Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:41

26 жыл күткен жүлде

Сұлтанғали
Фото: ҰОК

Қыркүйек айының 13-21 аралығында Хорватия астанасы Загреб қаласында күрес түрлерінен жылдың басты бәсекесі – әлем чемпионаты өтті. «Загреб Аренада» еркін, грек-рим және әйелдер күресінен 10 салмақ дәрежесі бойынша медальдар сарапқа салынды.

Турнирге 100-ге жуық елден 1 200-ден аса балуан қатысты. Халықаралық күрес федерациясының шешімімен Ресей және Беларусь балуандары бейтарап спортшы ретінде бақ сынады. Қазақстан атынан Хорватияға 30 спортшы аттанған. Олардың арасында Олимпиада, әлем және Азия чемпионатында жүлде алған тәжірибелі спортшылар болды.

Еркін күрес:

Әділет Әлмұхамедов (57 келі),

Асылжан Есенгелді (61 келі),

Начын Куулар (65 келі),

Нұрқожа Қайпанов (70 келі),

Әлібек Әбдіқасым (74 келі),

Болат Сақаев (79 келі),

Азамат Дәулетбеков (86 келі),

Камил Куруглиев (92 келі),

Ризабек Айтмұхан (97 келі),

Әлішер Ерғали (125 келі).

Бас бапкер Мадияр Құрамысов таңдаған құрамда еркін күрестен Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан, 2024 жылы әлем чемпионы атанған Нұрқожа Қайпанов, үш дүркін Азия чемпионы Азамат Дәулетбеков сынды даңқты балуандар болған. Бірақ нәтиже аса көңіл көншітпейді. Бұл жолы бізге бұйырғаны – екі қола медаль. Хорватияда астанасында Асылжан Есенгелді (61 келіге дейін) мен Нұрқожа Қайпанов (70 келіге дейін) үшінші орыннан көрінді.

Асылжан ширек финалда Олимпиада чемпионы, ресейлік Заур Угуевтен жеңілген. Бірақ Угуев финалға шығып, біздің балуан жұбаныш белдесуіне жолдама алды. Есенгелді жұбаныш белдесулерінде қарсыластарын сенімді түрде жеңіп, шешуші сында америкалық Джексон Форрестен басым түсті. Осылайша әлем біріншілігінің қола медаліне қол жеткізді.

Ал былтырғы әлем чемпионы Қайпанов бұл жолы қола жүлдені қанағат тұтты. Үшінші орын үшін өткен белдесуде ол молдовалық Василий Дьяконды сенімді түрде жеңді. Бірақ Нұрғожаға биыл мамандар «камбэк шебері» деген бейресми атақ берді. Ол қатарынан екі рет есепте ұтылып жатып, жеңіске жетті. Іріктеу сынында 0:4 есебімен ұтылып жатқан жерінен америкалық Питер Дюкті жеңді. Ширек финалда мексикалық Остин Гоместен 0:6 есебімен ұтылып жатып, 10:8 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетейік, тәуелсіз Қазақстан тарихында еркін күрестен әлем чемпионы атанған екі-ақ балуан бар. Оның бірі – біз жоғарыда атаған Ризабек Айтмұхан. Ол 2023 жылы Сербия астанасы Белградта 92 келіге дейінгі салмақта топ жарды. Оған дейін күрестің бұл түрінен қазақстандық ешбір спортшы әлем біріншілігінде жеңіске жете алмаған. Ал 2024 жылы Албания астанасы Тиранада Нұрғожа Қайпанов алтын медаль алды. Ол финалда жапон балуаны Йосиносуке Аоягиді жеңді. 1993 жылдан бері Қазақстан құрамасы еркін күрестен 21 жүлдеге қол жеткізген. Оның екеуі алтын, бесеуі күміс, 14-і қола медаль.

Қыздар күресі:

Светлана Анкичева (50 келі),

Зейнеп Баянова (53 келі),

Зульфия Яхьярова (55 келі),

Лаура Алмағанбетова (57 келі),

Виктория Хусаинова (59 келі),

Тыныс Дүбек (62 келі),

Бейбіт Сейдуалы (68 келі),

Жәмила Бақбергенова (72 келі),

Эльмира Сыздықова (76 келі).

