бір шеті Жетісуға дейін үстемдік құрған ортақ «Жеті жарғыға», басқа да заңдарға, тәртіпке Қазақ ордасының қарашасы да, би-сұлтаны мен бай-бағыланы да әлі түгелдей бағынатын кезең-тін бұл. Сондықтан шағын жиында бүйректен сирақ шығарып, Әбілқайырды хан етіп сайлауы ақиқатқа қайшы, мүлде қисынсыз!

4. Әбілқайырдың хан атануы архивтік деректерге сүйенсек, Тәуке өлген соң 1715 жылдан кейін басталған.

И. Ерофеева тарихи мәліметтерді бұрмалауын мұнымен шектеп қалмады, Гавердовскийдің жазбасында таңбаланған «Буканбайды» «Табын Бөкенбай» деп ғұмырының соңына дейін қателесіп кетті. Жақсы, бұған қазақша білмеуі де себеп болған екен дейік. Бізді таңқалдыратыны Табын Бөкенбайдың ажалы түрікпендерден, ал «Буканбайдың» (дұрысы Бөгенбайдың) қазасы қалмақтардан келгеніне, оның Ырғыз (Жармола) бен Айырқызыл құмының оңтүстік-батыс жағындағы шоқының етегінде жерленгеніне мән бермегені. Әлде саналы түрде сөйтті, әлде атүсті оқып, аңғармады. Бірақ қайсысы болса да жақсы емес «бөкенбайшылдар» зор санайтын тарихшы үшін...

Бәрін Табын руынан шыққан Бөкенбай батырға теліп, беталды лағып жүрген көтерем тарихшылар Я. Гавердовскийдің еңбегін мұқият оқып, ондағы баяндалған әр дерекке, әр деталға терең көз жіберіп, мән бермеген. Біліктің кемдігінен, сананың төмендігінен. Адалдықтың жоқтығынан.

Сонымен Гавердовскийдің: «Орды избрали в сие время султана Абулхаира, как старшего сына из фамилии ханской, а Буканбая благодарный народ провозгласил своим предводителем. К союзу сему, названному по месту, где был съезд, Каракисяцким, присоединились из Меньшой орды большая часть рода алимулынского, часть байулынского и чжидеруу, а из Средней – несколько семей кипчаков и найманов» (аудармасы: «Осы кезде Әбілқайыр сұлтанды хандардың үлкен ұлы деп сайлады (немесе таныды) және ризашылық білдірген адамдар Бөгенбайды өздерінің жолбасшысы деп жариялады. Қаракесек жиынында Кіші Ордадан Әлімұлы руының үлкен бөлігі, Байұлы және Жетірудың азғана бөлігі, Орта Ордадан, қыпшақтар мен наймандардан, бірнеше отбасы қосылды»), деген мәліметін әр «тарихшы» өз ыңғайына қарай «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп қалауынша өрескел бұрмалаған.

1710 жылы қазақ-қалмақ соғысы болған ба?

Тарихшы Ж. Сәбитов «Казахско-калмыцкие отношения в 1700–1715 годах» атты еңбегінде: «Как известно, датировка съезда в Каракумах взята из сообщения Я.П. Гавердовского начала XIX века. Согласно его сведениям, около 1700 года джунгарский хунтайджи покорил Большую Орду, и с ними Туркестан, Ташкент и Самарканд, заставив платить дань. Средняя Орда частью подчинилась джунгарам, частью поддалась на север, к российским границам. В 1710 году в Кара-кумах собрались представители в основном Младшего Жуза (плюс несколько семей кипчаков и найманов). Часть собравшихся людей предлагала бежать от хунтайджи за Волгу, некоторые предлагали подчиниться ему. Букенбай из рода Табын (не Канжигалы) (?) резко выступил против этого, воодушевив народ, который назначил его начальником войска (?),а ханом утвердил Абулхаира (?). Казахи «напали на калмыков со всех мест», оттеснив их с Эмбы за Урал и с Каракумов за Сарысу (ИКРИ, 2007, c. 393 –394). Если критически подойти к данным датам, то следует отметить, что у нас нет никаких данных, подтверждающих датировки Я. П. Гавердовского. В 1709 году джунгары вторглись на земли Старшего Жуза (Моисеев, 1991, c. 65). Вряд ли бы такое могло произойти, если бы Старший Жуз признавал главенство хунтайджи и платил ему дань, начиная с 1700 года. Нет также свидетельств о том, что Большая Орда и часть Средней Орды тогда подчинились джунгарам. Не понятно отсутствие имени Тауке-хана в сообщениях Я. П. Гавердовского про данный период, ведь он правил именно тогда. Также не понятна цель сбора съезда в Каракумах в 1710 году, и почему там собрались в основном представители Младшего Жуза (и не было Тауке-хана или хотя бы Каипа). Мнения, высказанные на съезде, больше похожи на пораженческие мнения, вызванные большими поражениями и потерями, но, как мы знаем, в это время казахи не потерпели никаких существенных поражений, которые могли привести к тем суждениям, которые высказывались на съезде в Каракумах. Более того, известно, что в 1710 году джунгары покорили восточный Туркестан (Моисеев, 1991, с. 68), то есть фактически у них основным фронтом военных действий был Восточный Туркестан, а не земли казахов. Кроме того, сведения Я. П. Гавердовского о том, что после съезда в Каракумах, около 1710 года, калмыки были оттеснены от Эмбы за Урал, не подтверждаются письменными источниками. (?) (Астын сыздық.-Б.К.).

...Как мы знаем, в 1710 году казахи не нападали на калмыков, а, наоборот, послали посольство с предложениями мира и антироссийского союза. ...В 1709 году (скорее всего, весной или в начале лета) Каип был лично у Аюки вместе с послами башкир и каракалпаков. (МИКЦА, 2011, с. 47)». (Қараңыз: Сабитов Ж. М. Казахско-калмыцкие отношения в 1700–1715 годах. Научный ежегодник «Средневековые тюрко-татарские государства». 2014. №. 6. Стр. 122).

Бұл пікірдің кейбір тұсы біршама жөнге келеді, бірақ М. Ж. Сәбитов те сөз арасында: «В 1710 году в Кара-кумах собрались представители в основном Младшего Жуза (плюс несколько семей кипчаков и найманов). Часть собравшихся людей предлагала бежать от хунтайджи за Волгу, некоторые предлагали подчиниться ему. Букенбай из рода Табын (не Канжигалы) резко выступил против этого, воодушевив народ, который назначил его начальником войска, а ханом утвердил Абулхаира», – деп бұрынғы ғалымдардың негізсіз долбар сөзін қайталайды.

Нақты құжаттарға сүйеніп, Жоңғар хандығының тарихына байланысты жағдаяттың бәріне егжей-тегжейлі тоқтаған, сонымен бірге өзге жұрттармен қарым-қатынастарын да баяндаған И. Я. Златкиннің «История Джунгарского ханства (1635-1758)» (Москва, 1983); Н. Н. Пальмовтың «Этюды по истории приволжских калмыков. (Часть I. XVII и XVIII века)» (Астрахань, 1926); Н. Н. Пальмовтың «Этюды по истории приволжских калмыков. (Часть II. XVIII век)» (Астрахань, 1927); В. М. Бакуниннің «Описание калмыцких народов, а особливо из них торгоутского, и поступков их ханов и владельцев (сочинение 1761 года)» (Элиста, 1995); Н.Я. Бичуриннің «Историческое обозрение ойратов или калмыков с XV столетия до настоящего времени. 2-е» (Элиста, 1991); А.М. Поздневтің «Въ исторія зюнгарскихъ калмыковъ» (С-Петербургъ, 1887) атты еңбектерінде, сан мәрте ақтарып, сүзіп шыққан басқа да бірнеше ондаған дереккөзде 1710 жылы Қарақұмда өткен Қаракесек жиыны жөнінде, сонан кейін болды дейтін қалмақ-қазақ шайқасы туралы тым құрыса бір ауыз мәлімет жоқ. Мүлде елеусіз қалдырған. Атамайды. Мұрағат деректерінде және жоқ. Мұның өзі аталмыш бас қосудың, анықтап айтқанда, Қаракесек жиыны (құрылтай емес!) тұтас Қазақ Ордасы мен Жоңғар хандығы үшін саяси жағынан елеулі оқиға ролін атқармағанын көрсетеді.

Қалмақтар Қарақұм, Ырғыз төңірегіне қай жақтан шабуылдап тұрған?

