Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 15:48

27 мың теңгең болса – үздіксің

судент
Фото: ашық дереккөз

Өткен аптаның соңында Қазақстан мен ТМД-ның «ең үздік студенттері» анықталды. Олар бірнешеу немесе он шақты емес, жүздеп саналады...

 Ал бұл марапатты кім берді, неге сүйеніп берді деген сұрақтарды қазбалай бастап едік, халықаралық дәрежедегі «атақ» алудың құны небәрі 27 мың теңге екенін білдік. 

Ұйымдастырушы Bilim-orkenieti ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы тек үздік студентті анықтап қана қоймай, 100 дарынды оқушыны, ең мықты педагог пен дәрігерді, еңбек сіңірген мамандар мен кәсіпкерлерді де марапаттайды екен. Неге ғылыми-инновациялық орталық атанғанын кім білсін, бірақ ресми сайттары мен жаңалықтарын қарап отырсақ, айналысатындары тек конкурс өткізіп, ақша жасау. Ал меншік түрі бір дереккөздерде қоғамдық қор болса, екіншісінде ЖШС деп көрсетіліпті.

«Бұл сайысқа құжат қабылдау басталғанын инстаграм әлеуметтік желісінен көріп қалдық. Қатарлас досым өзінің алдындағы студент аға-әпкелерінің осы конкурсқа қатысқанын, шарты мен жүлделі болу жағы аса қиын емес екенін айтты. Бастысы, республикалық, халықаралық деңгейдегі алғыс хат, дипломдарың болса болғаны. Әлгі досым екеуміз тиісті қағаздарды жинап, өткіздік, мотивациялық хат жаздық. Содан соң тиісті жарнаны, 27 мың теңгені төледік.

Танысып қарасам, екі түрлі марапат бар екен. Бірі – ТМД-ның үздік студенті, екіншісі – Қазақстанның үздік студенті. Қайсысын алатынымызды білген жоқпыз. Астанаға марапаттауға шақырды. Онда әдемі статуэтка мен төсбелгі, диплом табыстады. 100 шақты қазақстандық, 80 шақты шетелдік студент марапатталды», – дейді 4-курс студенті Жалғас Оспанов (өз өтінішімен аты-жөні өзгертілді).

Еліміздегі ұлттық, мемлекеттік университеттердің бірнеше студентімен тілдесіп, осы сарындас жауап алдық. Алайда олардың ешбірі марапаттың кімнің атынан берілгені туралы білмейтін болып шықты. Білімгерлер «министрліктен шығар», «білмеймін», «қазір күте тұрыңызшы, дипломнан қарап жіберейін» деп абдырап жатты. Негізі онда «Жаңа Қазақстан» республикалық инновациялық орталығы мен Bilim-orkenieti ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының мөрі және оның басшылары Б.Н.Сәлімгерей мен А.Б.Сатылғанованың қолы тұр. Атауы мен мөрі бөлек екі мекеме шын мәнінде бірге жұмыс істейтін секілді. Олардың құрылтайшылары да бір адам болған – Әзірет Сатылғанов. Тіпті телефон нөмірлері де ортақ.

Ұйымдастырушыларға байланысып, ТМД мен Қазақстанның үздіктері қалай анықталғанын, қандай критерийлер қойылғанын, қанша студент іріктелгенін сұрадық. Одан бөлек, ЖШС-ның ТМД деңгейіндегі халықаралық атағы қаншалықты легитимді екеніне қызығушылық таныттық. Жарна мен оның құны, қайда жұмсалатыны туралы да сауал қойдық. Алайда «Bilim-orkenieti» орталығының ресми өкілі жауапты бірнеше күннен кейін жолдайтынын айтты. Ал «Жаңа Қазақстанның» мамандары Bilim-orkenieti орталығы басшысының орынбасарына сілтеп, барлық сұрақтарға осы кісі жауапты деді. Бірақ орынбасар Ернұр Қуанышбекұлынан да жауап алу мүмкін болмады.

Ресми сайтында тағы да басқа талаптар мен құжаттар тізімі, осы секілді өзге де конкурстың түр-түрі тұр. Ал жарна туралы мәлімет көрсетілмепті.

Өткен жылы үздіктер қатарынан көрінгеніне «ұялатын» студент бұл жүлдені «балалық» деп атады.

«Өткен жылы ТМД-ның, одан кейін Түркі елдерінің үздік студенті деген атақ алдым. Әрине, ақша төлеп. Жетістігіңе де қарайды. Бірақ мықты-мықты белестерді бағындырған қаншама студент бар. Соның конкурсқа құжат өткізбегені, жарна төлемегені ТМД үшін де, Түркі елдері үшін де үздік емес... Бүгінде Еуропада білім алып жатырмын. Көп нәрсеге көзқарасым өзгеруде, өсіп келем. Соның ішінде, кезінде қатты қуанған осы статуэтка мен дипломға күлкім келеді. Бұл бір балалықтың белгісі ме деймін.

Жалпы адамдар, қазақтар мақтанды жақсы көреді ғой. Сол сайыс-сымаққа қатысу үшін мақтанудан басқа мотив те жоқ. Одан соң, портфолиоға пайдасы тиеді. Резюмеге кіргізесің. Шындығына келсек, жарна төлеп алу дегенді бала оймен түсінбей қаласың да. Ал ұйымдастырушылар кім болса соған атақ беріп жүр. Үздік атанғандарды қарасаң, араларында баланс та, байланыс та жоқ. Деңгейлері салыстыруға да келмейтіндері көп. Тіпті марапаттау кезінде «СНГ мен РК-ның үздіктеріне» таңғалдым. Бәрі бір-бір телефонда отырды, соңынан суретке түсті де қайтты. Конференция мен баяндамалар, айтылып жатқандар ешкімді алаңдатпағандай әсер қалғаны есімде. Еліміздегі өзге де ресми форумдар секілді іш пыстырарлық жиналыс қана», – дейді Диас Сабыров (өз өтінішімен аты-жөні өзгертілді).

