Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:45

350 студенттің тағдыры: министрдің өзі заңсыздықты кешіре салады

Саясат Нұрбек
Фото: из открытых источников

Өткен айда ғана Ақтөбедегі Қазақ-Ресей халықаралық университеті 350 студентті оқудан шығарамыз деп, ата-аналар наразылық білдірген. Арты үлкен шуға ұласып, министрлік өкілдері барды. Тараптар ымыраласқандай болды. Бірақ бұл даудың астарында жай ғана қате бұйрық тұрған жоқ.

 

Сәуір айында 350 студент оқудан шығарылатыны хабарланып, оған себеп оқу ақысының төленбеуі мен студенттердің сабақтан тым жиі қалуы екені айтылды. Университеттің ресми өкілдері: «Барлығы 350 студент оқудан шығарылды: олардың 91-і оқу ақысын төлемегені үшін, ал 259-ы – сабаққа 40 сағаттан артық себепсіз қатыспағаны үшін. Ақпанда университетте ректорлық тексеріс басталды. Қорытындысы осындай» деп түсініктеме берген. Кейіннен БАҚ беттерінде «Осы хатпен сізге «МВУЗ ҚРХУ» ЖШС 2024–2025 оқу жылының соңында өз қызметін тоқтататынын хабарлаймыз. Бұған себеп – студенттердің 90 пайызы сабаққа қатыспауы және ішкі бақылау нәтижелері. Университеттегі оқу процесі 2024–2025 оқу жылының соңында толығымен тоқтайтынына байланысты, басқа ЖОО-ға ресми түрде ауысу қажеттігін ескертеміз. Ағымдағы семестр аяқталған соң, 2025–2026 оқу жылының басынан бастап таңдалған университеттерде оқуды жалғастырыңыздар» деген мәтін тарай бастады. Бұл университет әкімшілігінің студенттерге таратқан хабарламасы көрінеді. Тағы: «Бір мәселе екінші мәселені ашты. Соңында университеттің иелері бұл бизнесті жабу туралы шешім қабылдады. Студенттер басқа университеттерге ауыстырылады, ешкім далада қалмайды» деген түсініктеме шықты.

Осының бәрін түсінбей дал болған ата-аналар мен студенттер журналистерді шақырып, қала әкімдігіне шағымданған. Олар оқудың ақысын да, сессиядан өту «құнын» да толық төлеп отырмыз, баламды неге оқудан шығарады деп наразы болған. Яғни ата-аналар ашық түрде университет оқытушыларының пара алғанын айтып отыр. Пікірін ашық айтқан студенттердің бірі Фируза Кенисбаева: «Бір апта сабаққа барып жүрдім. Бірақ менен басқа ешкім келмеді. Кейін оқытушылар өздері сабаққа қатыспауға да болады деді. Енді келіп, мені оқудан шығарғанын естідім. Өткен жылы оқу үшін 400 мың теңге, биыл 500 мың теңге төледім. Енді мені жай ғана сыртқа лақтырып жібергендей болды», – десе, келесі бір ата-ана: «Біз оқу ақысын уақытында төлеп жүрміз. Жылына 600 мың теңгедей. Жасырып қайтеміз, қызым арасында сабағынан қалады. Бірақ бұл университетте студенттердің басым бөлігі солай оқиды. Әр сессия үшін 30-40 мың теңгеден төлеп жүрміз. Енді оқудан шығарылады деп отыр», – дейді.

Демек, университет бәрін «ақшамен жабуға болады» деп, артынан сабаққа қатыспағаның үшін деп оқудан қуған. Оның үстіне оқу жылы аяқталуға аз қалған кезде. Алайда ғылым және жоғары білім министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің комиссиясы келіп, 350 студентті оқудан шығару заңсыз деп таныды. Комиссия оқудан шығару туралы бұйрыққа 18 наурызында қол қойылғанын, бұйрықтың тек орыс тілінде жазылғанын әрі заң талаптарына сай арнайы жүйеде мәртебелердің өзгертілмегенін анықтаған. Оның үстіне, университет пен студент арасындағы келісімшартта сабаққа 40 сағат қатыспау оқудан шығаруға негіз болады делінсе, университеттің ішкі ережелерінде 60 сағат деп көрсетіліпті. Осының бәрінен соң, 350 студент сессиясын тапсырып, қолдарына транскрипт алып, бірақ кететін болды.

Біз мұны нақтылау үшін университет әкімшілігіне хабарластық. ЖОО өкілі бұл ақпаратты растады, фейктердің көп таралып жатқанын айтып, тікелей хабарласқанымызға алғыс білдірді. Айтуынша, университет жабылады деген бұйрық әлі шығарылмаған. Ондай шешім қабылданса, ресми түрде хабарлайтындарын жеткізді. Ал Ақтөбе облысының студенттік омбудсмені Темірлан Алдажаров:

«Бұл ситуациямен жақсы таныспын. Шу туындай бастаған уақыттан-ақ біргемін. Ата-аналар мен студенттердің алаңдаушылығы күшейген кезде министрлік өкілдері арнайы келді. Ол жиындарда да бірге жүрдім. Жақында ғана комитеттің жауапты мамандары мен ата-аналар, студенттер қатысқан онлайн кездесу болды. Бәрі шешілді. Студенттер сессияларын тапсырып жатыр. Транскриптерін алған соң ғана басқа оқу орнына ауысады. Ол 350 білімгердің әрбірімен министрлік мамандары жұмыс істеп, қайда ауысу, кредиттер айырмасы мен құжат рәсімдеу жағын түсіндіретін болады», – деді.

Студенттік омбудсменнен аталған ЖОО-дағы академиялық адалдық мәселесі жайында да сұрадық. Оның сөзінше, расымен университет тарапынан бақылау, қадағалау тұрғысынан олқылықтар кеткен. Яғни студенттерге сабаққа қатыспауға «жазылмаған рұқсат» болған. Соған сеніп, ақшасы төленді ғой деп жүргенде, оқудан шығаратындарын айтқан.

Нұрбектің сасқан жері осы болды

Жалпы, Қазақ-Ресей халықаралық университеті 1994 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде 17 мамандық бойынша кадр әзірлейді. Соның ішінде менеджмент және басқару, қаржы, банктік және сақтандыру ісі білім беру бағдарламалары бойынша магистратура мен докторантура оқытады. Бұрынғы репутациясы қандай болғанын кім білсін, беріде жекеменшік ЖОО грант бұйырмағандар келіп, ақылы түрде оқып, диплом алатын университетке айналған. Мұндай имиджбен танымал университеттер мен колледждер Қазақстанның қай өңірінде болсын бар. Олардың көпшілігі тиісті нормалар мен стандарттарға сай келмесе де, ашықтан ашық жұмыс істеп келді. Соның бір мысалы – ҚРХУ. Басы дауға қалған соң жасалған тексерістер өз алдына, осыдан үш жыл бұрын ғана ЖОО-ны жауапты комитет тексеріп, оқу орны тексеру парағының 46 тармағының 32-сін бұзғаны белгілі болды. Соның ішінде, дәрістерді біліктілік талаптарына сай келмейтін оқытушылар оқығаны анықталған. Мәселен, «Әуе көлігін пайдалану» мамандығы бойынша базалық білімі бар оқытушы «Мектепке дейінгі білім берудегі инновациялық технологиялар» және «Бастауыш мектептегі тәрбиелік жұмыс теориясы мен әдістемесі» пәндерін жүргізген. Ал дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы музыкалық өнер теориясы мен әдістемесі бойынша сабақ берген. Тағы кейбір оқу кабинеттерінің ауданы санитарлық нормаларға сәйкес болмаған. Оған қоса, соңғы бес жылда ғылыми мақаласы жарияланбаған оқытушылар магистрлік диссертацияларға ғылыми жетекшілік еткені, аттестаттау талаптарының бұзылғаны, студенттердің 96 пайызы кредиттерді шекті деңгейде меңгермегені белгілі болды.

Сол тексерістен соң бұл университеттің қалайша бас лицензиясынан айырылмағаны қызық. Енді министрлік «оқымайтын» 350 студентті орнында қалдырудан басқа амал таппаған сыңайлы. Өйткені өздері көз жұмып, өздері жұмыс істеуге мүмкіндік берген университет. Оның қандай жолмен диплом беріп жатқанынан да жақсы хабардар. Енді ата-аналар оқу ақысын бердік, сессиясын «ақшамен жаптық» деп тұрса, оған кімде қандай қарсы аргумент болуы мүмкін?

Диплом саудасы мен білім сапасы

Тура осы секілді нормалар мен стандарттарға сай келмейді деп жабылған ЖОО-лардың бәрі лицензиясын тартып алған ведомстводан қайтадан рұқсат алып, сәл ғана өзгертілген атаумен жұмыстарын жалғастырып келеді. Мысалы, бас лицензиясы кері қайтарылған З.Алдамжаров атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті, Шымкент қаласындағы «Мирас» университеті, Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті, тағы өңір-өңірдегі бірнеше ЖОО кідірместен талапкер қабылдап, түлек түлетіп, диплом беріп жатыр. Бұл туралы әлеуметтік желі қолданушылары: ««Мен заң саласын қашықтықтағы форматтан оқыдым. Сабаққа үнемі қатысатынмын. 18 студент отыратынбыз. Диплом алуға келсем, группаластарымның саны 18-ден әлдеқайда көп екен. Өмірінде сабаққа қатыспай, қызыл дипломдарын құшақтап бара жатқандарына таңғалғанмын»; «Қазақстанда жұмыс істеп жүріп, дипломын алып жатқандар көп. Олардан оқуға қалай үлгердің деп сұрай қалсаң, ай сайын айлығымнан салып тұрдым, жылына бәленбай, сессияға бәленбай төлейсің. Сөйтіп үш жылда, екі жылда диплом алдым дейді. Қорғау ше? Басқасы ше? Белгісіз»; «Біліп тұрсаң да, ақысын бермесең, сессиядан өткізбейтін оқу орындары көп. Студентті соңынан жүгіртіп, стипендияңнан немесе грантыңнан құлатамын деп қорқытады. Әрине, баланың білімі жетпесе лайықты бағасын қою керек. Бірақ кейбір оқытушылар тамағын майласаң болғаны, сенің дарының мен ізденісіңе қарамайды, сұраған балыңды қойып бере салады», – дейді.

Иә, біздің елде ЖОО-ның дипломын елден қалмау үшін ақшаға сатып алуға болады, магистратураны әлеуметтік лифтіде көтерілу үшін, ал докторантураны стипендиясы үшін оқитындар да көп. Осының бәріне «жағдай жасап беріп отырған» жауапты министрліктің өзі емес пе?

«Шын мәнінде диплом деген адамның біліктілігі мен қалыптастырған машығын құжат жүзінде айқындайтын қағаз ғана. Ал бізде оны культ ретінде көру белең алып тұр. Оқи алмайтын баланы ата-ана сүйреп әкеліп, ақылы негізде оқытады. Әупірімдеп, демеп жүріп, сессиясына, басқасына қолдан келгенше көмектеседі. Өз оқуының ақысын өзі өтеу үшін университеттің жүзін көрмей жұмыс істейтін жастар да көп. Мейлі, олар қолына дипломын алар. Бірақ мамандар ше? Біз біліксіз деп жүрген дәрігер де ақшамен оқыса, біз балама түк үйрете алмайды деген ұстаз сессиясын ақымен жауып жүрсе, кімнен не күтеміз? Әрине, сұраныс бар жерде ұсыныс бар дейміз. Бірақ дипломды саудалау заңсыз ғой. Ал бізде ешкім ондайға таңғалмайды да. Тіпті үлкен-үлкен схемалар қалыптасып, кейбір университеттер диплом шығаратын «фабрикаға» айналып кеткендей. Бакалаврды қойғанда магистрлікті де бармай, диссертация қорғамай алып жүргендер жоқ емес. Мұның бәрі кадр сапасы мен ғылымның болашағына зиян», – дейді әлеуметтанушы Дана Рахымғали.

Баян Мұратбекқызы