Ақиқатында Гавердовскийдің жазған оқиғасы – Қаракесек бірлестігі (Әлім-Шөмен) тұрақты жайлайтын Ырғыз, Елек, Ұлы Борсық құмы, Қарақұм өңірлері мен Байұлы, Жетірудың бір бөлігі көшіп-қонатын Жем, Сағыз төңірегіне келіп, мал-жанға шабуылдап тұратын барымташы қалмақтармен батыс аймағының шағын ауданында ғана өткен қақтығыс. Олар Еділ асып келетін құба қалмақтар болуы да мүмкін. Бұл – пайымымыздың бір нұсқасы. Бұған қатысты өзге де пікіріміз бар. Оны да баяндап өтейік.

В.А. Моисеев жоңғар-қазақ тарихына байланысты түзген еңбегінде архивте сақталған (ААН, ф. 21. Портфели Г.Ф. Миллера, оп. 4, д.18, л. 424 об.) Сыбан-Рабданның Цин императоры Кансиге 1698 жылы жазған хатының мәтінін келтірген, бүй депті ол: «Я Хасахсого ордою начал войну не от доброй воли, но великому принужденю. Причина тому, от чего сия война возросла, есть следующая: прежде сего хасакского хана, Тауке называемого, сын Галданем поленен и от него в подарок к Далай-Ламе послан был» (Қараңыз: Моисеев В. А. Джунгарское ханство и казахи (XVII-XVIII вв): – Алма-Ата, Ғылым, 1991. С. 61).

В. А. Моисеев осы оқиғаны архивтен (ЦГАДА, ф. Зюнгорские дело, оп. 113. 1699 г., д. 1, л. 1,2.) алған мына мәліметтермен әрі қарай былай деп толықтырады:«...ходил де Эрдени Журукты-контайша на Казачью орду войною и на Чуе и на Талаше реках улусные их кочевья разорил и многих улусных ево (Тауке-В.М.) люди побил, а тысяч з десять в полон взял». Общая численность ойратских войск, вторгшихся в Южный Казахстан, по свидетельству русских людей, очевидцев тех событий, составляла 40 тыс.человек» (Қараңыз: Моисеев В.А. Джунгарское хансто и казахи (XVII-XVIII в.) – Алма-Ата: Гылым, 1991. Стр. 62).

Осы оқиғадан кейін қалмақтар өздері жаулап алған Шу, Таласпен шектелмей, солтүстіктегі Ұлытауға да жақындаған сықылды. В.А. Моисеев бұған: «Калмаки, – писал Л.А. Гольденбург, – в конце XVII в. были смежны с западной стороны с народам с Казачьею ордою по Талаш и по Чуйчкую реками и через камен Улутау» (астын сыздық.-Б.К.), – деген пікірді айғаққа келтіреді (Қараңыз: Моисеев В.А. Джунгарское хансто и казахи (XVII-XVIII в.) – Алма-Ата: Гылым, 1991. Стр. 62).

Ғалым Г. Конкашпаев өз еңбегінде Ұлытаудың маңындағы өзендердің бірінің атауын «Белеуты» (Белеутты), ур. Гривистый» деп көрсеткен. (Қараңыз: Конкашпаев Г.К. Словарь казахских географических названий». – Алма-Ата: Издательство Академии наук Казахской ССР. 1963. Стр. 31.)

«Урочище» – «тоғайлы сай-сала», «батпақты», ал «гривистый» сөзі – «жалды» деген ұғымдарды беретіні баршаға белгілі. Өзен төңірегіндегі жер бедері, көрніс негізге алынып, «белеуты» атауының мағынасы осылайша жорамалданған тәрізді.

«Белеуты» немесе «білеуті» сөздерінің нендей мағына беретіні жайында нақты мәлімет жоқ. Қазақ тілінің түсіндірме сөздіктерінде мүлде кездеспейді. 1698 жылы Қазақ ордасының біраз жерін қалмақтардың басып алуына байланысты шығар бұл атаудың пайда болуы деген ойға келген ек...

Ақыры мағынасын қолымыздағы моңғол-қазақ сөздігінен ұшыраттық, онда бүй деп көрсетілген:

а) «Билүү. I. Білеу, қайрақ...»;

ә) «Билүүдэ-х. Қайрау, өткірлеу: хутга – пышақ қайрау...» (Қараңыз: Базылхан Б. Монгол-казах толь. Өлгий, 1984. 75-бет.)

