2025 жылғы Нобельдің бейбітшілік сыйлығы Трампқа бұйырмады

2025 жылғы Нобельдің бейбітшілік сыйлығы Венесуэладағы оппозициялық саясаткер Мария Корина Мачадоға берілді.
Бұл туралы шешімді Норвегияның Нобель комитеті Ослода өткен баспасөз мәслихатында жариялады.
Комитет төрағасы Йорген Ватне Фриднес Мачадоның елдегі демократиялық құқықтарды қорғаудағы «тынымсыз еңбегін» атап өтті.
«Ол Венесуэла халқының еркіндігі мен әділ сайлау құқығы үшін батыл күрес жүргізді. Демократия тек тәуекелге қарамастан алға шығуға дайын адамдар арқылы өмір сүреді», – деді Фриднес.
Демократия үшін күрестің символына айналған тұлға
Мария Корина Мачадо — Венесуэладағы Николас Мадуро режиміне қарсы қозғалыстың басты көшбасшыларының бірі. 2024 жылы ол президенттік сайлауда оппозиция атынан түсуі тиіс еді, алайда билік оның кандидатурасын тіркеуден бас тартқаннан кейін, оның орнына Эдмундо Гонсалес Уррутиа ұсынылған.
Сайлаудан кейін елде наразылық толқыны күшейіп, Мачадо мен оның серіктері қауіпсіздік мақсатында жасырынуға мәжбүр болған. Кей сарапшылар оның өміріне қауіп төніп тұрғанын ескерткен.
Нобель комитеті әзірге Мачадоның 10 желтоқсанда Ослода өтетін салтанатты марапаттау рәсіміне қатыса алатынын нақтылаған жоқ.
Биыл 338 үміткер ұсынылған
Биыл Нобельдің бейбітшілік сыйлығына 338 үміткер ұсынылған: олардың 244-і жеке тұлға, ал 94-і ұйым. Бұл кейінгі жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Былтыр сыйлық жапондық Nihon Hidankyo қауымдастығына (Хиросима мен Нагасаки атом жарылыстарынан зардап шеккендер ұйымына) берілген болатын.
2023 жылы марапат ирандық құқық қорғаушы Наргес Мохаммадиге, ал 2022 жылы — Ресей, Беларусь және Украина құқық қорғаушыларына («Мемориал», «Весна» және Украинадағы Азаматтық бостандықтар орталығы) табысталған еді.
Мачадо кім?
Мария Корина Мачадо — Венесуэлада еркін сайлау мен саяси реформалар үшін күресіп жүрген ең ықпалды оппозициялық саясаткерлердің бірі. Ол ұзақ жылдар бойы Мадуро үкіметінің авторитарлық саясатына қарсы шығып, халықаралық қауымдастықты елдегі адам құқықтарының бұзылуына назар аударуға шақырып келеді.
Мачадоны Нобель комитеті «Венесуэланың бейбіт және әділ жолмен демократияға өту процесін бастауға қосқан үлесі үшін» марапаттады.
Нобельдің бейбітшілік сыйлығы — Ослода табысталады. Оны Альфред Нобельдің өсиеті негізінде 1901 жылдан бері жыл сайын әлемде бейбітшілік пен халықтар арасындағы ынтымақты нығайтуға зор үлес қосқан тұлғалар мен ұйымдарға береді.
Бейбітшілік сыйлығымен қатар жыл сайын физика, химия, медицина, әдебиет және экономика салаларында да Нобель сыйлықтары табысталады.
Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамптың бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын алуға қатты ұмтылып жатқаны туралы БАҚ-та хабар тарады.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, ол жария түрде де, жабық кездесулерде де өз кандидатурасын қолдауға қатысты іс жүргізген.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде Трамп:
«Барлығы менің бейбітшілік үшін Нобель алуым керек деп айтып жүр», – деген.
Оның айтуынша, өзі де, АҚШ та «Авраам келісімдері» деп аталатын – Израиль мен бірқатар араб елдері арасындағы қатынасты қалыпқа келтірген тарихи келісім үшін лайықты мойындауға ие болмаған. Бұл құжаттар 2020 жылы, Трамптың алғашқы президенттік мерзімі кезінде қабылданған еді.
Сондай-ақ президент 2025 жылдың қаңтарында Ақ үйге қайта оралғаннан бері кемінде алты соғысты тоқтатқанын жиі қайталайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ТРАМПТЫҢ «АЛТЫ СОҒЫСТЫ ТОҚТАТТЫМ» ДЕГЕНІ ҚАНШАЛЫҚТЫ РАС?
Оның тізімінде тіпті Үндістан мен Пәкістан арасындағы, сондай-ақ Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығыстар да бар. (Басылым Трамп кейде Арменияны «Албаниямен», ал Әзербайжанды «Камбоджамен» шатастыратынын атап өтті.)
Алайда Трамптың «бейбітшілік жолындағы жетістіктерін» барлығы бірдей мойындап отырған жоқ. Сыншылардың айтуынша, ол аталған соғыстарда арағайындық рөл атқармаған,
көп жағдайда қақтығыстардың өзі әлдеқашан тоқтаған немесе шағын көлемде болған.
Bloomberg жазғандай, Трамптың Нобель комитетіне ықпал ету әрекеттері қыркүйек айының соңында АҚШ-тың жоғары әскери басшылығымен өткен кездесуде де байқалған.