30 жыл оппозицияда болған Қуанышәлин
70 жыл салтанат құрып, «Халықтар түрмесі» атанған Кеңес одағы 1991 жылы өздігінен тарап кетті.
Ең қызығы, КСРО жұртында одақты құрған басты ел – Ресей де, оның туысқан елдері Беларусь пен Украина да емес, амалсыздан отар болған, үш ғасыр бойы тепкі көрген – Қазақстан қалды.
1991 жылы 8 желтоқсанда Беловеж келісімі жасалып, Ресей, Украина және Беларусь елдері ресми түрде КСРО-ның ыдырағанын жариялады. Бұған дейін КСРО құрамындағы 15 елдің 14-і тәуелсіздігін жариялап қойған еді. Тек Қазақстан билігі одақ ыдырағаннан кейін де тәуелсіздігін жариялауға асықпай, 8 күн бойы КСРО-ны сақтап қалуға тырысқан.
Одақ орнында қалмайтыны анық болған соң ғана, 16 желтоқсанда, 8 күн бұрын ыдырап кеткен, жоқ одақтан тәуелсіздік алдық. Сол кезде көзімен көрген кісілердің айтуынша, билік басындағылар арасында екіұдай көзқарас қалыптасып, әліптің артын бағып отыра берген. Сол кездегі Жоғарғы Кеңес депутаты, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров әу баста тәуелсіздікті 25 тамызда жариялау жөнінде жоспар болғанын айтып жүр. Алайда әлдекімдердің шешімімен, қастерлі мереке Желтоқсан оқиғасымен бір күнге белгіленген.
1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР-ның мемлекеттік егемендік туралы декларациясы жарияланған сәттен бастап елдің саяси өмірі қыза түсті. Азаматтық қозғалыстар құрылып, халық шынайы тәуелсіздікке ұмтылған жылдар орнады. Сол кезден бастап билікке шынайы оппозиция болған тұлғалардың бірі – Жасарал Қуанышәлин еді.
Қуанышәлин 1991 жылы қазаннан 1994 жылдың басына дейін «Азат» қозғалысының бірінші орынбасары, қозғалыстың жетекшісі болды. Бұл жылдар жас егемен елдің еңсе тіктеп, қалыптасу барысындағы маңызды кезеңі еді. Қуанышәлин 1994 жылы Қазақстан парламенті депутаты болып сайланып, онда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына әділ баға беру, жазықсыз азаматтарды жазалағандарды жауапқа тартуды талап етті.
Ж.Қуанышәлин Қазақстан билігінің тәуелсіздік жариялауға асықпай, көш соңында қалғанын былай деп еске алады: «1991 жылғы ГКЧП оқиғасынан соң қазан айында өткен бірінші съезінен кейін «Азат» қозғалысы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын билікке оппозициялық бағытқа көшіп, Қазақстанның толық тәуелсіздігіне қол жеткізу мақсатын қойды. Сол жылдары «Азаттың» Алматыдағы наразылық акцияларына халық көп жиналатын. Бейресми ұйымдар өкілдерімен толыққан «Азат» қозғалысы ұсынған мемлекеттік тәуелсіздік туралы идеяны қабылдағысы келмеген билік жұрттың ең соңында жалғыз қалып, тәуелсіздік декларациясын лажсыз жариялағаны да мәлім».
Қазір экс-президенттің еңбегі туралы «шекараны шегендеді» деген сөзді көп айтамыз. Бірақ әу баста Назарбаевқа шекара белгілеу туралы ұсынысты Қуанышәлин бастаған «Азат» қозғалысы ұсынған. Сол кезде бұрынғы президент шекараны шегендеуге аса құлықты болмаған көрінеді. «Біздің қозғалыс көтерген тағы бір маңызды мәселе – шекараны белгілеп, бекіту туралы талап болатын. Оған президент Назарбаев: «Онда Қазақстан халқын бүкіл шекара бойына қаз-қатар тізіп қоюға тура келер еді» деген уәж айтқанымен, кейін өмірдің өзі біз көтерген мәселенің дұрыстығын көрсетті, Қазақстан да әлемдегі кез келген мемлекет тәрізді өз шекарасын белгіледі» дейді саясаткер.
Қазақстан ел қатарлы тәуелсіздік декларациясын жариялап, егемендікке ұмтылып жатқан тұста ел ішіне іріткі салатын теріс пиғылды топтар да пайда болды. Мысалы, 1991 жылы қыркүйекте Орал казактары Ресей патшасына қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өтіп, Қазақстанның тәуелсіздік алуына кедергі келтірмек болды. Қуанышәлин «Азат» қозғалысымен бірге осы шараның өтуіне тосқауыл қойып, үлкен қақтығыстың алдын алуға үлкен үлес қосты.
«1994 жылы парламентке сайланғаннан соң Желтоқсан оқиғасына қатысты мәселені қайта көтердім, тағы да күрестік. Ақыры күресіміз жеңіске ұласып, Желтоқсан оқиғасын зерттеу үшін парламенттік комиссия құрылды. Бірақ 1995 жылы Конституциялық сот шешімі негізінде парламент таратылып, ол комиссияның жұмысы аяқсыз қалды. Қазіргі билік өзінің араласы болғандықтан, Желтоқсан оқиғасының шындығын жабулы қазан күйінде қалдыруға мүдделі. Бірақ түбінде шындық жарыққа шығарына кәміл сенемін», – деген еді бір сұхбатында.
Қуанышәлиннің айтуынша, 1991 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Желтоқсан оқиғасында қызметін асыра пайдаланып, жазықсыз жандарға жәбір көрсеткендер жауапқа тартылатынын айтып, «Жасарал, ондайлар қызметінен кетеді. Кетіп те жатыр! Біз олармен айналысамыз» деп, уәде берген. Бірақ экс-президент сөзінде тұрған жоқ, ешкім жазаға тартылмады. Билік Желтоқсан оқиғасының шындығын ашуға құлық танытпады. Саясаткер кейінгі сұхбаттарында билік Желтоқсанға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жойып жібергенін айтып жүрді.
1993 жылы билік Жоғарғы Кеңесті таратып, мерзімінен бұрын сайлау белгіледі. 1994 жылы наурызда өткен Тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы парламент сайлауында Қуанышәлин бір мандатты округте өзін-өзі ұсынған 59 депутаттың бірі болып, мандат алды. Саясаткер осы мүмкіндікті барынша пайдаланып, жұмыс істеуге тырысты. Оның айтуынша, бұл парламентте өзге де оппозициялық депутаттар көп болып, президентке ұнамаған. Сондықтан ол парламентті күштеп таратып жіберген.
«Өкінішке қарай, 1995 жылы біз жеңіліс таптық. Н.Назарбаев Конституциялық соттың «қолымен» парламентті жойып жіберіп, кейін Конституциялық сотты азусыз Конституциялық кеңеспен алмастырды. Егер ол парламентті таратып, антиконституциялық қадамға бармағанда біз ол кезде орасан зор жұмыстар атқаратын едік деп сеніммен айта аламын. Бүгінде елде демократия мен экономика едәуір жақсы болар еді. Жалпы сол кездегі парламент менің ойымша, біздің еліміздегі неғұрлым демократиялы, тәуелсіз және қабілетті парламент болды.
Парламентті таратуға бірнеше себеп болды. Биліктің жүйкесін шындап жұқартқан оппозициялық депутаттық «Прогресс» тобы пайда болды. Оның құрамында 177 депутаттың 77-і болды. Бұлар парламент спикері Ғазиз Алдамжаровқа дауыс берген депутаттар, бірақ билік тағы да қитұрқы істеріне басып, оны орнынан тайдыруға қол жеткізді. «Прогрестің» іс-әрекеттері Н.Назарбаевтың мазасын алғаны соншалық, ол «бүлікшіл» парламентті заңсыз таратудан басқа амал таппады», – деп еске алады Ж.Қуанышәлин.
Қуанышәлин 1991 жылғы тамыздан бастап билікке оппозицияға шыққанын айтады. Ол сол ұстанымынан 2023 жылы мамырда өмірден өткенге дейін тайған жоқ. Сол кездегі президентті, саяси жүйені ашық сынап, күресіп өтті. Оның 2000 жылдардың басында айтқан «Қазақстандағы жағдай Сталин заманына ұқсап барады» деген сөзі елдегі саяси жүйенің диагнозын дәл қойған еді.
Еламан Өмірхан