2022 жылы қандай негізгі кадрлық тағайындаулар болды
2022 жылы бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Осы орайда Жас Алаш ҚазАқпарат агенттігі ұсынған жыл бойы жүргізілген тағайындауларға қорытынды шолуды ұсынады.
Атап айтқанда, жыл басындағы қаңтар оқиғасы жоғары деңгейдегі қызметтерде болған біраз лауазымды адамның ауысуына ықпал еткені анық. Осы орайда Кәрім МәсімовҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымынан босатылды.
Арада бірнеше күн өткеннен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы және өзге де тұлғалар ұсталып, уақытша оқшаулағышқа қамалды.
Жыл басында Президент Жарлығымен Үкімет таратылды.
Сонымен қатар, Мұрат Бектанов та Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі лауазымынан босатылып, оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 452-бабы әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
5 қаңтар күні Қырымбек Көшербаев ҚР Мемлекеттік хатшысы лауазымынан босатылды.
Сол күні бұл қызметке Ерлан Қарин тағайындалды. Кейіннен ол ҚР Мемлекеттік кеңесшісі лауазымына бекітілді.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып Мұрат Нұртілеу тағайындалды.
6 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ермек Сағымбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалды.
Берік Құнанбаев ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары және «А» Арнаулы мақсаттағы қызметінің директоры лауазымына келді.
Осы күні Әсет Ерғалиев Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы болды.
Президент Жарлығымен Сәкен Исабеков Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы лауазымына тағайындалды.
Ал Шыңғыс Әрінов ҚР Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінің бастығы болды.
8 қаңтарда Мемлекет басшысының өкімімен Азамат Әбдімомынов ҚР Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары лауазымынан босатылды.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының бірінші орынбасары лауазымына Ғабит Садырбеков бекітілді.
11 қаңтар күні ҚР Премьер-Министрі лауазымына Әлихан Смайылов тағайындалды.
Осы күні ҚР Үкіметінің жаңа құрамы жарияланды:
Роман Скляр – ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары; Ералы Тоғжанов – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары; Мұхтар Тілеуберді – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі; Бақыт Сұлтанов – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі; Ғалымжан Қойшыбаев – ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы; Ерлан Тұрғымбаев – ҚР Ішкі істер министрі; Асқар Омаров – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі; Ербол Қарашөкеев – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі; Қанат Сергейұлы Мусин – ҚР Әділет министрі; Асхат Аймағамбетов – ҚР Білім және ғылым министрі; Ажар Ғиният – ҚР Денсаулық сақтау министрі; Серік Шәпкенов – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі; Қайырбек Өскенбаев – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі; Ерұлан Жамаубаев – ҚР Қаржы министрі; Дәурен Абаев – ҚР Мәдениет және спорт министрі; Юрий Ильин – ҚР Төтенше жағдайлар министрі; Әлібек Қуантыров – ҚР Ұлттық экономика министрі; Бағдат Мусин – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі; Серікқали Брекешев – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі; Болат Ақшолақов – ҚР Энергетика министрі.
Дархан Жазықбаев ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы лауазымына тағайындалды.
Мұнымен қоса,Ержан Қазыхан ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары – ҚР Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі болса, Аида Балаева ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары лауазымына келді.
ҚР Президенті Іс басқарушысы қызметіне Айбек Дәдебаев тағайындалды.
13 қаңтарда Тимур Сүлейменов ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болды.
14 қаңтар күні ҚР Премьер-Министрінің өкімімен Марат Бекетаев ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі болып тағайындалды.
17 қаңтарда Мемлекет басшысының өкімімен Самат Әбіш ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымынан босатылды.
Мемлекет басшысының өкімімен Серік Сүлейменов ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі лауазымынан босатылды.
19 қаңтарда Руслан Жақсылықов ҚР Қорғаныс министрі лауазымына тағайындалды.
25 қаңтарда Нұрлан Әбдіров ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы лауазымына тағайындалды. Осы орайда оның Сенат депутаты ретіндегі өкілеттігі тоқтатылды.
31 қаңтар Мемлекет басшысының Жарлығымен Бақытжан Сағынтаев Алматы қаласының әкімі лауазымынан басқа жұмысқа ауысуына байланысты босатылды.
Осы орайда қала әкімі лауазымына Ерболат Досаев тағайындалды.
1 ақпан күні ҚР Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісіне Нұрлан Нығматулиннің өкілетігін тоқтату туралы ұсыныс енгізді. Сонымен қатар ол «Nur Otan» партиясының саяси кеңесінен шығарылды.
Сол күні Ерлан Қошанов ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы болды.
ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы лауазымына Мұрат Нұртілеу тағайындалды.
3 ақпан күні Ғалымжан Пірматов ҚР Ұлттық банкінің төрағасы лауазымына тағайындалды.