Бұны одан әрі бекіте түсейік. «Большой современный русско-монгольский ...» аталатын тағы бір сөздікте былай делінген:

а) «Точильщик. Билүүдэч»;

ә) «Точильный. Билүүн, гуранзан, билүүдэх...» (Қараңыз: Кручкин Ю. Большой современный русско-монгольский – монгольско-русский словарь = Орос-монгол – монгол-орос орчин үеийн хэлний дэлгэрэнгүй толь бичиг // Ю. Кручин. – М.: АСТ: Восток – Запад, 2006. Стр. 522.).

Осы деректерге сүйенсек, «билүүн», «билүүдэч» «билүүдэх» сөздерінің қазақ фонотекасына икемделіп, «білеуті» боп орныққаны анық байқалып тұр. Білеуті өзенінің маңайында әрқилы пішініндегі тастардың молдығын да ешкім жоққа шығара алмайды.

Демек, В.А. Моисеев келтірген зерттеуші Л.А Гольденбургтің: «Калмаки в конце XVII в. были смежны с западной стороны с народам с Казачьею ордою по Талаш и по Чуйчкую реками и через камен Улутау» (астын сыздық.-Б.К.), – деген пікірі шындыққа жақын (Қараңыз: Моисеев В.А. Джунгарское хансто и казахи (XVII-XVIII в.) – Алма-Ата: Гылым, 1991. Стр. 62).

Олай болса, XVIII ғасырдың басында Қарақұм, Ырғыз төңіректерін жайлаған рулардың мал-жанына ауық-ауық шабуылдап, тынышын алған Білеуті («билүү», «билүүдэч», «билүүдэх») өзені бойында 1698 жылғы жеңістен соң 1726-1728 жылдарға шейін тұрақтап қалған қалмақтардың бір шоғыры болуы да бек мүмкін. Бұл болжамымыз шындыққа келіңкірейді. Өйткені тарихи деректерді шолғанда осы жойқын соққыдан кейін қатты мәңгіріп, күші едәуір кеміп қалжыраған Қазақ ордасының өз территориясын жаудан түгелдей тазарта алмағаны байқалады...

Қалмақтар қоныс қылған Еділ бойына қарағанда Қаракесек (Әлім-Шөмен) тайпасы мекендейтін Қарақұм, Ырғыз өңірлеріне Ұлытаудың маңындағы Білеуті өзені әлдеқайда жақын (Қараңыз: 3-суретте, картада Білеуті өзені). Шамамен 400-450 шақырымдай. Киіз туырлықты көшпелі қазақ пен қалмаққа бұл о заманда аса қашық саналмаған. Қарақұмның бір бөлігін, оңтүстік-шығыс жағын ежелден жайлап жүрген қыпшақтар мен наймандардың санаулы шаңырағының аталған Қаракесек жиынына қатысуы да олардың жаудың талауына жиі ұшырап, әбден запы болуынан еді. Үрей билеген жұрттың сол кездегі, 1710 жылғы хал-ахуалын көрсеткен «...другие хотели оставить жилища свои и спасаться бегством за реку Волгу» деген сөздер де қауіп-қатердің батыстан емес, оңтүстік-шығыс тұстан, Ұлытау жақтан төнгеніне куәлік беріп тұр. Бұл жайттар – қалмақтардың бір бөлігінің Білеуті өзені бойында шоғырланып, 1698 жылдан 1726-1728 жылдарға дейін тұрақтап қалғанын айғақтай түседі...

1

Қарақұмда өткен бас қосудың «Қаракесек жиыны» аталуының себебі

Қарақұмда өткен бас қосуды «Қаракесек жиыны» деп атауының да мәнісін аша кетелік түсінікті болу үшін, шежіреде былай делінеді: Алшыннан – Алау. Алаудан – Құдияр Тентек. Құдияр Тентектен – Қаракесек. (шын есімі – Кәдірқожа). Қаракесектен – Әлім, Шөмен.

Әлімнен – Жаманақ (Шекті) Қарамашақ (Төртқара), Айнық (Қарасақал), Ұланақ (Қаракесек), Тегенболат (Қарасақал), Тойқожа (Кете).

Ал Шөменнен – Шөмекей, Дөйт (ұрпақ жоқ). Шөмекейден – Тоқа, Көнек, Аспан, Бозғұл. Міне, осы он тайпа ел «Қаракесек» атанған.

Жолбастаушы Әлімнің рубасыларының бірі – Қаракөбек би мен оның жақыны Боранбай жол үстінде Я. Гавердовскийге Бөгенбай батырдың өлімін, ол жерленген шоқының тарихын әңгімелеп бергенін әлгінде айтып өттік. Сонда осы деректерден бұрын олардың алдымен баяндаған Қарақұмдағы бас қосуға қатысты мәліметтерін жол-сапар күнделігінің басқа тұсында, «О происхождении орды киргизской и происшествих до нынешнего времени» деген 2-тарауында: «Киргизцы рассказывают, что он среди жаркого спора, разорвав на себе одежду и повергнув в круг совета меч свой, говорил в исступлении...» деген сөздермен бастап, әңгімелеп шыққан. Мұның толық мәтінін зерттеуіміздің басында мана келтірген ек...

«Обозрение Киргиз-кайсакской степи или описание страны и народа киргиз-кайсакского» аталатын еңбекті атүсті шолған еріншек һәм шалағай тарихшылар осындағы Қаракесек жиынына қатысқан «Буканбайдың» және қалмақтармен шайқаста өлген «Буканбайдың» бір адам екеніне өрелері жетпей, Қарақұмдағы оқиғаны біресе Қанжығалы Бөгенбайға, біресе Табын Бөкенбайға таңып, әсірелеп, сан құбылтып, әуре боп жүр...

Қаракесек жиыны турасындағы деректі беруші Қаракөбек би тек Гавердовскийдің еңбегінде ғана аталмаған, басқа да архивттік құжатта есімі кездеседі. Өз заманында салмақты тұлғаның бірі болғаны айқын аңдалады (Қараңыз: ЦГА РК. Ф. И-4. Оп. 1. Д. 496. Л. 58-59).

Қаракөбек би 18-ғасырдың бас кезінде дүниеге келген деп шамалаймыз, қалай болғанда да жобасы соған соғып тұр. 1710 жылы Қарақұмда өткен жиынның оқиғасына куә болғандардың бірсыпырасы бұл ес білген кезде бар. Оларды көргені анық. Демек, Гавердовскийге берген мәліметтері оның солардан тікелей естіп, білгені екені де еш даусыз, талассыз – ақиқат! Олай болса, кейбіреулердің «Гавердовский не деректі берушілер Табын Бөкенбай батырды қалмақтармен шайқаста өлді, қазіргі Ырғыз ауданы территориясындағы шоқыға жерленді деп жаңсақтасқан» деуі – еш дәйегі жоқ бөстекі сөз.

Табын Бөкенбайдың тарихи тұлға екені, батыр екені рас. Ешкім жоққа шығармайды. Сыртқы жаулармен өткен шайқастарда қолбасшы болған дейді. Бұл соңғы уақыттарда әсіресе, руластары тарапынан жиі айтылып жүр. Шынымен сол рас болса, ол қай соғыстарда сондай жауапты міндеттерді мойнына алды, архивтік деректермен, басқа да тарихи құжаттармен куәландыруы тиіс дер ек. Әжем айтты, атам айттымен емес. Құр долбармен емес. Бұл – кейінгілер үшін өте керек ақиқат! Бөкенбай тек Табынның жеке батыры емес, қазаққа ортақ тұлға...

Хош, осы тұстан сөзімізді қайырайық.

Сонымен пікірімізді тәмамдай келе айтпағымыз, Я. П. Гавердовскийдің «Обозрение Киргиз-кайсакской степи или описание страны и народа киргиз-кайсакского» делінетін қолжазбасында (Рукописный отдел ЛОИИ СССР АН СССР. Коллеция № 115, д. № 495) Бөгенбайды «Буканбай» деп қате жазғанын «Табын Бөкенбай» деп қабылдау, Табын Бөкенбайдың тағдырына, кейбіреулердің өздерінің бұрмалаған әрекеттеріне қайшы келетін тұстарды «Гавердовский не оған деректі беруші Қаракөбек би қателескен» деп бүркемелеуге тырысуы – теріс сөзім қалайда оң саналуы керек деген менмен тоңмойындықтан, таяздықтан!

Бөрібай КӘРТЕН,

Ақтөбе қаласы.