Бұрымды балуандарымыз Хорватия төрінен медальсіз оралды. Бас бапкер Қайрат Сағадиев бастап барған 10 спортшының ешбірі жүлдеге таласа алмады. Зейнеп Баянова, Лаура Алмағанбетова, Тыныс Дүбек және Бейбіт Сейдуәлі іріктеу кезеңінен өте алмады. Виктория Хусаинова мен Зульфия Яхьярова 1/8 финалда сүрінді. Светлана Анкичева жұбаныш белдесуінде ресейлік Элизавета Смирноваға жол берді.

Қазақстан құрамасының үздіктері Жәмила Бақбергенова мен Эльмира Сыздықова да алғашқы айналымнан аса алмады. Өз салмағында әлемдік рейтингте бірінші тұрған Бақбергенова қырғыз балуаны Нурзат Нуртаеваға есе жіберді. Ал Олимпиаданың қола жүлдегері Сыздықова италиялық Энрике Ринальдиден жеңілді.

Айта кетерлігі, Жәмила Бақбергенова бұған дейінгі 4 әлем чемпионатында қатарынан жүлде алған болатын. Атап айтқанда, 2021, 2022 және 2024 жылдары күрміс жүлдегер атанды. Ал 2023 жылы қола медальге қол жеткізген.

Грек-рим күресі:

Марлан Мұқашев (55 келі),

Айдос Сұлтанғали (60 келі),

Ержет Жарлықасын (63 келі),

Дін-Мұхамед Қошқар (67 келі),

Мерей Мәулетқанов (72 келі),

Демеу Жадыраев (77 келі),

Әлмир Төлебаев (82 келі),

Ислам Евлоев (87 келі),

Рахат Бержанов (97 келі),

Әлімхан Сыздықов (130 келі).

«Классиктер» бәйгесінде бізге бұйырғаны бір медаль ғана. Дегенмен сол жалғыз жүлденің құны өте жоғары. Оны тарихи медаль деуге негіз бар. Өйткені араға 26 жыл салып, қазақстандық балуан грек-рим күресінен әлем чемпионы атанып отыр. 60 келіге дейінгі салмақта Айдос Сұлтанғали Загребте қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты. Финалда Сұлтанғали Өзбекстан балуаны Алишер Ганиевті 9:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңді. Айдос бұған дейін екі мәрте әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған (2018, 2022 жылдары).

Сұлтанғали Хорватиядағы турнирдің іріктеу сынында АҚШ өкілі Максвелл Хоппер Блэк пен Мелкаму Фетенені (Израиль), ширек финалда Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының қола жүлдегері Сеун Лиді (Солтүстік Корея) жарыс жолынан шығарды. Жартылай финалда грузиялық балуан Амиран Чавадзеді (Грузия) жеңді. Ал ақтық сында өзбек спортшысын бір минутқа жеткізбей оңай ұтты.

Қазақстан құрамасы грек-рим күресінен соңғы рет өткен ғасырда, 1999 жылғы әлем чемпионатында алтын медаль алған. 63 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Мхитар Манукян Грекияның Пирей қаласында өткен біріншіліктің финалында түрік балуаны Сереф Ероғлыны жеңіп, екі дүркін әлем чемпионы атанған болатын. Манукян 1998 жылы Швеция жерінде де алтыннан алқа таққан.

Еркін күреспен салыстырғанда грек-рим күресінен алған алтын медаліміз көбірек. Манукяннан бөлек Бақтияр Байсейітов (1998 жыл) пен Юрий Мельниченко (1994 және 1997 жыл) әлем біріншілігінде топ жарған. Бірақ мұның бәрі ХХ ғасырдағы жетістік. Жаңа ғасырда ешбір «классик» бұл биікті бағындыра алмай жүрген. Сол олқылықтың орнын Айдос толтырып отыр. Демек енді грек-рим күресінен Қазақстаннан шыққан 4 әлем чемпионы бар, олар жалпы 6 алтын медаль алды.

Қуаныш Қаппас