Мемлекет басшысының өкімімен Болат Жорабаев ҚР Қарулы Күштері Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы лауазымына келді.
12 ақпанда Әмірбек Оспанбеков ҚР Президентінің Қазақстан Республикасы Парламентіндегі Өкілдігінің басшысы лауазымына тағайындалды.
25 ақпанда Олжас Бектенов ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болды.
Марат Ахметжанов Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі болып тағайындалды.
Бұрынғы министр Ерлан Тұрғымбаев ҚР Президентінің кеңесшісі болды.
Ғизат Нұрдәулетов Қазақстан Республикасының Бас прокуроры лауазымынан босатылып, ҚР Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы қызметіне келді.
Әсет Исекешев Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы лауазымынан босатылып, ҚР Президентінің көмекшісі болып тағайындалды.
2 наурыз күні Мемлекет басшысының өкімімен Берік Асылов ҚР Бас прокуроры болды.
25 наурызда Мемлекет басшысының өкімімен Маржан Әкімжанова ҚР Президенті Іс басқарушысының орынбасары болып тағайындалды.
29 наурызда Ерұлан Жамаубаев ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі қызметіне тағайындалды. Ерұлан Жамаубаев ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі қызметіне тағайындалды,
5 сәуірде Мемлекет басшысының өкімімен Дархан Ділманов ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры лауазымынан босатылды.
7 сәуірде Серік Шәпкенов ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымынан босатылып, Атырау облысының әкімі болып тағайындалды.
Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының әкімі болды.
Жамбыл облысының әкімі лауазымына Нұржан Нұржігітов тағайындалды.
11 сәуір күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне Тамара Дүйсенова келді.
1 маусымда бұрынғы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық Экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі болып тағайындалды.
11 маусымда ҚР Білім және ғылым министрлігі екіге бөлініп, ҚР Оқу-ағарту министрлігі және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылды. Асхат Аймағамбетов Оқу-ағарту министрі, Саясат Нұрбек ҚР Ғылым және жоғары білім министрі лауазымына тағайындалды.
Осы күні Жетісу облысының әкімі болып Бейбіт Исабаев, Нұрлан ҰранхаевАбай облысының әкімі, Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі, Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалды.
14 маусымда ҚР Президентінің Жарлығымен Бақытжан Сариев ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы болды.
8 шілде күні Мемлекет басшысының келісімімен, Бас прокурордың бұйрығымен Дастан СекеновБас әскери прокурор болып тағайындалды.
15 тамызда Бақыт Сұлтанов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі лауазымынан босатылды. Кейіннен ол Еуразиялық экономикалық комиссия Коллегиясының жаңа мүшесі (Министрі) болды.
16 тамызда Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Омаров ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы қызметіне келді.
31 тамыз күні Премьер-Министрдің орынбасары қызметін атқарған Ералы Тоғжанов Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалды.
Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысының әкімі лауазымынан босатылды.
Осы орайда Дархан Сатыбалды Түркістан облысының жаңа әкімі лауазымына тағайындалды.
2 қыркүйекте Серік Жұманғарин ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі қызметіне тағайындалды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Асқар Омаров ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі лауазымынан босатылып, ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры болды.
Ал «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы болған Дархан Қыдырәлі Ақпарат және қоғамдық даму министрі лауазымына тағайындалды.
26 қыркүйекте Мемлекет басшысының өкімімен Руслан Қоңыров ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Әскери әуе күштерінің қолбасшысы болды.
1 желтоқсанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Құмар Ақсақалов Қостанай облысының әкімі болды.
Осы күні Айдарбек Сапаров Солтүстік Қазақстан облысының әкімі лауазымына тағайындалды.
2 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысының әкімі лауазымына Нариман Төреғалиев тағайындалды.
7 желтоқсанда Асайын Байханов Павлодар облысының әкімі лауазымына тағайындалды.
8 желтоқсанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қарағанды облысының әкімі болып Ермағанбет Бөлекпаев тағайындалды.
Аталған облыстың бұрынғы әкімі Жеңіс Қасымбек Астана қаласының әкімі болды.
Осы күні Жақып Асанов Жоғарғы Сот төрағасы қызметінен босатылды.
Сенаттың жалпы отырысында ҚР Жоғарғы сотының төрағасы болып Асламбек Мерғалиев сайланды.
9 желтоқсанда елорданың бұрынғы әкімі Алтай Көлгінов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
29 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Эльвира Азимова ҚР Конституциялық Сотының төрағасы болды.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына Артур Ластаев бекітілді.
Осы күні Дәурен Қосанов ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы лауазымына тағайындалды.
Нұртас Қабақов ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы лауазымына тағайындалды.
30 желтоқсан күні Мемлекет басшысының Жарлығымен Қанат Мусин ҚР Әділет министрі лауазымынан босатылып, ҚР Конституциялық Соттың судьясы болды.