Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:32

5 алтын, 4 күміс. Сәрсекбаев сенмді ақтады ма?

Сәрсекбаев
Фото: ашық дереккөз

Тайландтың Бангкок қаласында 30 шілде мен 12 тамыз аралығында бокстан жастар арасындағы Азия чемпионаты өт­ті.

 World Boxing федерациясы ұйымдастырып отырған алғашқы құрлық біріншілігі жанкүйерлердің назарын аударғаны анық. Азияның кіл мықтыларының басы қосылған (25 елден 396 боксшы қатысқан) бұл додаға Қазақ­стан 19 спортшысын (10 ер, 9 қыз) ат тандырған болатын. 22 жасқа де­йінгі жастар құрамасының тізгінін Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев ұстаған еді (қыздарды Елдос Сайдиллин жаттықтырады). Сондықтан да жаңа ұйым ұйытқы болып отырған Азия чемпионатында Сәрсекбаевтың шәкірт­терінен қазақ жанкүйерлерінің жақсы нәтиже күткені анық еді.

Сонымен 11 тамыз күні ақтық сынға өткен Сәрсекбаевтың 5 шәкірті алтын үшін күш сынасты. Алдымен 60 келіге де­йінгі салмақта рингке шыққан Нұрислам Қалдыбаев өзбекстандық Шохрух Абдумаликовты 3:2 есебімен жеңіп, Азия чемпионы атанды. Одан соң 65 келіге де­йінгі боксшымыз Илья Калинин өзбек­стандық Саят Ильясовқа есе жіберді. Қорытынды есеп– 1:4. 

Бұдан ке­йінгі кезекте Нұрбек Мұрсал 70 келі салмақта тағы да өзбек боксшысы Мұхаммад Азизбек Исмоиловпен қолғап түйістіріп, 1:4 есебімен есе жіберді. Қазақ­стан құрамасына екінші алтынды 80 келіге де­йінгі салмақта өнер көрсететін Санжарәлі Бегалиев алып берді. Ол финалда өзбекстандық Рахматулла Бойматовты 3:2 есебімен жеңді. Ал соңғы финалдық тартысты бәсекеде 90 келі салмақта Темірлан Мұқатаев өзбек боксшысы Шохрух
Абдумаликовты жеңіп, Азия чем­пионы атанды.

Бұл бәсекеде бұрымды боксшыларымыз да аянып қалған жоқ. Ең жеңіл салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Гүлназ Бөрібаева ақтық сында өзбек боксшысы Робияхон Бахтиерованы 4:1, айқын басымдылықпен жеңіп, Азия чемпионы болды. Бұдан соң 70 келі салмақта бокстасқан Бақыт Сейдіш өзбекстандық Ойша Тоированы 5:0 есебімен жеңіп, чемпион атанды. Ал 75 келі салмақта бақ сынаған Шұғыла Нәлібай қытай қызы Ци Баоға есе жіберіп, Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Сондай-ақ аса ауыр салмақта (80+) жұдырықтасқан Әсел Тоқтасын үндістандық Ритикаға есе жіберді.

World Boxing ұйымының қолдауымен алғаш рет ұйымдастырылған Азия чемпионатының 22 жасқа де­йінгілер арасында финалдық бәсекелер аяқталды. Қазақ­стан жалпыкомандалық есепте екінші орын алды. Жерлестеріміздің қоржынында 5 алтын, 4 күміс. Өзбекстан құрамасы 8 алтын, 6 күміс, 4 қоламен көш бастаса, Қытай құрамасы 3 алтын, 4 қоламен үздік үштікті түйіндеді.
Тағы бір қуанарлық жайт, Гүлназ Бөрібаева Азия чемпионатының қорытындысы бо­йынша «үздік боксшы» атанды.

Финалдық кездесулерден ке­йін жастар құрамасының аға бапкері Бақыт Сәрсекбаев чемпионат­ты қорытындылап: «Бүгін өздеріңіз көрдіңіздер, финалға шыққан бес боксшымыздың үшеуі чемпион атанды. Ары қарай да жат­тығуды жалғастыра береміз, әсіресе кемшіліктермен көбірек жұмыс жасайтын боламыз. Балалардың бәрі де қорықпай, шаршамай, бар күшін салып жұдырықтасты. Мен ризамын», – деді.

Қалай десек те, жастарымыз бұл жолғы Азия чемпионатында аянып қалған жоқ. Ел боксының болашағы – жастар әлі де додаларда шыңдалып, байрағы­мызды биіктете беретіні анық. Әрине, алда істелетін жұмыс көп, атқарылатын шаруа­ да шаш-етектен, не дегенмен де Сәрсекбаевқа артылған сенім ақталған сыңайлы.

Қазақ­стан құрамасының бокстан Азия чемпионатындағы нәтижесі.
Алтын
48 келі. Гүлназ Бөрібаева (U22)
70 келі. Бақыт Сейдіш (U22)
60 келі. Нұрислам Қалдыбаев (U22)
80 келі. Санжарәлі Бегалиев (U22)
90 келі. Темірлан Мұқатаев (U22)
Күміс
65 келі. Илья Калинин (U22)
70 келі. Нұрбек Мұрсал (U22)
75 келі. Шұғыла Нәлібай (U22)
80+ келі. Әсел Тоқтасын (U22)

Тегтер: