25 миллионның малын ұрлағандар ұсталды
Түркістан облысында тұрғындардың малын ұрлап, 25 миллион теңге шығын келтірген 5 күдікті сотталды.
Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қылмыстың өтеуі-жаза» екендігі баршамызға белгілі. Дегенмен өкініштісі, оңай жолмен пайда табу мақсатында ұрлық-қарлық жасайтындар да баршылық… Ұрылар жайылымда қараусыз жүрген, қоршауы әлсіз қора-жайда тұрған төрт түлікті үптеп кетуде. Осындай қылмыспен Сарыағаш ауданында мал ұрлаумен айналысқан ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Нақтырақ айтсақ, Сарыағаш аудандық Полиция бөліміне бірнеше жергілікті тұрғын арызданып, жайылымда жүрген 24 бас жылқы мен 15 сиырды белгісіз біреулердің ұрлап кеткенін жеткізді. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның көлемі 25 000 000 теңгені құрады.
Жедел-тергеу тобы ақпарат алысымен оқиға орнына аттанып, жедел шараларды жүргізді. Орын алған мал ұрлығы қылмыстарын ашу, күдіктілерді ұстау мақсатында тәртіп сақшылары қарқынды қызмет атқарды. Мал таситын көліктерді, мал базарларды мұқият тексеріп шықты. Полиция қызметкерлері бастаған жедел уәкілдердің жан-жақты іздестіруі нәтижесінде, мал ұрлығына қатысы бар күдіктілердің жеке басы анықталды. Күдікті ретінде танылған 5 жергілікті тұрғын анықталып, полиция бөліміне жеткізілді.
Белгілі болғандай күдікті адамдар тобы өзара сөзбайласумен ұрлық жасаған. Яғни күдіктілер ұрлық жасайтын жерді белгілеп, арнайы көлік жалдап, ұрланған малдарды тиеген.
Полицейлер істі толығымен аяқтап, айыптау актісімен бірге сотқа жолдады. Нәтижесінде сот үкімімен күдікті деп танылған 5 азаматтың 2-еуі 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылса, ал қалған 3 азаматқа 7 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.