Иә, біздің қоғамда атақ пен марапатқа құмарлық дерті баршылық. Бұл ауру бала-шаға мен студенттерге де жеткен секілді. Университет пен мектепті қойғанда, балабақшалардың өзі конкурстан конкурсқа көз ілестірмей, бүлдіршіндердің бәсекесіне назар аударып отырады. Алайда бұл бәсекелер сапа мен мазмұнға негізделген бе, әлде қағаз бен орын, мақтан маңызды ма деген сұрақ туындайды. Бұл туралы бірнеше жылдардан бері жастар саясаты бағытында еңбек етіп келе жатқан, республикалық «Жайдарман» ойындарының чемпионы Орынбасар Серікбай пікір білдірді:

«Қарғасы көп орманның бұлбұлына марапат бұйырмайды. Біздің бүгінгі жағдайымыз да осыған ұқсас. Өзім облыс деңгейінде жұмыс істеп жүрмін. Тәжірибеме қарап айтсам, жыл сайын өңірдің үздіктерін анықтайтын әртүрлі сайыстар мен номинацияларға портфолио сұралады. Оны жинап, өткізу де өзіңді қорлау кейде. Қанша, қандай еңбегің сіңіп жатса да, Қырғызстан, Өзбекстан секілді жақын да болсын шетелдегі «халықаралық деңгейге» шығып келгендер «үздік» атанады. «Осылар атымызды шығарып жүр ғой» дейді. Сайыстың шынайы деңгейі қандай екені ескерілмейді де. Демек, мазмұн көп жағдайда назардан тыс қалады. Дәл сол сияқты, басқа марапаттарда да формалдылық пен «креслоның» жиі араласатыны ешкімге жасырын емес. Қазақстандағы конкурстың коррупциясыз өтетіні сирек. Жоқ та шығар. Себебі бәрі жанталасып, сондай бір диплом мен орынға, сертификат пен атаққа ұмтылады. Мейлі, адамның атаққұмарлығын пендешілік делік. Бірақ оның әлеуметтік сипат алып бара жатқаны қорқытады. Бұл құбылыстың қоғаммен астасып кетуі қиын жағдай.

Ең сорақысы да сол, ақшаға алған, таныспен жеткен марапаттарың портфолио болып жиналып, бюджеттік қызметке орналасарда ескеріледі. Әсіресе «госслужбада» «ТМД-ның үздігі», «республиканың дарабозы» сынды атақтар әжептәуір бағаланады. Ал енді солай көтерілген басшының басқарып отырған саласы оңа ма? Ондай маманның жұмысы жүре ме?».

Расында, қоғамның жаппай марапатқа құмартуы оның әлеуметтік лифтіде немесе өмірде бағалануына да байланысты. Әдетте, адамдар мақтау мен мадаққа, атақ пен сыйлыққа өзін құнды сезініп, табысты көріну үшін ұмтылады. Ал жақсырақ жұмысқа орналасып, жайлырақ келісімдер жасау мақсатында белгілі бір «трофейлерді» жинау, соны мақсат ететін түсініктің болуы адамның емес, қоғамның проблемасы дейді әлеуметтанушы Әнел Әлібекова.

«Кеңестік кезеңде тәрбиеленгендердің белгілі бір шаблондардан шыға алмай жүргені белгілі. Бірақ оны жастарға, балаларымыз бен жеткіншектерімізге сіңіруден аулақ болғанымыз жөн. Соның ішінде атақ пен мақтау қағазға деген құмарлық та әлеуметтік мәселеге айналып отырғандай. Бір қарағанда, жай ғана бір адамның алып жатқан сертификаты немесе статуэткасы. Ал шын мәнінде жалпыға тән дерт. Қоғам болып мақтау мен оның қағазда расталған нұсқасына қарай жүгірер болсақ, мәселелер де көп күттірмейді. Өйткені тек сыртқы мадаққа негізделген қоғам өзін-өзі жетілдіру мен еңбекқорлықтан, шынайылықтан айырылады. Осылайша, адамның не істей алатыны емес, қолында қандай дәлел-атрибуттары бар екені маңыз ала бастағанда қоғамдық кризис те жетіп келеді. Себебі ешкім бір нәрсені істеп үйренуге тырыспайды. Бәрі форма мен құжаттың қамын күйттейді. Сәйкесінше, аты дардай болғанымен қолынан түк келмейтін, біліктілігі төмен кадрлар сапасыз қызмет көрсетіп, сапасыз өнім өндіреді. Компетенциясы қағаз жүзінде ғана барлар сала-саланы әлсіретіп, жүйелік «неэффективность» қалыптасады. Өз кезегінде әлеуметтік даму мен мемлекеттік алға жылжуы да баяулайды.

Қазір де осының белгілері жоқ емес. Азаматтарымыз: «Екі диплом керек, магистратура алып алайық, «гостест» тапсыра салу керек еді, осы «обучениеден» өтсем, айлығыма 10-20 пайыз қосады» дегенді жиі айтып жүр. Жоғарыдағы үздік студент пен мектептердегі ақылы олимпиадалар да осының бір тармағы. Мұндай формалдылықтың шегі мен шекарасы болады. Соны білмей қалып, қателессек, зардабы да тек өзімізге тиеді».

Баян Мұратбекқызы

Тегтер: