19 жастағы қазақстандық спортшы Олимпиада тарихи нәтиже көрсетті
Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы қысқы Олимпия ойындарында шаңғы трамплинінен секіру жарыстары аяқталды.
Финалдық кезеңге үздік 30 спортшы жолдама алып, олардың қатарында Қазақстан құрамасының екі өкілі – Данил Васильев пен 19 жастағы Илья Мизерных болды.
Жарыс қорытындысы бойынша Олимпиада ойындарының дебютанты Илья Мизерных 281,6 ұпай жинап, сегізінші орынға ие болды. Бұл – Қазақстан құрамасының шаңғы трамплинінен секіру бойынша Олимпиада тарихындағы ең үздік көрсеткіші.
Ал Данил Васильев 235,9 ұпаймен 27-орынға тұрақтады.
Алтын жүлдені словениялық Домен Превц (301,8 ұпай) иеленді. Күміс медаль жапониялық Рен Никайдоға (295,0 ұпай) бұйырса, қола жүлдені польшалық Кацпер Томащак (291,2 ұпай) жеңіп алды.
Осылайша, жас спортшы Илья Мизерных Қазақстанның қысқы Олимпиада ойындарындағы жетістіктер шежіресіне жаңа тарихи нәтиже қосты.